Басты ақпарат

Бас қаланың басты мәселелері



Кеше Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Хабар 24» телеарнасына тікелей эфирде сұхбат берген еді. Еlorda Aqparat бас қаланың басшысы Алтай КӨЛГІНОВ сұхбатының мазмұнын жария­лады.

– Біздің студиямызға қош келдіңіз. Алдымен әкім ретінде рес­публикалық арналардың ішінде бізге алғашқы болып осындай кең көлемде сұхбат бергеніңіз үшін сізге рақмет айтамыз. Алғашқы сауалым үлескерлер жайында болмақ. Елордада бүгінде жалпы қанша проблемалы үй бар?

– Үлескерлер – қазір аса өзекті мәселелердің бірі. Бізде 51 нысан болса, оның ішінде 76-сы – көпқабатты үй. Бұлар – біраз уақыттан бері шешілмей келе жатқан мәселе. Елбасымыз бұл мәселенің шешімін табу үшін 40 млрд теңге қаражат бөлуді тапсырды. Соның 20 млрд теңгесі биыл бөлінді. Үлес­керлер мәселесі – Мемлекет басшысы­­ ­Қасым-Жомарт Кемелұлының бақылауында. Сондықтан біздің алдымызда тұрған үлкен міндет – осы мәселелердің оң шешімін табу. Біз екі айдың ішінде барлық 51 нысанды аралап шықтық. Әр үлескермен кездестік. Ол жерде 14 мыңның үстінде үлескер бар. 51 нысанның 29-ы – өте күрделі жағдайда. Яғни жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселе ғой. Мысалы, осы 29 нысанда 10535 үлескер бар. Бұл – тек бір адамнан санағанда. Егер отбасы мүшелерін қосатын болсаңыз, 3 немесе 5 есеге көбейеді. Ішіндегі ең өзекті мәселелер, біріншіден, сотқа жолданған мәселелер бар. Сот шешімі, құжаттары, жобалық-сметалық құжаттары жоқ. Немесе үй басталған, сосын жұмыс тоқтап қалған. Немесе қазандық қазған да, әрі қарай жұмыс жүрмей, тоқтап қалған. Алдындағы инженерлік желілерге жоба қажет. Жер учаскесінің де мәселесі бар, оны рәсімдеу керек. Сонымен бірге үлескерлердің өздерінің келісімшарттары қажет. Осындай бірқатар проблемалық мәселелерді анықтап, жоспар бекіттік. Ең бастысы, мемлекет оған үлкен қолдау көрсетіп отыр. Бірақ 40 млрд теңге деген бүкіл нысанға жетпейді. Сондықтан біз барлығын бюджеттің есебінен жасауды көздеп отырған жоқпыз. Инвесторларға тартымды жобалар бар. Қазір инвесторларды тартып жатырмыз. Инвесторларға ол қолайлы. Біріншіден, олар қаланың жақсы жерлерінде орналасқан. Әрине, бұрынғы құрылысшылардың қолынан келмеді немесе заңды сақтамады. Сондықтан олар қиындықтарға тап болды. Тартымды жобаларды инвесторларға беріп жатырмыз. Ондай жұмыстар жүруде. Біздің үлескерлер соны құптап отыр. Ал инвесторларға мүлдем тартымсыз немесе қаржылық моделі инвесторларға сай келмейтін жағдайда біз мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп отырмыз. «Елорда құрылыс» деген компания құрылды. Солар арқылы біз қаражатты береміз. Бірақ ол қаражат қайтарымды. Үйді салғаннан кейін үлескерлерге үйді береміз де, қалған пәтерлерді сатып, қаржыны мемлекетке қайтаруымыз қажет. Ал кейбір үйлер бар – 2004 жылдан бері олардың құрылысы тоқтап қалған. Енді оны бұзып, қайтадан демонтаж жасау керек. Оның орнына қайтадан үй салу қажет. Өкінішке қарай, ондай жобалар да бар. Біздің мақсатымыз – қазір үлескерлермен бірлесіп, осы мәселені шешу. Ол енді бір жылда шешілмейді. Біз қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді деп бөлдік. Биыл 10 үйді іске қосуды көздеп отырмыз. Алдағы уақытта 15 үй, одан кейін қалған үйлерді бітіреміз. Сонда 3-5 жылда біз оны түбегейлі шешуіміз қажет. Ол үшін үлкен жұмыс атқаруымыз керек.

– Қателеспесем, алғашқы болып жұмысты проблемалы үй – «Шығыс» тұрғын үй кешенінен бастадыңыз. Тұрғындармен кездестіңіз. Жылдарға созылған бұл проблема қашан шешіледі?

– «Шығыс» тұрғын үй кешенінің мәселесі былай, бұрынғы құрылысшы өзінің жауапкершілігін сезінген жоқ. Сөйтіп заң талаптарына сәйкес қиындықтар туындады. Сондықтан ол заң бойынша жауапқа тартылуы тиіс. Үлескерлерге қиындық тудырған кейбір азаматтар, өкінішке қарай, қашып жүр. Көбісі жауапқа тартылды немесе сотталды. Бірақ проблема қалды. Соның оң шешімін табу үшін мемлекет тарапынан қазір жұмыс істеп жатырмыз. «Шығысты» біз аяқтауға тиістіміз. Жұмыс жүріп жатыр. Ал басқа нысандар, қазір құжаты жоқ, олардың құжаттамасын рәсімдеп жатырмыз, кейбірінде қазандық қазылып қойған, жұмыс тоқтап тұр. Соған байланысты біз инвесторға тартымды болуы үшін қосымша жер беріп жатырмыз. Онда қаржы моделі инвесторларға қолайлы болады. Сонда инвестор өзінің қаражатына құрылысты салады да, үлескерлерге пәтерін береді.

– Жақында Нұр-Сұлтанның маңайындағы ауыл-аймақтарды дамыту керектігін айттыңыз. Жалпы, бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бір нәтиже бар ма?

– Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 16 жеке секторлы елді мекен бар. Оның біразы о бастан, Целиноград кезінен келе жатқан, ал қалғандары – жаңадан қосылған елді мекендер. Бұл мәселені шешуге Елбасымыз – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы осы жылдың басында қаланың шеткі аймақтарын дамыту жөнінде үш ірі қалаға – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентке жақын арада 90 млрд теңге бөлуге тапсырма берді. Сол тапсырмаға сәйкес биыл 7,5 млрд теңге бөлінді. Біз 16 елді мекеннің барлығын талдап шықтық, 280 мыңнан астам халық тұрады екен ол жерлерде. Ол біздің қала тұрғындарының 25 пайызын құрайды, яғни 1/4 сол жерде тұрады деген сөз. Осы аймақтардың, елді мекендердің мәселесін шешуге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасы бар. Үкіметпен бірге осы мәселелерді шешумен айналысып жатырмыз. Бізде елорданы дамытудың кешенді жоспары бар, кешенді жоспар – 5 жылдық. Онда ең өзекті мәселелердің бәрі бекітілген. Сол мәселелерге талдау жасағаннан кейін арнайы қосымша ретінде осы елді мекендерді дамыту жоспарын бекітеміз. Президентіміз халықпен қарым-қатынасты күшейтуді тапсырды. Біз барлық елді мекендерді аралап шықтық. Тұрғындармен кездестік. Сол жердегі мәселелерді 3 блокқа бөлуге болады. Біріншісі – инфрақұрылымдық мәселелер, ол – инженерлік желілер мен жолдар. Екіншісі – әлеуметтік нысандар. Ол – білім беру нысандары, мектеп, балабақша немесе дәрігерлік амбулатория, спорт нысандары. Үшінші блок – абаттандыру. Ол – тротуар, саябақ, жарықтандыру, аялдамалар, яғни адам өмірінің сапасын арттыруға бағытталған маңызды мәселелер. Соның бәрін блокқа бөлген кезде бірқатар мәселелерді біз жоспарға бекіттік. Бірінші кездесуден кейін жинаған сұрақтардың жиынтығын қарап, талдап шыққан кезде 270 млрд теңге қажет екен. Ол – қыруар қаражат. Оның бәрі бір жылда шешілмейді. Сондықтан біз тұрғындардан «бірінші кезекте сіздерді не мазалайды, соны айтыңыздар» деп сұрадық. Бюджетті халықпен бірге талқылаймыз деп айтып жатырмыз ғой, солай біз тұрғындардың сұранысын зерттедік.

Үшжылдық бюджет жоспары бүгін Үкіметте бекітілді. Сол жоспарға сәйкес жұмыс істейтін боламыз. Тек жолдарды айтатын болсақ, елді мекендерде 700 көше бар екен. Соның 35 пайызында асфальт жоқ. Елорда тез дамып жатыр. Мұндай қала кез келген мемлекетте жоқ. Шағын ғана Целиноградтан қазір әлем танитын Нұр-Сұлтан қаласына айналды. Көптеген нысандар салынды, жаңа нысандар бой көтерді. Бірақ осы жаңа нысандар экономика тез дамығаннан кейін урбанизация процесіне сай қалаға азаматтар да тартыла бастады. Осыдан он бір жыл бұрын – 2008 жылы елордада 605 мың халық тұрған. Ал 2018 жылдың нәтижесін қарайтын болсақ, 1 млн 78 мыңға, яғни халық екі есеге жуық өсті. Әрине, бұл инфрақұрылымға да, әлеуметтік нысандарға да салмақ салады, сонымен бірге халықтың сұранысы да көбейіп жатыр.

Жұмыс орындарын да көбірек табуымыз қажет. Осы жоспарға сәйкес елді мекендерді дамытатын боламыз. Бұл да өзекті мәселелердің бірі. Мысалы, Ильинка тұрғындарын кәріз желілері мазалап жатыр. Жарықтандыру мәселесі, сонымен қатар абаттандыру, балалар ойнайтын спорт алаңы, мектепті кеңейту, жолдарды жөндеу керек. Көктал-1, Көктал-2-ге барсақ, ол жерде биылдың өзінде 43 көшеге асфальт төселіп жатыр. Бұл тек бір шағын ауданның өзінде. Ал ол жерге халық сұрап отырған спорт кешені қажет. Оны биыл бастайтын боламыз. Мичуринге мектеп керек. Жаңадан мектеп салу басталды. Немесе ЛКУ деген жерге таза ауызсуды көлікпен тасымалдау арқылы су жеткізіп отыр. Олар «бірінші кезекте ең өзекті мәселе – ауызсу мәселесін шешіп берсеңіздер» дейді. Сол сияқты әр елді мекеннің өзіндік проблемасы бар.

– Әлеуметтік желілерде Қажы­мұқан ауылында асфальт төселгені, алайда медициналық амбулаториялар жетіспей жатқаны хабарланды.

– Иә, ондай мәселелер бар. Адамның өмір сүру сапасын арттыру ісіне білім, денсаулық, қауіпсіз жолдар немесе жарықтандыру қажет. Соның бәрін, тұтастай алғанда, бұл мәселелер бар, оны жасырмаймыз. Бірақ жасалған жұмыс та аз емес. Әр заман өз талабын қояды. Өздеріңіз көргендей, мемлекеттің экономикалық дамуының нәтижесінде қандай әсем қала салынды. Бірақ өмір бір орында тұрмайды. Тез өскеннен кейін жаңа талаптары да бар. Соған сәйкес жоспарды бекіттік, оны енді халықпен бірге жасайтын боламыз.

– Алтай Сейдірұлы, тағы бір өзекті мәселе – жауын жауса Нұр-Сұлтан қаласының көшелерін су басып жатады. Кәріз жүйесінің мәселелері қашан ретке келтіріледі?

– Бұл мәселе, әсіресе, күзде, көктемде жаңбыр жауғанда туындайды. Жаздыгүні нөсер жаңбыр жауғанда да су толып қалатын жерлер бар. Оны қала тұрғындары жақсы біледі. Ең проблемалысы – Бауыржан Момышұлы көшесінде. Ол жер осыдан бір-екі жыл бұрын да талқыланған. Содан бері әкімдікте жобалық құжаттама әзірленді. Осыған ұқсас тағы бір орын – Республика даңғылы мен А.Иманов көшесінің қиылысында. Ал үшіншісі – Тұран даңғылында. Бұл үшеуі – ең ірісі. Ал одан бөлек, жаңбыр жауған сайын iKOMEK арқылы көптеген қоңырау түсіп жатады. Әлеу­меттік желілерден де хабар түседі. Қала бойынша су жиналып қалатын 32 орын бар екен. Соның 16-сының қазір жобалау жұмыстарын бастап кеттік. Алдағы уақытта тағы 16-сына жобалау жұмыстарын жүргізуіміз керек.

Ең өзектісі – Бауыржан Момыш­ұлы көшесіндегі тұсқа қазір конкурс жүргізіліп жатыр. Яғни жобалау жұмысы бітті. Ал конкурс алдағы уақытта бітеді. Биыл бастасақ, келесі жылы аяқтауымыз керек. Бауыржан Момышұлы көшесі екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – инженерлік желі, су жинайтын кәріз жүйесі. Ал екіншісі – суды тазартатын жоба. Бұл 3 млрд теңге тұрады. Оны келесі жылы бастайтын боламыз.

А.Иманов көшесіне қатысты рәсімдеу құжаттарының бәрі бітті. Конкурс аяқталды, мердігер белгіленді. Олар жұмысын бастады.

– Өткен аптада өзіңіз Есіл жағалауындағы саябақтарды аралап шықтыңыз. Сынып жатқан ағаштарды көрдік. Ол әлеуметтік желілерге де таралды. Жарық беретін бағаналар қирап жатты. Енді осы саябақ мәселесін қалай реттемекшісіздер?

– Оны біз көрсеттік. Себебі шағымдар түсті. Қазір халықпен кері байланысты нығайту – басты міндетіміз. Бұл – қаланы аралап жүрген кезде туындаған мәселе. Енді абаттандыру мәселесі алдымызда тұр. Қаламыз күннен-күнге көркейіп, кеңейіп келеді. Қаншама саябақ салынып жатыр. Оған қыруар қаржы бөлінді. Ол – қаламыздың көркеюі үшін жасалып жатқан дүние. Қаламыз бұрын қандай еді, қазір қандай?! Бірақ оны күтіп ұстау деген мәселе бар. Міне, осы тұрғыда біраз қиындық туындауда. Мысалға, біз қаланы тексеріп, жаяу аралап жүрген кезде 10-ға жуық саябағымыз баланста жоқ екен. Яғни былай айтқанда қожайыны жоқ. Соның бәрін біз балансқа алдық. Өзіңіз айтқан Есіл өзенінің жағалауы, өкінішке қарай, қараусыз қалған. Шөп өсіп, белден келеді. Ішіндегі ағаштары, шамдары қирап жатыр. Оны басқа планетадан келіп біреу сындырған жоқ қой, бәрін жасаған – өзіміздің тұрғындар. Әр саябақтың алдына тәртіп сақшысын қоя алмаймыз ғой. Бұл – мәдениет мәселесі. Бұл қала – біздің ортақ үйіміз, оны күтіп ұстау, соны халыққа жеткізуіміз керек. Сонда ғана тәртіп болады. Қала – біздің ортақ үйіміз. Оған өз үйіміздей қарайтын болсақ, сонда тәртіп болады.

Өздеріңіз көріп отырсыздар, эко-челлендж болып жатыр, оны Президенттің өзі қолдап отыр. Әр сенбі сайын өзен-көлдердің жағалауын тазалап жатырмыз. Біз демалғанды ұнатқанымызбен, жинауды жақсы көрмейміз. Ол дұрыс емес. Сондықтан мектептерде де экология, тазалық деген мәселелерді үйретіп жатырмыз.

– Мектеп мәселесіне тоқталсақ, оқу жылы жақындап келе жатыр. Кейбір мектептерде үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Бұл мәселе қалай шешілмек?

– Үш ауысымды мектеп мәселесін шешуді Елбасы да айтты. Президентіміз де қозғады. Ол тапсырманы енді орындауымыз керек. Дегенмен деректерге мән берсек, қаламыз тез өсіп жатыр. Осыдан 11 жыл бұрын, яғни 2008 жылы қалада 73 мектеп, 75 мың оқушы болған екен. Биыл жаңадан салынып жатқан мектептерді қосқанда қыркүйек айында 111 мектеп болады. Оған 183 мың оқушы келеді. Тек бір жылмен салыстырар болсақ, былтыр 1-сыныпқа 18 мың оқушы келген болса, биыл – 24 мың оқушы. Ал өткен оқу жылын 6 мың оқушы бітірді. Ал олардың орнына төрт есе көп оқушы келіп отыр. Міне, қандай айырмашылық! Қала өскен сайын әлеуметтік нысандарға салмақ түсіп жатыр. Сол себепті бізде қазір үш ауысымды мектептер бар. Оны жасырмаймыз. Оны шешу үшін кешенді жоспар бекіттік. Алдағы 5 жыл ішінде 40 мектеп салынуы керек. Бұл – бюджеттің есебінен. Бірақ біз бюджетке қарап отырмауымыз керек. Бұл мектеп те, балабақша да, инвесторлар үшін де өте қолайлы. Жақында біз инвестициялық кеңесте 10-нан астам мектеп жеке инвесторлар есебінен салынатын жобаны қолдадық. Біз жер береміз, ал инвестор өз қаржысына мектеп салады. Ол да жақсы. Әлеуметтік мәселе шешілгені мемлекетке де жақсы әрі өзінің бизнес жобасын жүзеге асыратын инвесторға да тиімді. 30 млрд теңгеге жуық инвестиция қарастырылады. Ол жерлерге шетелдік үздік тәжірибелерді алып келеміз. Себебі ел астанасы болған соң әлемнің дамыған мемлекеттеріне қарап бой түзеуіміз керек. Біз бәсекелестікке төтеп беретін ел болсақ, білім саласына көп көңіл бөлуіміз қажет. Білімнің сапасы болмаса, бізде даму болмайды. Сондықтан мемлекет ерекше жағдай жасап отыр.

Басқа мемлекеттердің астанасы қалай жұмыс істеп жатыр, ол жерде қандай үздік тәжірибе бар? Әсіресе білім, біз бәсекелестікке төтеп беретін мемлекет болсақ, алда отыз дамыған мемлекетке қосылар болсақ, тек білім керек. Білімнің сапасы болмаса, бізде даму болмайды. Сондықтан мемлекет осыған жағдай жасап отыр. Сол жеке инвесторлар Сингапурдан, Біріккен Араб Әмірлігінен келеді, өзіміздің қазақстандық инвесторлар бар, еуропалық, мысал үшін Кембридждің немесе басқа да Финляндияның тәжірибесін іске қосам деген инвесторлар бар. Сол мемлекеттің есебінен және инвесторлардың есебінен осы мәселені шешеміз деген жоспар бар. Ол енді нақты орындалатын жоспар. Мысалы, биылдың өзінде сегіз мектеп салынып жатыр. Сегіз мектеп – жаңа мектеп, ол бес мың орынды ашады, ал бізде қазір мектептерде он жеті мың балаға орын жетпейді. Яғни он жеті мың балаға тиісті мектептер керек. Сондықтан осы қыркүйекте бізде сегіз үш ауысымды мектеп болады. Біз сегіз мектеп салдық дейміз, ол бес мектептің үш ауысымдық мәселесін шешті. Одан бөлек, қазір енді жиырма төрт мың бала 1-сыныпқа келгеннен кейін бізде тағы да қосымша сегіз мектеп үш ауысымды болатын түрі бар. Бірақ бұл – шешілетін мәселе. Ал тағы да біз өзекті мәселе – біз күні кеше тамыз конференциясында талқыладық – мұғалімдердің тапшылығы. Көріп отырсыздар, оқушылардың саны көбейіп жатыр, мұғалімдерді даярлап үлгеруіміз керек қой. Сол себепті бүгін біз педагогтың мәртебесі жайлы заңды талқылап жатырмыз. Бұл жөнінде Елбасының тапсырмасы болды, Президент қадағалап отырды, сондықтан педагогтың мәртебесі жайлы заң мұғалімге деген үлкен мемлекеттік қолдауды көрсетеді.

– Алтай Сейдірұлы, өзіңіз ауданның және қаланың тұрғындарымен жиі кездесесіз. Жақында желілердің бірінде үш жүз адамды қабылдағаныңызды жаздыңыз. Халық көбіне қандай шағым айтып жатады?

– Енді шағым әртүрлі. Әрине, қазір науқан ғой, балаларды мектепке апару мәселесі, жалпыға бірдей білім беру, «Мектепке жол», сосын көбісінің көтеретіні – тұрғын үй. Тұрғын үй мәселесі – ең өзекті. Әр үлкен қалада ондай мәселе бар. Біз шетелдік тәжірибелерді де қарадық. Мысалы, Лондонда да қолжетімді баспанаға кезек бар, Мәскеуде де немесе басқа да қалаларда. Лондонда «affordable houses» дейді, «доступное жилье». Олардың да тәжірибесін қарадық. Бірақ біздікіндей бағдарлама көптеген мемлекетте жоқ. «Нұрлы жер» бағдарламасы, «Бақытты отбасы». Осындай мәселелермен келеді. Кеңес алғысы келеді немесе қандай көмек бар екенін сұрайды. Көбінесе аз қамтылған отбасылар келеді. Осы жерде айта кетерлік жағдай, енді мемлекет әсіресе аз қамтылған отбасыларға көп қолдау көрсетіп жатыр. Бұрын-соңды болмаған қолдау бар қазір. Қарасаңыз, арнайы әлеуметтік қолдау (АӘК) бұрын болған жоқ. Биыл беріп жатырмыз, тек Нұр-Сұлтан қаласында 5600-ден астам отбасы – ол 35 мыңға жуық азамат. Соның енді 25 мыңнан астамы – балалар. Оған 1,5 миллиард теңге тек қана біздің қаламызда беріліп жатыр, ал республика бойынша ол – қыруар қаражат. Соны түсіндіріп жатырмыз. Ол енді жақсы қолдау, халық енді ризашылығын білдіріп жатыр. Біреулер енді, өкінішке қарай, өзінің кірістерін жасырып, соны алғысы келеді, мемлекетті алдағысы келеді, ол дұрыс емес. Себебі біз әр тиынға жауап береміз, соны түсіндіріп жатырмыз. Тек ең мұқтаж азаматтарға беруіміз керек. Бірақ оның да шарты бар. Сіз жұмысқа тұруыңыз керек, біз оған көмектесуіміз керек. Жаңа сіз айтқан 300 адам да соның ішінде. Тұрғын үйді осылай түсіндіріп жатыр­мыз: бізде 46 мың адам кезекте тұр. Сондықтан «Қолжетімді баспана» деген бағдарлама бар, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бар, 2 пайызбен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы пәтер береді. Соны түсіндіріп жатырмыз. «Жоқ, сіз менің мәселемді шешпесеңіз, мен көшеге шығам!» дейді, олай айқайлағанның бәріне біз үй бере беретін болсақ, тәртіп қайда, заң қайда? Соны түсіндіреміз. Сондықтан ең басты мәселе – біз масылдықтан арылуымыз қажет. Еңбекке тартуымыз керек. Абайдың сөзімен айтқанда, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей. Біз жағдай жасаудан қашпаймыз, бірақ біз қандай тәрбие беріп жатырмыз, соны да ойлануымыз керек.

Бізде жақында ғана ашылған «Жанұя» отбасын қолдау орталы­ғы бар. Көпбалалы отбасылар, аз қамтылған отбасылар немесе мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп жатқан ана, әрине, көмекке мұқтаж. Біз оларды жұмысқа орналастырайық дейміз, сонда, өкінішке қарай, көбісінің дипломы жоқ, әртүрлі себептермен оқи алмай қалған, содан кейін бала тәрбиесімен отырып қалған, оның бәрін түсінеміз. Енді не істеуіміз керек? Осы орталық арқылы оқытамыз. Солай жұмысқа орналастырамыз. Біреулер өздерінің ісін ашқысы келеді. Мысал үшін бізде индустриалдық паркте «Ютария» деген фабрика бар, өзім барып көрдім, өте қуантарлық жағдай, қазақстандық киім тігеді. Өзіме де арнайы жұмыс киімін сатып алдым. Құрылысқа барған кезде киюге өте сапалы, жақсы екен. Үлкен фабрикада біздің қыздар машинкамен тігіп отыр. Мен: «Сіздер үйрете аласыздар ма, жұмысқа аласыздар ма? Бізге түсіп жатқан сұраныс көп» дедім. Біз оларды оқытамыз, сосын оларды еңбекке тартуымыз керек. Тек үйде отырып алып «маған тауып бер» деген болмайды. Мысалы, біздің өзіміз де көпбалалы отбасында тәрбие алдық. Ата-анамыз «тек біліммен, еңбекпен адам боласың» деп үйретті. Сол тәрбиені біз балаларға да үйретуіміз қажет.

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button