Басты ақпаратБілім

ҰБТ-дан не ұттық?

Астана қаласы бойынша 2024 жылы бітірушілер саны – 11 132 адам. ҰБТ-ға қала бойынша қаңтар айына Ұлттық тестілеу орталығына (app.testcenter.kz. немесе UTO қосымшасы арқылы) 5 446 түлек тіркелді. Тестілеу 2024 жылдың 18 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтті. 1-31 наурызда өтетін тестілеуге тіркелу бүгін басталады, база енді ашылады. 10 наурызда наурыз айында өтетін ҰБТ-ға тіркелген бала саны белгілі болады.

Тәуелсіздікпен қатар қаз тұрған сала, алғашқы онжылдығынан кейін еңбектей жүріп тіктелген сала, отандық білім жүйесіне енген жаңалықтың бірі – ұлттық бірыңғай тестілеу болатын. Алғашқы жылдары ұлттық бірыңғай тестілеуде білім гранттары қазақ және орыс топтарын бітірген түлектерге теңдей 50/50 принципімен бөлініп келді. Кейін қазақ мектебін бітіруші түлектердің үлес салмағы анағұрлым көп болғандықтан, пайыздық үлес салмақ ескерілетін болды.

Әділетті Қазақстан құрамыз десең, мектебіңді түзе

Мемлекет басшысы еліміздегі білім беру ісіндегі, ұрпақ тәрбиелеудегі қордаланған, қазіргі әлемдегі ахуал өте күрделі және құбылмалы бола отырып, күн өткен сайын қарама-қайшылықтары тереңдеп келе жатқан, ұлттық қауіпсіздігіміз үшін аса маңызды мәселелерге ерекше көңіл бөліп келе жатқанын жақсы білеміз. Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда да, үстіміздегі жылғы Қазақстан халқына Жолдауында да, I Республикалық педагогтар съезінде де мектеп жағдайын, ұрпақ тәрбиесін, маман даярлау саласының қадау-қадау проблемаларын жіктеп көрсетіп, ел алдындағы, ұлт алдындағы аса маңызды міндеттерді анықтап берді. Президент Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Ал енді мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер» дей келе, қазіргі күндегі халықаралық ахуалдың бұрын-соңды болмаған деңгейдегі шиеленісіне назар аудара отырып: «Бір-біріне мүлде қайшы келетін түрлі идеялар мен ұстанымдар қақтығысы белең алды. Бұл қақтығыс геосаясатта немесе экономикада ғана болып жатқан жоқ. Тіпті мәдениет пен руханиятты, құндылықтар жүйесін, басқаша айтқанда, идеология саласын да шарпуда» деген болатын.

Қысқасы, М.Әуезов айтқан «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұстанымды «Әділетті Қазақстан құрамыз десең, мектебіңді түзе» деген терең ұғыммен жалғастыруымыз керек. Бүгінгі күннің талабы, міне, осы.

Жыл айналып, білім сапасы анықталатын кез

ҰБТ тапсыру жоғары оқу орнына грант жеңіп алуға ниетті кез келген түлекке міндетті. Оқушы мектеп қабырғасында алған білімін қорыта отырып, жүзден жүйрік атануға бар күшін салады.

Тест тапсыру үшін оқушылар бірнеше сатылардан өтеді. Ең әуелі, ҰБТ тапсыруға өтініш қалдыру. Жас түлек «ҰБТ-ға өтініш үлгісі» арқылы құжат толтырады. Бірқатар мәліметтер жиналған соң, толықтай сынақ орнына жіберіледі. Жыл сайын ҰБТ-да бірқатар өзгертулер болып жүр, жылдан жылға жетіліп келеді. 2020 жылы талапкерлер тікелей көрсетілген видеокамера арқылы тест тапсырса, 2021 жылдан бастап түлектер қағазсыз компьютер арқылы алған балы көрсетілетін жаңа формада тапсырды.

Жалпы, бұған дейін әрбір оқушыға тест тапсырмалары бар кітапша берілсе, енді дербес компьютер ұсынылған. Түлектер мамандандырылған орталықтарда компьютер арқылы тапсырады. ҰБТ-ға дайындық барысында түлектер бірнеше қайтара тестілеуден өтумен шыңдала білді. Әрине, қорытынды балдары да көңіл қуантуы керек.

2020 жылдағы ҰБТ нәтижелері салыстырмалы түрде жоғары болды. Оқушылар арнайы орталықтарда карантиндік ережелерді сақтай отырып, сынақтан өтті. Түлектерге жаңа оқу жылында бірқатар өзгеріс­тер енгізсе де, жоғары өрлеу байқалды. Оқушылар таңдаған пәндерін жетік меңгеруге күш салды. Міндетті және бейінді пәндердегі олқылықтардың да орны толықтырылды.

Міндетті пәндер болып табылатын тарих, математикалық және оқу сауаттылық жағынан сұрақтардың ақсап тұрған тұстарының кем-кетігі түзелді. Жүйесіз сұрақтар ретке келтірілді.

2021 жылдың жаңалығы сол, грант иегері атану үшін түлектер екі рет сынақтан өтті. Екі тестілеуден өткен оқушының ең жоғары балл көрсеткіші грант ұтып алу үшін байқауға алынады. Сонымен қатар, ақылы оқуға түсу үшін де шекті балл жинау міндеттелді.

2021 жылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеу онлайн түрде жүреді, тестілеу орталықтары алдын ала дайындық жұмыстарын қайта-қайта пысықтайтыны белгілі.

Ереже бойынша тестіленушілер сәуір-маусым аралығында ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, ҰБТ тапсыратындар үшін тестілеу уақыты 4 сағат бөлінген. Компьютерлік тест тапсыру кезінде оқушыларға екі рет үзіліс беріледі. ҰБТ басталған соң бір сағаттан кейін көзді тынықтыру үшін екі минут, екі сағаттан кейін 15 минут беріледі. Осы уақытта түлектер әжетханаға шығып, демала алады.

ҰБТ қалай өтіп жүр?

Былтыр түлектердің 83 пайы­зы шекті балл жинады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Орталық коммуникациялар алаңында айтты. «2023 жылы 162 мың талапкер ҰБТ тапсырды. Оның 135 мыңы шекті балл жинады, бұл – қатысушылардың жалпы санының шамамен 83%-ы. Орташа балл – 73, ең жоғары көрсеткіш – 137 балл» деді спикер.

ҰБТ-ға қатысты соңғы жаңалықтар, ол – таңдау пәндері. Бейіндік пәндердің сұрақ санын 40-қа, ал балл санын 50-ге өсіріп отыр. Бұлай жасалу себебі, ол – тапсырушы түлек дайындығын жеңілдету және жастардың еліміздің тарихын ұмыттырмау. Мақсатты іске асыру үшін «Қазақстан тарихы» пәнінен 20 балл мен сұраққа өсіріп, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен сұрақ санын 10-ға дейін, балл санын да 10-ға кемітті.

Жаңа өзгерістер еніп, мемлекет ҰБТ жүйесін тапсырушы түлекке ыңғайлы етіп дамытуда. Мысалы, 2018-дің түлегі ҰБТ-ға дайындалу үшін бірнеше сағат жол жүруі тиіс болса, ал қазір елдің кез келген бөлігінен үйінде отырып-ақ дайындала алады, яғни өзінің уақытын, энергиясын, ақшасын жолға емес, білімін шыңдауға жұмсай алады. Талапкерлерге енді тек таудай талап, терең еңбек, бармақтай бақ керек.

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button