Басты ақпаратМәдениет

«Бейбарыс» операсы қайта жаңғырды



Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрі композиторлар Айтқали Жайымов пен Арман Жайымның екі актілі «Бейбарыс» операсының премьерасын ұсынды. Қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген даңқты Бейбарыс сұлтан туралы жазылған дүниелер, музыкалық шығармалар көп. Астанада өткен премьера – соның бірегейі.

Қазақ даласының ұлы перзенті, 1260-1277 жылдары Мысыр мен Сирияны билеген атақты қолбасшы, көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтан Бейбарыс туралы операның концерттік премьерасын елорданың мәдени өміріндегі жарқын оқиға деп атауға болады. Опера жасау идеясын 2003 жылы композитор Айтқали Жайымов ұсынды. Сол кезде консерваторияны бітірген Арман Жайым қатысқан алғашқы нұсқасы 2007 жылы шықты. Материал
бойынша жұмыс кейінгі жылдары да жалғасты. 2013 жылы Қазақ филармониясы оркестрінің орындауындағы концерттік нұсқасы шықты. Өткен жылы авторлар бұл тақырыпқа қайта оралып, бұрынғы жасағанын қайта өңдеп, қазақ оркестріне арнайы жазылған шығарма Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония­ның сахнасында бас дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың көркемдік жетекшілігімен көрермен назарына ұсынылды.

Либретто авторлары – көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов.

Операның концерттік нұсқасын шығаруға камералық хор (көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова), «Шалқыма» халық би ансамблі (көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдірасул Есекеев), Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің би тобы (көркемдік жетекшісі – Эльмира Баққали) мен Қорғаныс министрлігі ұлттық әскери-патриоттық орталығының би тобы (көркемдік жетекшісі – кіші сержант Әлішер Мұхатаев), классикалық вокал бөлімі (көркемдік жетекшісі – мәдениет саласының үздігі Роза Шотқалиева) қатысты.

Опера партияларын филармонияның классикалық вокал бөлімінің солистері орындады, Бейбарысты – Алтынбек Әбілда, Людовикті – Нұрсат Алмас, Айдананы – Шахризада Тыныш­тық, Қалауынды Алтынбек Арыстанбек сомдаса, Күндік рөлінде Талғат Аллабиринов ойнады.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button