Жаңалықтар

БАУЫРЫН БАУЫРЫНА БЕРДІ



IMG_8661

Таяуда  елордадағы  тоқсан жылдық тарихы бар №1 қалалық ауруханада алғаш рет тірі донордан туыстық бауыр трансплантациясы жасалды. Ауыр сырқатқа шалдыққан Жұмагүл Наурызованың өмірі қайта жалғанып, енді ол  көздері жәудіреп анасын тосқан балаларының ортасына аман-есен оралмақ.

Соңғы жылдары еліміздегі денсаулық сақтау саласы адам таңқаларлықтай қарқынмен дамуда. Әсіресе, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын көтеру мақсатында қолға алынған жаңа инновациялық диагностика әдістерін енгізу және медициналық қызмет сапасын жақсартуға үлкен күш бағытталған. Нәтижесінде,  елімізде шетел асып, емге шипа іздейтін науқастардың саны сиреді. Сондай инновациялық ауқымды бағыттардың бірі трансплантологияны дамыту екені анық. Алғашында, халыққа күрделі, тосындау көрінген тың жобаның бүгінгі таңда елімізде салмақты жүзеге асып, талай адамды ажал тырнағынан алып, қайта өмірге оралтып жатқаның көріп, қуанып жүрміз.

 Әлемде  трансплантология  ең жоғары маманданған меди­циналық қызметке жататын сала болып есептеледі. Бұл жерде білікті дәрігерлердің кәсіби шеберлігімен бірге операцияға қажетті қолданылатын өте қымбат тұратын құрылғылар – микроскоп, ангиограф, компьютерлік томограф, рентген, құрал-саймандар, тіпті, әр кезеңде пайдаланылатын ұсақ құралдардың өзі үлкен рөл атқарады. Сондықтан, оны сәтті жасау үшін мүлтіксіз дайындық керек. Бұған дейін біз сөз етіп отырған  №1ауруханада 2013-2014 жылдар кезеңінде Сеул Ұлттық Университеті госпиталінің жетекші мамандарымен бірлесе туыстық бауыр трансплантациясы бойынша 12 операция жасалған. Оның барлығы да жоғарғы деңгейде өткен. Демек, осы аралықта біздің  дәрігерлер шетелдік мамандармен тәжірибе алмаса отырып, өздерінің біліктіліктерін шындап үлгерген.

Ауру адамға айтып келмейді. Бас қаланың тұрғыны отыз бес жастағы Жұмагүл Наурызовадан жыл басында  бауыр циррозының клиникалық белгілері анықталады.  Жас ана ауыр кеселден қалай айығам деп шыбын жанын шүберекке түйіп,  ауруханадан көз ашпайды. Шиеттей балаларының буыны да қатып үлгермеген. Алды мектепте оқиды. Соларды ойлағанда оның уайымы ұлғайа түседі. Амбулаторлық емдеу еш нәтиже бермегеннен кейін оған бауыр алмастырудан басқа жол қалмайды. Ақыры, оған  «жаңа өмір» сыйлау үшін жиырма үш жастағы жиені донор болуға келісім береді.  Нәтижесінде,  №1 аурухананың аса білікті дәрігерлері осы өткен 11 тамызда  Жұмагүлге  тірі донордан туыстық бауыр трансплантациясын жасайды. Екі адамның өмірі таразыға тартылған отаны аталған ұжымның білікті дәрігерлері асқан жауапкершілікпен орындап шықты.

– Әлемде   бауыр алмастыру операциясы күрделі саналады. Негізі, мұндай ірі отаны  ғылыми медициналық орталықта жүзеге асырады.Ол үшін материалдық база мықты болу қажет. Ал елордадағы №1 қалалық ауруханада осындай ауқымды дүниені іске асыруға барлық жағдай жасалған. Осы жерде кәсіби біліктілігі жоғары мамандардың шоғыры қалыптасқан.   Жұмагүл Наурызоваға жасалған тірі донордан туыстық бауыр трансплантациясы сәтті өтті. Бүгінгі күні екеуінің жағдайы жақсы, аяқтан жүріп кетті. Алдағы уақытта олардың денсаулықтары дәрігерлердің ұдайы назарында болады.

 Мәселен, дәл осындай операцияны шетелде жасату үшін әр адамға 50 мың еуродан артық қаржы жұмсалады. Ал біздің елімізде 5-6 млн теңге төңірегінде ғана қаржы кетеді. Былай қарағанда,оның  экономикалық тиімділігі де зор. Және біздегі ол операциялар тегін жасалады. Алайда, бір түйінді мәселені айтып өткен жөн. Біздің елімізде науқас адамға донор табу өте қиын. Қамшының сабындай  қысқа ғұмырда адам өмірін сақтаудан асқан қымбат дүние жоқ. Сондықтан адамдар донор болудан қорықпауы  керек.

Қазіргі уақытта Астана қаласының гепаорталығында 300 емделуші тіркелген, олардың 35-і ішкі ағза мүшелерін алмастыруға кезекте тұр, – дейді Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік Байжүнісов.

Бүгінгі күні  бауырды алмастырғаннан кейінгі науқастың жағдайы тұрақты. Бауыр функциясы қалпына келуде, УДЗ және КТ мәліметтері бойынша бауыр мен өт шығатын жолдарының тамырлы қанағымы бұзылмаған, трансплантат жұмыс істейді. Реципиент белсендірілген, ем қабылдауды жалғастырып жатыр. Донордың жағдайы қанағаттанарлық, барлық клиникалық анализдері жақсы, ауруханадан шығуға дайындалуда екен.

  • Біз осы күрделі операцияға шетелдік мамандарды тартпай, өз күшімізбен  бауыр алмастырдық. Бұл жерде дәрігерлер екі адамның өмірімен күресті. Сондықтан, мұндай операцияның қаншалықты күрделі әрі үлкен жауапкершілікті талап ететінін түсіне білген жөн. Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы емес, қатардағы қалалық аурухана жағдайында осындай бірегей операцияға қол жеткізуіміз –  айтулы жетістік десек болады, – дейді №1 қалалық емхананың  бас дәрігері Марат Абдуов

Жиын барысында Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік Байжүнісов нағашы апасының өмірі үшін ерлікке пара-пар қадамға барған 23 жасар жігітке ескерткіш сыйлық табыс етті.

                                                                                   Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button