Басты ақпарат

Бас қаланың 5 мешіті



Елордада күмбезі күнге шағылысып, мұнарасынан азан дауысы аспанға жететін мешіттер аз емес. Әрқайсысының орны да ерекше. Мұсылмандардың ғибадат үйі саналатын осы киелі орынға келушілер қатары жыл өткен сайын артуда. Әсіресе, қаланың орталығында орналасқан мешіттер ерекше көз тартады. Солардың негізгілеріне тоқталуды жөн көрдік.

[smartslider3 slider=3653]

 

«Әл-Фараби» мешіті

«Әл-Фараби» мешіті (бұ­рынғы Нұр-Астана) 2005 жылдың 2-наурызында ашылды. Ол елордадағы Есіл ауданының аумағында орналасқан.

Мешіттің жобасын ливандық сәулетші Чарльз Хафиза жасаса, құрылысының бас мердігері – Түркияның «Пасинер» компаниясы. Ішкі әрлендіру жұмыстарына отандық сәулетшілер мен дизайнерлер атсалысып, жазулар ислам каллиграфиясы мен араб графикасына сәйкес өрнектелген. Безендіру және көркемдеу жұмыстарының авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов. Қажетті материалдар мен бояулар Санкт-Петербург, Испания және еліміздің өз кәсіпорындарынан алынды.

Діни кешен ерлер мен әйелдердің ғибадатына арналған залдардан, әрқайсысы 62 м биікке созылған төрт мұнарадан, қос субұрқағы бар ашық ауладан және имамның ­үй­­­і­нен тұрады. Мешіттің іргетасы бетоннан, қабырғасы пеноблоктан тұрғызылған. Ішкі қабырғалары жартылай табиғи мәрмәрмен көмкерілген.

Ғимарат екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатында Құран оқу бөлмесі, неке қию залы және ерлерге арналған намаз бөлмесі, ал екінші қабатында әйелдерге арналған намаз оқу залы мен дәріс бөлмесі бар. Мешіттің жанында оқу ғимараты, жатақхана және кітапхана орналасқан.

5000 адам сыятын мешіттің алтынмен апталған бас күмбезінің биіктігі – 43 м. болса, одан өзге 25 кіші күмбезі бар. Ғимарат барлығы 3930 шаршы метр аумақты алып жатыр. Ал, мешіт орналасқан жердің көлемі 6,7 гектар. Төрт жолдың торабында орын тепкен ғибадатхананың айналасы жасыл саябақпен қоршалған.

[smartslider3 slider=3655]

«Әзірет Сұлтан» мешіті

Орталық Азиядағы ең әдемі әрі ең үлкен күмбезді мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешіті. Дәстүрлі ислам стилінде салынған ғибадат үйі Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайлары мен «Қазақ елі» монументі сынды айбынды нысандармен іргелес орналасқан.

Рухани орын 13 гектар жерді алып жатқан аумақта орналасқан, мешіттің жалпы аумағы 17, 7 мың шаршы метрді құрайды. Мешіт жобасы қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен ұлттық нақыштағы сәндік элементтері қолданыла отырып, классикалық ислам үлгісінде орындалған.

2012 жылдың 6 шілде күні салтанатты түрде ашылған имандылық ордасы үш қабаттан тұрады. Әр қабатта ғибадатхана залдары, неке қиюға және дәрет алуға арналған бөлмелер, құран оқуға және оқу-ағартушылық топтың сабақ оқуына арналған залдар, асхана бар. Мешітте ерлерге арналған 4 000 адамдық намаз залы, неке қию бөлмесі, кітапхана, әйелдерге арналған 1 000 орындық намаз залы, имам, наиб имам, азаншы бөлмелері орналасқан.

Мешіттің алдыңғы жағынан қабырғалары табиғи тастармен әрлендірілсе, темір-бетонды күмбездері металлмен көмкеріле өрілген. Оның биіктігі – 51, ені – 28,1 метр, жиегіндегі 8 күмбездің әрқайсысының ені 7,6 метр, ал вестибюль күмбезінің ені 15,2 метр.

Ғибадат үйінің айшықты келбетін 4 мұнара толықтырады. Олардың әрқайсысының биіктігі 77 метр. Мешітте 26 тірек бар, күмбез саны – 10, олардың диаметрлері – 10,45 метр. Жалпы құрылыс аумағы 18000 мың шаршы метрді құрайды. Сыйымдылығы – 12000 адам.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті

Ақмолалық жамағат 1943-1944 жылдары Құсайын деген азаматтың екі бөлмелі шағын үйін сатып алып, жөндеп мешіт еткен. Ол Ақмола өңіріндегі ең алғашқы мешіт болатын. Бұл мешіт жергілікті мұсылмандардың имандылыққа бет бұрып, өңірде Ислам дінінің қанат жаюы жолында жарты ғасырдан астам халық игіліне пайдаланылды.

Бүгінде ескі мешіттің орнында тұрған мешіттің құрылысы 1991 жылы басталып, 1996 жылы аяқталды. Ал, 2005 жылы Кеңес үкіметі тұсында 20 жыл (1952-1972) Қазақстан мұсылмандарының қазиы болған, Сарыарқа өңірінің тумасы, дін ғұламасы Садуақас қажы Ғылмани (Сәкен қалпе) аты берілді.

Екі қабатты мешіт құрылысы өзіндік сәулет үлгілерімен ерекшеленеді. Алыстан көз тартатын 42 метрлік мұнарасы мен үлкенді-кішілі 5 күмбезі бар. Ең үлкен күмбездің биіктігі – 22,5, қалған төртеуінің биіктіктері – 14,5 метр. Бірінші қабатта үлкен зал, вестибюль, құран оқитын, неке қиятын және имам бөлмелері жайғасқан. Бұдан басқа мешіт ғимараты ішінде кітапхана, сүндетке отырғызу кабинеті, сондай-ақ мешіт қызметкерлеріне арналған шағын асхана жұмыс істейді.

Намаз оқитын жамағаттың көбеюіне байланысты жыл сайын мешітті кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Қазір мешіт ішінде 1600 кісі емін-еркін намаз оқи алады.

«Ырыскелді қажы» мешіті

750 адамға лайықталған елордадағы ерекше мешіттердің бірі – «Ырыскелді қажы» мешіті. Ерекше дейтін себебіміз, мешітте баламалы энергия көздері қолданылады. Жоба авторы – Сағындық Жамболатов.

2018 жылы мамыр айында жамағатқа есігін айқара ашқан мешіт постмодерн стилінде салынған. Сырты дәстүрлі қазақи орнамент, сондай-ақ заманауи декор элементтерімен безендірілген. Сегіз қырлы 1 мұнарасы бар биіктігі 43,5 метрге жетеді. Күмбезі де – ерекше.

Жалпы аумағы 3695 шаршы метр болатын ғимарат қос қабаттан тұрады. Бірінші қабатында құран оқу бөлмесі, имамдардың кабинеті, бухгалтерия мен киім ілгіш орналасса, екінші қабаттағы ерлер мен әйелдер намаз оқитын 2 залда сабақ беретін қажетті құралдармен жабдықталған арнайы орындар бар. Неке қию залы да осында орналасқан.

«Төлебай» мешіті

2004 жылы ашылған мешіттің алдыңғы жағында ақшыл көк түсті 2 мұнара бар. Әрқайсысының биіктігі – 47 метр. Мешіттің үстіндегі ақшыл көк түсті 5 күмбездің биіктігі – 17 метр.

Ғимарат үш қабаттан тұрады: бірінші қабатында Құран оқу бөлмесі, әйел адамдардың намаз оқитын залы (350 адамдық), қосалқы төрт бөлме, сауат ашушыларға арналған сынып, жұмыскерлерге арналған бөлме орналасқан. Екінші қабатындағы үлкен залда 700 ер адам намаз оқи алады. Үшінші қабаты 192,5 шаршы метрді құрайтын балконнан тұрады. Онда шамамен 150 адам намаз оқи алады.

«Төлебай» мешітінің жалпы сыйымдылығы 1200-1300 адам.

Гүлбаршын Өкешқызы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button