Басты ақпарат

БАС ШЫРША ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ



89f83d0327ddd3aae8ff4fe0aa614533

Қалыптасқан дәстүрге сай қыстың алғашқы күні елордада бас шыршаның шамдары жағылды. Шыршаны жағу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, барша жұртты келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Жаңа жыл – барлығымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ асыға күтетін айрықша мереке. Баршамыз да Жаңа жылдан үлкен үміт күтіп, түрлі жоспар құрамыз.  Сол тілегіміздің барлығы орындалсын деп тілейміз. Біздің Қазақстанымыздың мақсаты – Мәңгілік ел атанып, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу. Біз елімізді дамытып, оның халықаралық аренадағы беделін көтеруге ұмтылуымыз керек. Аға буын нақ сол үшін және Қазақстан жастарының игілігі үшін жұмыла еңбек етуде. Біз туған елді, оның астанасын, таулары мен сай-саласын, орманы мен даласын, өзендері мен көлдерін сүйеміз. Осының бәрі – біздің Отанымыз, –  деген Қазақстан Президенті жиналған қауымға зор денсаулық, оқу мен еңбекте табыс, игілік пен бақ-береке тіледі.

Биіктігі 25 метр болатын бас шырша биыл «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы жанындағы мұз қалашығының ат шаптырым аумағында орнатылды. Сонымен қатар,  Астананың әр жерінде  қырық шыршаның шамы жағылды.  Ал, «Хан Шатыр» маңайындағы мерекелік думанға 2000-нан  аса  мектеп оқушысы қатысты. Олардың көңілің қаланың белгілі шығармашылық ұжымдары көтерді. Алып қуыршақтар, барабанды шоу, аққалалар оркестрі және Жаңа жылдың басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар балдырғандарды ертегі әлеміне жетеледі.

Осымен қыс қызықтары тәмамдалмақ емес. Елордалықтар және қала қонақтары үшін осы маусымда өткізілетін шаралар саны жеткілікті. Демалыс күндері мұз қалашықтарда концерттер, спорттық жарыстар, мәнерлеп сырғанаудан шеберлік сабақтары, флэшмобтар, жәрмеңкелер мен өзге де қызықты шаралар өтеді.

Жуық арада осындай мұз қалашықтар Есіл өзені үстінде, «Отан-Ана» монументінің маңайында және қалалық әкімдік алдындағы алаңда да ашылады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button