#Жаңа Қазақстан

Өз өнімдерімізді шығаруымыз қажет

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Жолдауында көптеген саланың мәселелері қамтылған. Президент басты бағдарды ел экономикасының дамуына қойды. Шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін Қазақстанда берік өнеркәсіптік негіз қалануы керек. Еңбек ресурстарымызды пайдаланып, өзіміздің өнімдерімізді шығаруымыз қажет. Қазақстанда азық-түліктен бастап қару-жараққа дейін бәрі шығарылғаны жөн.   

Менің пікірімше, ауыр машина жасауға, автобөлшектерді шығаруға, металды, мұнай мен газды терең өңдеуге және көмір химиясына басымдық беру керек. Қазақстан уран өндеуден әлемде жетекші орындардың бірін алып отыр. Мұндай ресурс­қа ие мемлекет тек қана шикізат экспорттаушы ел болмай, өзінің атомдық генерациясын қалыптастыру керек. Елімізде атом электростансасын салу туралы әртүрлі пікірлер бар. Бұл мәселеде соңғы нүкте референдумда шешіледі. Әрине, соңғы сөзді халық айтады.

Еліміздің туристік әлеуетін де ел дамуына пайдалану керек. Туризм шетел валютасының ағынын қамтамасыз етеді және төлем балансы мен жиынтық экспорт сияқты экономикалық көрсеткіштерге оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ ол елдің инфрақұрылымын дамытуға ықпал етіп, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруға септеседі.

Ауыл шаруашылығы мен агроғылымды да дамыту керек. Заманауи ғылым болмаса, саладағы жағдай тоқырап қана қоймай, нашарлай түседі. Сондықтан дақылдарды әртараптандыру, жоғары рентабельді дақылдардың аудандарын ұлғайту, сондай-ақ суды көп қажет ететін және монокультуралық дақылдарды азайту қажет.

Елімізде орта кәсіпкерліктің дамуы да баяу. Президент бизнес­ті қолдауды және құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржолата тоқтатуды тапсырды. Ал экономика ашық және бәсекеге қабілетті болуы үшін барлық бейінді емес активтерді мемлекет үшін ашық және тиімді шарттарда нарыққа беру қажет. Мемлекет басшысының «Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтері мен халықтық IPO-ларын жекешелендіруді бастау туралы хабарлауы – біздің экономикамыздың дамуындағы маңызды қадам. Бұл бастама активтерді басқаруды жақсартады, ашықтықты арттырады және елімізге инвестиция тартады.

Air Astana әуекомпаниясы мен QazaqGaz компаниясының Халықтық IPO жоспары, сондай-ақ ірі компанияларда мемлекеттік активтерді іске асыру экономиканы әртараптандыруға және неғұрлым бәсекеге қабілетті бизнес-сектор құруға ұмтылысын көрсетеді. Бұл да өз кезегінде жаңа мүмкіндіктер мен жұмыс орындарының артуына жол ашады.

Мен бұл бастамадан біздің аймақ үшін кең перспективаларды көріп отырмын. «Самұрық-Қазына» қорының жекешелендіру және IPO жоспары экономиканың саналуандығына, инновацияларды ынталандыруға және бизнес сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ұмтылысымызды көрсетеді. Бұл қадамдар жаңа жұмыс орындарын құруға және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.

Тағы бір маңызды мәселе – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Әскеріміз жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде броньды техникамен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен, заманауи атыс қаруымен қамтамасыз етілуі тиіс. Техниканы жедел жөндеу бойынша өндірістік қуаттарды нығайту, отандық кәсіпорындарды қолдауды күшейту қажет.

Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамытумен дербес ведомство айналысуы тиіс деген идеяны қолдаймын. Суды үнемдейтін технологияларды енгізу қажет.

Теңізге шығу жолы жоқ әлемдегі ең ірі мемлекет және Жібек жолының маңызды құрлық буыны бола отырып, біздің еліміз көлік-логистикалық кешеннің дамуына толығымен тәуелді. Сондықтан мұндай әлеует біздің республикамыздың даму басымдықтарының бірі болып саналады.

Асқар СМАҒҰЛОВ,

Астана қаласы мәслихатының депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button