Басты ақпаратЖаңалықтар

Басқарма БАҚ-ты менсінбей ме?



6542102

Астана қаласы Сәулет және құрылыс басқармасының бастығы Виталий Силецкийдің БАҚ өкілдеріне деген біртүрлі көзқарасы амалсыз осы мақаланы жазуға мәжбүрледі. Бұл басқарма қай елдің заңын басшылыққа алады? Қай елдің заңдарымен жұмыс жасайды? Біз осыны түсіне алмадық. Басқармаға хабарласқан сайын заңсыздық пен жөнсіздікке кезіге бергеніміз әбден қынжылтты.

Бұл басқарма басшысымен біздің қарым-қатынасымыз (егер оны осылай атауға болатын болса) биылғы жылдың тамылжыған тамыз айынан басталған. Сол уақытта редакциямызға көптеген оқырмандар хабарласып, қазіргі қалалық алаңның келбетіне көңілдері толмайтынын білдірген еді. Алаңға субұрқақ орнатып, көріктендіру мәселесіне қатысты мақалалар жазды. Оқырмандар бұған аса қызығушылық танытқаннан кейін «Қалалық алаңның қандай болғанын қалайсыз?» деген сауалдама да ұйымдастырдық. Бұдан соң ұтымды айтылған ұсыныс-пікірлерге қатысты Сәулет және құрылыс басқармасы басшысының пікірін білмек болып, Виталий Брониславовичке қоңырау шалайық. Бірақ, ол кісімен тілдесу оңай шаруа болмай шықты. Қашан хабарлассақ та хатшы қыз: «бос емес, сауалдарыңызды жазбаша жолдаңыздар» дегенінен таңбады. Басқарманың өзге мамандары басшының рұқсаты болмай, жұмған ауыздарын аша алмайтынын жұмсақтап жеткізді. Хош дедік. Арада көп уақыт өтпей, дәлірек айтқанда, 29 тамызда «Қазақстан және Жапония: достық көпірі» жаршысының бас редакторы Нұрлан Сәрсенбайдың «Кисё Курокаваның есімін есте қалдырған абзал» деген мақаласы жарияланды. Астанамыздың бас жоспарын жасаған жапон сәулетшісі атындағы қаладан бір саябақ жасақтап, мәңгі есте қалдырайық деген ұсынысқа аталмыш басқарма қалай қарайтынын білмек болып тағы хабарласқанбыз. Тағы да маңдайымыз тасқа соғылды. Содан соң бұлардың айтқан талабымен жүріп көрейік деген ой келді де Виталий Брониславовичтің атына арнайы ресми сауал жолдадық. Сөйтсек, оны жолдаудың да бұл басқарма қалыптастырған өзгеше жолы бар екен.

          – Бізге сауал қалалық әкімдік арқылы келуі керек, – деді хатшы қыз екінші қыркүйек күні хабарласқанымызда.

          – Неге? Сауалды әкімдік емес біз жолдап отырмыз. Біз заңды тұлғамыз, өз атымыздан жолдауға толық құқымыз бар емес пе? – деп жатырмыз.

          – Жоқ, тәртіп солай,бізге сауалдар тек қалалық әкімдік арқылы жолданады – деп хатшы қыз біз жөнсіз жайды қозғап тұрғандай әңгімені шорт кесті. Ал керек болса? Баяғыда шолжаң өскен байдың қыздары өзіне сөз салғандарға «әуелі әкеммен сөйлесіңіз» дейтін еді ғой. Тура соның кері болды да шықты. «Жазған құлда шаршау жоқ» бұған да «мақұл» дедік. Ертеңінде қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі арқылы әлгі сауалымызды тағы жолдадық. Бір апта, одан кейін және бір апта өтті, тым-тырыс. Содан сауалымыздың тағдырын білмек болып тағы хабарластық. Хатшы қыз да (әбден тәжірибелі болған екен) қынбады. «Ол хатты енді біздің кеңседен іздейсіздер» деп қарап тұр. Осы арада біздің шыдамымыз таусылды. Өйткені, құзырлы мемлекеттік мекеме бір емес, Қазақстан Республикасының бірнеше заңын аяқ асты етіп тұр емес пе.

Біріншіден, ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 18-бабы 2-1 тармағында «Мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар сұралып отырған ақпаратты (жазбаша немесе ауызша) өтініш түскен күннен бастап үш күннен кешіктірмей беруге не беру мерзімін немесе беруден бас тарту себебін көрсете отырып жауабын беруге міндетті. Қосымша зерделеуді және тексеруді қажет ететін өтінішке жауап ол келіп түскен күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей берілуге тиіс» деп жазылған. Ақпаратты журналист жазбаша түрде сұрауы керек деп еш заңда айтылмаған. Яғни, бұл басқарма жазбаша сауал сұрау арқылы да заң талабын өрескел бұзып отыр. Ал біздің сауалымыз өте қарапайым болатын. Оған басшы телефонмен жауап бергенде әрі кетсе бес минут уақыты кетер еді.

Екіншіден, В.Силецкий БАҚ туралы заңды білмегеннің өзінде, ҚР  «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңның 8-9 баптарын жақсы білуі керек қой. Бұл баптарда өтініштерді қарау тәртібі мен мерзімдері тайға таңба басқандай анық көрсетілген. «Мекемеге өтініш келіп түскен уақыттан басталып жедел болса үш күн, басқалай жағдайда 10-15 күн, тексеріс қажет болған жағдайда 30 күн  ішінде өтініштер қаралуы тиіс». Осы аралықта сауал, өтініш жолдаған заңды немесе жеке тұлғаға мекеме өтініштің қаралатынын не қаралмайтынын (себебі көрсетіле отырып) ресми жауап жолдауға міндетті.  Бірақ, Виталий Брониславович басқаратын мекеме біз білмейтін басқа заңдарды басшылыққа ала ма, екі айдан аса уақыт өтті, ешқандай жауап жолдамады.

          Басқарма басшысының өзіне жолданған сауал, өтініштердің барлығын қалалық әкімдік арқылы қабылдайтыны да біліктілігінің ақсап жатқанын көрсетпей ме? Әрине, бұл мекеме қалалық әкімдіктің құрылымына жататын болғандықтан, кейбір шетін мәселелерде ақылдасып отырғаны жөн шығар. Бірақ, бірде-бір сауалды әкімдіксіз қабылдамауы ақылға қонымсыз жай. Бұл басқарманың өз құзіреті шегінде ешқандай әрекет, жұмыс жасамайтынын көрсетсе керек. Жұмыс жасамаған соң, қателік те орын алмайды, кемшілік те кетпейді, рахат! Көп жұмыс жасалса, қателіктің орын алуы да заңдылық. Қателеспейтін Құдай емеспіз. Бірақ, қателіктерді жөндеу арқылы жұмысты алға жылжытамыз, қоғамды дамытамыз. Бұл – жазылмаған заңдылық! Виталий Силецкий сияқты басшылар ғана бұл заңдылықтан алыс болып, құлағының тыныштығын ойлайды. Одан кімге пайда, кімге зиян?..

Меңдолла ШАМҰРАТОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button