Жаңалықтар

БАУЫРЛАС ҚАЛАНЫҢ БАСТАМАЛАРЫ



Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Финляндия павильонында болып, Оулу қаласының инновациялық жобаларымен танысты. 

c-1-kopirovat

Финляндия – соңғы жылдары экономикалық жағынан да, әлеуметтік-саяси тұрғыдан да ең табысты және қарқынды дамыған елдердің қатарында. Инновациялық технологияның тілін еркін меңгеріп, әйгілі «Нокиа» телефонын шығарған финдерден үйренеріміз әлі көп. «Жасыл» экономиканы енгізу жағынан әлем бойынша алдыңғы қатардан көрініп жүрген Финляндия «ЭКСПО-2017» көрмесіне Оулу қаласының инновациялық жобаларын алып келген.

Екіжақты кездесуде Қазақстан мен Финляндияның өзара әріптестік қарым-қатынасы мен ынтымақтастық мәселесі сөз болды. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, Қазақстан Финляндияны Еуропадағы ең маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің бірі санайды. Қос тарап та ынтымақтастық әлеуетін барынша дамытып, барлық салалар бойынша байланысты нығайтуға мүдделі.

«Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың негізі 1992 жылы қаланды. 2010 жылы Финляндияның Қазақстандағы елшілігі ашылды. 2012 жылы Қазақстанның Хельсинкидегі өкілдігі жұмыс істей бастады. Бүгінгі таңда Финляндия мен Қазақстан арасындағы әріптестік байланыс сенімді жүргізіліп келеді. Әсіресе, білім, денсаулық, көлік, мәдени-гуманитарлық салаларында байланыс нығайған. «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында екі елдің бизнес өкілдері қатысқан шарада бірқатар тәжірибе алмасып, өзара достық қарым-қатынас одан әрі жақындай түседі» деді Оулу қаласының мэрі Матти Пеннаненн. Оның айтуынша, бұған дейін екі ел арасында «жасыл» экономика мен жаңғырту саласындағы серіктестік туралы декларация қабылданып, ынты­мақтас­тық туралы бірнеше меморандумға қол қойылған.

Басқосуда фин компаниялары отандық бизнес өкілдерін инновациялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды. «Финляндия қаласының іскерлік топтары энергия, су ресурстары, көлік, инновациялық технологиялар, тағы басқа да көптеген салаларда алда келеді. Елордамыз Астана қаласы Оулу қаласы сияқты «ақылды қала» атауымен ерекшеленеді. Қала шаруа­шылығына қажетті ең ақылды тех­­­нологияларды енгізу – біздің мақсатымыз. Сондықтан бүгінгі инновациялық жетістіктеріңіз біздің бизнес тарапынан қызығушылық тудырады» деді қала әкімі Әсет Өрентайұлы.

Гүлмира  АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button