Басты ақпаратҰлт ұпайы

Оянудың лебі еді

Биыл Қазақ білімпаздары тұңғыш съезінің ашылғанына 100 жыл толады. Қазақстан Халық ағарту комиссариатының ұйымдастыруымен 1924 жылы 12-18 маусым аралығында Орынбордағы ағарту қызметкерлері ұйымының үйінде өткен ғылыми жиын қазақ халқы үшін ғасыр бөлгіш сипат алатын елеулі оқиға болды. Қазақ зиялыларының қазақтың елдігі үшін аса қажетті қадамдар жасап, маңызды шешімдер қабылдаған алқалы жиыннан отаршыл империяның бодандығынан құтылып, ұлттық мемлекет құруға талпыныстың да, ұлттық намысты ту етіп, тәуелсіздікті көксеген ұлттық оянудың да айқын лебі аңғарылып тұрды.

Ұлтымыз өміріндегі ғана емес, төңірегіміздегі түркі тілдес халықтардың мәдени өрлеуіне де өз ықпалын көрсеткен бұл жиналысты қазақ ұлтының ояну дәуірінің айқын белгісі болды десек қателеспейміз. Оның үстіне, арада 100 жыл өтсе де, сол съезде талқыланған мәселелер әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сосын да қазақ тарихындағы осы бір атаулы күн ескерусіз қалмаса екен деген ізгі ниетпен алаштанушылармен, съезде талқыланған тақырыптар төңірегінде зерттеумен айналысып жүрген маман, ғалымдармен селбесе отырып, мақала- сұхбаттар ұйымдас­тыруды жөн санадық. Ойға алған шарамыздың ізашар сұхбатын ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлымен  әңгімелесуден бастадық.

Ел болашағына жол салды

– Шерубай Құрманбайұлы, Алашорда үкіметі таратылған соң, Алаш зиялылары ағартушылықпен айналысып, ғылым-білімге баса мән берді. Соның бір мысалы – Қазақ білімпаздары тұңғыш съезінің ашылуы. Сіз осы съезд жөнінде жазылған кітапты төте жазудан кирилл жазуына қотарып, 2005 жылы баспадан шығарған екенсіз. Әңгімені съездің мән-маңызы мен сол кітаптан сабақтасақ.

– Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі 1924 жылы 12-18 маусым күндері Қазақстанның сол кездегі астанасы – Орынборда өтті. Съездің ауқымы жағынан алып айтсақ, қазақ, қырғыз білімпаздарынан бөлек, Башқұртстаннан да өкілдер келді.

Съездің ашылу сөзін сөйлеген төраға Нұғыман Зәлиұлы қазақ – қазақ болғалы бұдан бұрын мұндай съездің болмағанын, бұл съезд қазақ-қырғыз халқы білімпаздарының тұңғыш съезі болғандықтан, мұның жұмысы аса мағыналы, елге пайдалы болуға тиіс екенін, патша өкіметі заманында мұндай съездің болуы мүмкін емес болғанын айрықша атап өтеді. Ал съездің соңғы күні қырғыз халқының өкілі Ишанғали Арабайұлы «Бұрын-соңды болмаған бұл съезд қазақ-қырғыз халқының ғылым мәселелерін бастап ауызға алған, қазақ-қырғыз білімпаздарының бір жерде бас қосқан тұңғыш съезі болды. Бұл съездің маңызы зор, қызметі айрықша. Ол негізгі мәселелерді шешті. Елдің болашағына жөн сілтеп, жол салды» дейді. Съездің маңызы туралы съездің басы-қасында болған, оның мән-маңызын жанымен сезінген осы кісілерден асырып айту қиын болар. Міне, осы 7 күндік жиналыста айтылған, талқыланған мәселелер, жасалған негізгі және қосымша баяндамалар, сондай-ақ жиынның қаулысы 1925 жылы төте жазумен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезді» деген кітап болып шыққан. Біз осы кітапты төтеден қазіргі қолданыстағы кирилл жазуына түсіргенде зиялы қауымның, көпшіліктің пайдалануына қолайлы болу жағын ойладық. Өйткені ол төте жазуда жазылған кітап болғандықтан, кез келген қазақстандық зерттеушілер оны оқып, еркін пайдалана алмайды да, ғылыми айналымға түспейді. Қазақ ұлтының тарихында ерекше орын алатын осы ғылыми жиын туралы кейінгі ұрпақ біліп жүрсін деген оймен осы кітапты 2000 таралыммен баспадан шығардық.

Екінші тұрғыдан алғанда, қазақ ғылымының, соның ішінде қазақ тіл білімінің, ұлттық ғылым тілінің, қазақ әліпбиінің, жазуының, қазақтың ұлттық мектебінің тарихына көз жүгірте бастасақ, бұл съезді айналып өту мүмкін емес. Өйткені осы мәселелерді ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдап-талқылау сол кезеңнен, сөз болып отырған съезден басталады. Біз Алаш зиялыларының мұрасын тілдік тұрғыдан зерттеп жүрген маман болғандықтан, 7 күндік жиынның 4 күні тұтастай тіл мәселесін талқылауға арналғандықтан, съездің материалдарын қазіргі қауымның қолына тигізуді, ең алдымен, тіл мамандары үшін қолжетімді еңбек болу жағын ойладық.

– Съезде қандай мәселелер талқыланды?

– Съезде «Жазу ережелері», «Әліпби мәселесі», «Қазақша пән сөздері», «Ауыз әдебиетін жию шаралары», «Оқу, ғылым кітаптарын көбейту шаралары», «Бастауыш мектептердің программасы», Халел Досмұхамедұлы ұсынған «Бастауыш мектептердің түрі мен оқытушылар дайындайтын ғылым ордаларының программасын тексеру» сынды тақырыптар талқыға салынып, ойға қонымды ортақ шешімдер қабылданды. Әсіресе тіл мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, күн тәртібіндегі негізгі 6 мәселенің 3-еуі тіл тақырыбына арналды. Яғни қазақ тілі мен әдебиетінің ғылыми жүйесі, қазақ әліпбиі, орфография, терминология, оқыту әдістемесі, ономастика, т. б. салалар бойынша маңызды қаулылар қабылданды.

Жиналыста жазу ережелері мен пән сөздері бойынша Е.Омарұлы, әліпби туралы А.Байтұрсынұлы, ауыз әдебиетін жинау жөнінде Х.Досмұхамедұлы, оқыту, білім мектептерін көбейту тақырыбында М.Мырзаұлы арнайы баяндама, Н.Төреқұлұлы қосымша баяндама жасады. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы ұсынған әліпби жобасы, Н.Төреқұлұлының латын жазуы хақындағы ұсынысы кең көлемде талқыланып, қызу пікірталас болды. Түркі тілдес халықтар арасындағы әліпби мәселесі, артық-кем тұсы, ереже мен емле, дыбыс жүйесі, бұл әліпбилерді оқып үйрену мен жазу, баспа ісінде пайдалану жайы да қозғалды.

100 жыл бойы таласып жүрміз

– «И» мен «у» мәселесі де осы жиналыста талқыланды емес пе?

– Дұрыс айтасыз. «И» мен «у» мәселесі ұзақ талқыланды. Бұл – бүгінге дейін лингвист ғалымдардың түрлі пікір айтып, талқылап келе жатқан мәселесі. Яғни «и» мен «у» дауысты ма, дауыссыз ба, оларды сөз құрамында тарқатып жазамыз ба, әлде бір таңбамен ғана ықшамдап жазамыз ба деген мәселеде ғалымдар әлі бір шешімге толық келе қойған жоқ. Енді ойлай беріңіз, осыдан 100 жыл бұрын осындай мәселені көтеріп, оны бірнеше күн талқылауының өзі Алаш қайраткерлерінің ғылыми деңгейінің, өресінің қаншалықты биік екенін аңғартып тұр емес пе?!

«И» мен «у» мәселесінде көзқарас екіге жарылды, Ахаң бастағандар бұл дауыссыз дыбыс десе, екінші тарап дауысты деп дәлелдеуге тырысты, әрі дауыс­ты, әрі дауыссыз деген пікір де айтылды. Соңында «у» мен «и» дауыссыз дыбыс деген түйінге тоқтады. Сол сияқты «ф», «һ», «ч», «х» дыбыстарын әліпбиден шығару мәселесі көп талқыланды. Соңында осы 4 әріп қазақ әліпбиінен шығарылып, қазақ әліпбиінде 24 әріп қана қалсын деген қаулы қабылдады. Олар тапжылмай отырып, ертеден қара кешке дейін тіл, оқулық, ұлт мектебінің жайын бүге-шігесіне дейін сөз етіп, кеңінен талқылады. «Халықаралық, республикалық ғылыми конференция өткізіп жатырмыз» деп түске дейін 15-20 минут 5-6 баяндаманы тыңдауға әрең шыдап, түс ауа тарап кететін қазіргі кейбір конференцияларды, конгрестерді көргенде Алаш оқығандарының өз ісіне қаншалықты адал, мұқият болғанын көріп, мәдениеттілігіне тәнті боласың.

«Ғылыми әдеп» деген ұғым бар. Ол ғылыммен айналысып жүрген шығармашылық қауымның ғылыми еңбек жазу, сілтеме жасау, әріптесінің пікірін сыйлай отырып, пікірталасқа түсу, ғылыми еңбекке әділ баға бере білу мәдениетін көрсетеді. Біз осы уақытқа дейін Алаш қайраткерлерінің кәсіби біліктілігін, ұлт ісіне адалдығын көбірек айтып келсек, енді оған қоса олардың мәдениетінің, ғылыми әдебінің өте жоғары болғанын айтуымыз, атап көрсетуіміз қажет. Заман озған сайын мәдениет те дамып, ғылыми әдеп жоғарылай түсу керек қой. Кейде атақ-лауазымын алға тосып, маман пікірін ескермеу, көзқарасы мен пікірлері сәйкес келмесе ғылыми дәлел мен дерек-дәйекке жүгініп, сөзге тоқтау орнына менменшілдікке салынып, басқаша пікір айтқаны үшін бас араздыққа дейін баратын жағдайларды көргенде әлі біздің Алаш зиялыларынан үйренеріміз көп екен-ау деген ойға қаласың.

– Ендеше 100 жылдың алдында қазақ білімпаздары 24 әріп деп тұрақтандырған қазақ әліпбиі неге бір есеге жуық көбейіп кетті? Неге біздің зиялылар Ахметтер сияқты батыл қадам жасап, «ц», «ч» әріптерін әліпбиден шығарып тастаудан қорқады?

– Елдес Омарұлы «Тілдің заңын бұзбау керек. Тілді қолдан келгенше таза сақтап бағу керек. Тілдің өзінде бар дыбыстарды жоғалтпау керек. Өзінде жоқ жат дыбыстармен тілді былғамау да керек. Ғылымға керек пән сөздерді өнерлі елдің тілінен алып кіргізе беруге болады. Бірақ ол жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде таза қазақ сөзіне ұқсатып, жат дыбыстарын шығарып, орнына қазақ дыбыстарын қондырып, қазақ тілінің негізгі заңдарына үйлестіріп, тізіп алу керек» деген көзқарасынан осы съезде жасаған баяндамасында айнымайды. Олар осыған тоқтап, жоғарыдағы 4 әріпті әліпбиден шығару жөнінде шешім қабылдады. Ахмет те, Халел де сырттан кірген сөздер болыс бөкебай деген сөздер сияқты «қазақтың шапанын жамылып, тымағын киіп келу керек» деген көзқараста болғандықтан олардың ұстанымы мойындалды. Өткен ғасырдың 30-жылдарынан кейін Алаш қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшырады да, бұл ғылыми ұстаным кеңес жүйесі жағынан өзгеріске ұшырады. 30-жылдардан бастап кеңес халқының ғылым тілі, терминологиясы ғылым-білімі дамыған орыс тілінен үлгі алып, орыс тіліне негізделіп жасалуы керек деген талап қойылды. «Жазу-сызуы кенже қалған» Орталық Азия халықтарына орыс тілі үлгі тіл ретінде ұсынылды. Сонымен орыс тілінің үстемдігін орнату үшін біздің тілімізге кірме сөздерді таңбалайтын қазақ тіліне тән емес кірме әріптер енгізу ұсынылды. Ендігі жерде орыс тілінен енген сөздердің қалпын бұзбай, орыс тілінің емлесі мен дыбысталу заңдылығын сәйкес алу керек деген талап алға шықты. Оны қолдап, орыс тілінен келген атауларды жазылуы, айтылуы бойынша қабылдасақ, дамудың даңғыл жолына түсеміз деп жақтаушылар да табылды. Сөйтіп біздің тілімізге «в», «ё», «ф», «ц», «ч», «щ», «ъ», «ь», «э», «ю», «я» деген орыс тілінде бар, біздің тілімізде жоқ дыбыстарды таңбалайтын қосымша әріптер енгізілді. Ол озық үлгі ретінде дәріптеліп, насихатталды. Осылайша біздің әліпби 42 әріпке дейін көбейді. 3-4 ұрпақ осы әліпбимен сауат ашып, жазып-сызды да, тіліміздегі бұл таңбалармен жазылатын кірме сөздер олардың да санасына әбден орнықты. Міне, кеңес саясатының кесірінен осы әріптерден әлі күнге дейін құтыла алмай келеміз. «Завод», «рельс», «поезд» сөздерін «зауыт», «іреліс», «пойыз» деп айтып-жазуға әлі де көп адамның иліккісі келмейтіні содан. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Жақсы әліпби тілге шақ болу керек». Ал біздің қазіргі әліпбиіміз қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне шақ емес. Ол құдды бір балаға өзінің бойы мен дене бітіміне сай келмейтін үлкен шапан кигізіп қойғандай сөлпиіп тұр. Етек-жеңімізге сүріне беретініміз содан. Хат танығалы сөлпеңдеген әліпбиді жаттап, соны пайдаланып үйренген көп адамның одан арылғысы келмейтіні, өзіне шақ киім киіп үйренбегендігінен екенін ұғындырудың өзі оңай болмай тұр.

Сана ашылмай, ұлттық мүдде ұлықталмайды

Қазіргі әліпбидегі таластың бір ұшы да осыған тіреліп тұр ғой. Мәселен ц әріпі жоқ болса, центр деген сөзді қалай жазамыз деп уәж айтатындар да кездеседі.

–Дұрыс айтасыз, бірақ бұл дұрыс көзқарас емес. Әлиханның, Халелдің, Ахметтің еңбектерін қарап отырсаңыз бәрі ц келетін сөздерді с-әріпімен жазады. Орта, арнаулы орта, жоғары білімдерін орыс тілінде оқып алған Әлиханның ол тілді өте жетік білгені белгілі. Сол Әлиханның өзі еңбектерінде цифр деген сөзді сипыр (сыйпыр) деп жазған. Сол кезде олар орыс тілінде ц әріпі бар екенін білмей отырған жоқ қой. Ашығын айтқанда біз анаған, мынаған жалтақтап жүріп, тілімізде жоқ дыбыстарды белгілейтін басы артық таңбаларды әліпбиімізге енгізіп алып, енді содан құтыла алмай жүрген халықпыз. Бұл бір жағынан үстемдік етушінің, саясаттың қысымынан болса, екінші жақтан, біздің алаш зиялылары салған жолмен жүруге қауһарымыздың жетпегендігінің салдары. Мәселен, сол сиезде әліпби мәселесінде дыбыстық жүйеге негізделіп жазуымыз керек пе, әлде морфологиялық принципке бағынамыз ба деген мәселені де кеңінен талқылап, соңында үндестік заңы қазақ тілінің ең іргелі заңы екенін, қазақ тілінде сөздің түбірі өзгермейтінін алға тартып, біз дыбыстық жүйеге бағынуымыз керек деп шешті. Мәскеудің емеурінін жеткізген Бутовский қанша дәлелдегісі келгенмен оның пікірі өтпеді. Алаш оқығандары өз ұстанымдарын қорғап қалды.

– Съезде латын әліпбиіне көшу керек пе, жоқ әлде төте жазуды қолдана беру керек пе деген мәселе де талқыланды ғой?

– Бұл негізгі таласты мәселенің бірі болды. Жиналыста төте жазудың атасы Ахмет Байтұрсынұлы өзі негізін қалаған әліпбидің жазудағы басты артықшылығын атап өтсе, Нәзір Төреқұлұлы латын жазуына көшудің қажеті туралы сөз қозғады. Бірақ ол Ахаң айтқан дәлелдер басым, оны қолдаушылар көп болды. Ахаң да, Нәзір де бір-бірінің негізді дәлелдеріне құлақ аса білді. Мәселен, «Әріп мәселесін жете тексеру керек деген Ахметтің сөзін қостамасқа болмайды» деп сөз бастаған Нәзір төте жазуда бас әріп жоқ әрі қосылып тез жазылғанмен, баспа ісінде латын жазуының тиімді екенін дәлелді дәйекпен көрсетеді. Тек бұл екеуі ғана емес, басқалар да бірін-бірі толықтырып, қарсы уәжін тек нақты дәлелмен айтады. Қарап отырсаңыз, тіл мүддесі ғана ескеріле отырып, қызу пікірталас жүрген, бірақ ешқайсысы жеке басқа тиіспей, ғылыми әдепті барынша сақтаған. Жоғарыда айтқанымыздай, осы съезд материалдарымен мұқият танысқан адам ғылыми жиын өткізудің, ғылыми пікірталастың тамаша үлгісін көреді.

Съезде қазақ әліпбиіне төте жазуды қолданамыз ба, әлде латын әліпбиіне көшеміз бе деген мәселеге келгенде ғалымдардың көбі Ахметті қолдайды, яғни төте жазуда қалуға келіседі. Алайда латынға көшу Мәскеуден келген тапсырма болғандықтан, Нұғыман Зәлиұлының ұсынысы бойынша шешіліп тұрған мәселе қайта дауысқа салынып, бұл мәселені пысықтап, кейінгі съезде қайта қарайық деген пәтуаға келді.

– Осы съезде Әлихан Бөкейханұлы қандай ұсыныс айтты?

– Әлихан арнайы баяндама жасаған жоқ, бірақ аралығында жиынға төрағалық етті. Ол 16 маусым күнгі пән сөздері туралы қаулы қабылдарда «Қағаз бетіне кісінің аты-жөнін жазғанда орысшаға еліктеп, әкесінің атына «ов» қосып жазу қалсын» деген ұсыныс енгізеді. Оған Елдес пікір айтады. Соңында: «Үкімет орындарының қағазында әуелі әкесінің аты жазылып, оған «ұлы» деген сөз қосылып, содан соң өз аты жазылатын болсын» деген ұйғарымға тоқтайды. Олар сол кезеңде өздері қабылдаған осы шешімін басшылыққа алып, кітаптарында, мақалаларында өз аты-жөнін солай жазды. Сол уақытта бұл да маңызды шешім еді. Өйткені кісі есімі бір халық­тың бет-бейнесін көрсетіп, қай ұлттың өкілі екенін айғақтап тұратын төлқұжаты іспетті екені белгілі. Бірақ 30-жылдардан кейін бұл съезд шешімі басшылыққа алынбады. Өйткені сол жылдарда сол съезде пікір айтқан қазақ білімпаздары түгел қуғын-сүргінге ұшырады да, 30-жылдардың ортасында қазақ кісі есімін орыс тілінің үлгісімен жазуға қайта көшті. Сонымен қазақтың басым бөлігі кешегі Кеңес Одағы ыдырағанға дейін, керек десеңіз, бүгінге дейін -ов­/-ев, -ова/-ева, -ин/-ина сияқты орыс қосымшаларынан әлі толық арыла алмай келеді. Ал кеңес кезінде тек Бауыржан Момышұлы, Балғабек Қыдырбекұлы, Шона Смаханұлы, Әлкей Марғұлан сынды санаулы қазақтар ғана сол Алаш зиялыларының ізін жалғап, сол ұстанымнан айнымай кетті. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, қазақ халқы аты-жөнін өз ұлттық дәстүріне бағындырып жаза алмай отыр. 1996 жылы Президент Жарлығы шығып, қазақ кісі есімін өз ұлтының дәстүріне сай жазуға рұқсат берілді. Бірақ соған үн қосып, барлық қазақ «ұлы», «қызы» деп жаппай қолданып кеткен жоқ. Бұл да сүйегіне дейін өтіп кеткен құлдық сананың көрінісі. Яғни аты-жөні де ұлттың бет-бейнесі, нышаны екенін ескермей жүр. «Адасып, алаңдама, жол таба алмай, Берірек түзу жолға шық, қамалмай» дейді ғой Абай. Бізде Алаш салған дұрыс жол бар, бірақ отарлық саясаттың кесірінен ауытқып кетіп, сол түзу жолға әлі шыға алмай жүрміз.

Тізбелеп айта берсек, бұл съезде ұлт мүддесіне, ұлт тағдырына қатысты көптеген мәселе талқыға салынып, тағдыршешті шешімдер қабылданды. Тіпті сол кезде «қазақ – қазақ болғалы мұндай съезд өткен емес» деп Алаш зиялыларының өзі айтқандай, ұлттың мүддесін бірінші орынға қойып, қазақтың тіліне, жазу-сызу мәдениетіне, ұлттық оқу-ағарту мәселесіне қатысты түйіндерді 7 күн талқылап, нақты шешім қабылдаған дәл сондай алқалы жиын одан бергі 100 жылда өтті деп кім айта алады?! Сол съездің ашылғанына 100 жыл толуына орай мемлекет жағынан үлкен бір ұлттық құрылтай ұйымдастырылып, ұлтымыздың, тіліміздің ең өзекті мәселелері ғылыми тұрғыдан ашық талқыланса, қанеки. Қазірге дейін шешімін таппай жатқан әліпби, латынға көшу, ғылым тілі, терминология, мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің бар саласындағы қолдану жайы ұраншылдыққа ұрынбай, салиқалы түрде кеңінен талқыланып, ХХІ ғасыр басында да Алаш білімпаз­дары сияқты елдің, ғылым-білімнің дамуына тың серпін беретін қаулы қа­был­данса ғой деген ой, үміт болды. Бірақ қазірге дейін бұл бағыт­та атқарылып жатқан істі, нақты қадамды байқамадық.

Тым құрығанда тілтанушы ғалым­дар, алаш­танушылар, съездер тарихын зерт­теуші тарихшы мамандар бұл датаға орай ғылыми жиын өткізіп, съездің тарихтағы мән-маңызы мен ертеңіміз үшін қажетімізге жарайтын тұстарын айқындап, «Қазақ білімпаздарының съезі» деген кітапты елге жететіндей таралыммен сапалы етіп қайта бастырып шығару қажет деп ой­лай­мыз. Мұндай айтулы дата, тарихи жиын ескерусіз қалмауы керек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button