Қоғам

Баспасөзге жазылу басталды



Кеше «Астана пошта» мекемесінде «Баспасөзге жазылушылар күні» мерекесі өтті.

Қазақстан пошта қызметінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада журналистер мен оқырмандар жүздесіп, бүгінгі таңдағы баспасөздің тыныс-тіршілігі жайында сұхбаттасты. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана», «Айқын», «Литер», «Түркістан» және басқа да газет-журнал жетекшілері оқырмандар мен пошта мекемесі қызметкерлеріне алғыстарын білдірді. Өз кезегінде «Қазпочта» АҚ Астаналық филиалының директоры Бахытжан Маликова да баспасөз редакцияларымен тығыз іскерлік қарым-қатынаста болып, мерзімді басылымдарды тарату бойынша жүйелі жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.

«Баспасөзге жазушылар күні» мерекесіне арнайы келіп, 2024 жылға «Астана ақшамы» газетіне бірінші болып жазылған көрнекті жазушы Қуаныш Жиенбай болды.

«Баспасөз деген, бұл – қоғамның айнасы. Адамның рухани бай әрі сауатты болуы үшін мерзімді газет-журналды оқудың пайдасы орасан. Міне, баспасөзге жазылу науқаны басталып отыр, сондықтан мен қала тұрғындарын астаналық газеттерге жазылуға шақырамын. Екі-үш рет асханаға баратын ақшаға бір жыл бойына газетке жазылуға болады, яғни бір жыл бойы рухани азық алып тұрасыз дегім келеді. Өзіміздің ана тілімізде шығатын газеттердің оқырманы көп болса екен деп тілеймін» деді белгілі қаламгар.

«Вечерняя Астана» газетіне бірінші болып жазылған Евгения Наймушина да астаналық газеттердің тұрақты оқырманы болып жүргенін айтты. «Мен үшін «Вечерняя Астана» газеті қаламыздың энциклопедиясы сияқты. Бүкіл ақпаратты астаналық газеттерден аламын» дейді Евгения Феликсовна.

Мерекелік шара барысында «Еlorda Aqparat» медиасеріктестігі («Астана ақшамы», «Вечерняя Астана», Elorda.info желілік басылымы) атынан астаналық үздік пошта тасушы Нина Савицкаяға, сондай-ақ елордалық газеттердің алғашқы жазылушыларына да Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етілді.

 


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button