Басты ақпаратМәселе

МӘМС-ке жұрт неге наразы?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы реформалар жасалып, атқарыла бастағанына бірнеше жыл болды. Алайда бұл реформалар жұрттың көңілінен шығып жатқан жоқ. Өз уағында мемлекеттен медициналық көмек ала алмаған жұрттың наразылығы күннен-күнге күшейіп, МӘМС жүйесін алып тастауды талап етушілер көбеюде. Алайда осы жүйе бойынша туындаған мәселелердің басын ашып, себептеріне талдау жасап, салдарын саралаған денсаулық сақтау министрлігі жоқ. 2023 жылы МӘМС бойынша 2,5 триллион теңге жұмсалған. Бұл 2020 жылғы бюджеттен екі есе көп. Алайда медициналық қызмет көрсетудің сапасы екі есе жақсарып кеткен жоқ.

Бірінші: нау­қастар қажет деген дәрігерлеріне уақытында жазыла алмайды. Бітпейтін ұзын-сонар кезек. Келесі айдан келесі айға сілтеу.

Екінші: Науқастар дәрігердің алдына ұзақ күткен кезегі келгенімен, енді қажетті анализдер тапсыруға жолдама алу үшін тағы кезекке тұруға тура келеді де, кезегі келесі айдан келесі айға сырылады.

Үшінші: анализдеріне жолдама алып, нәтижесін қолға алғаннан кейін, диагностикалық аппараттарға түсуге жолдама алу үшін тағы да кезекке тұруға тура келеді.

Төртінші: диагностика тұрақталып, ауруханада ем алу үшін, болмаса операция жасатуға тағы да күтеді…

Бесінші: ауылдан аудан орталығына, ауданнан облыс орталығына шұбырған, кезек күткен халық…

Алтыншы: көрсетілген медициналық қызмет сапасы және нәтижесі көңіл көншітпейді.

Жоғарыдағы бітпейтін кезектер, күтулер, сапасыз және нәтижесі төмен медициналық көмектің кесірінен ай сайын МӘМС-ке жарна төлеп отырса да, кейбір науқастар кезек күтіп өлетін емес, өз ақшасымен немесе қарызға кіріп, ақыры жекеменшік лабораторияларға, жекеменшік орталықтардың ақылы қызметтеріне жүгінеді. Ал қаражаты жоқ науқастар кезегін күтіп жүріп ауруын асқындырады немесе мезгілсіз о дүниеге аттанады. Осынша бітпейтін кезектен шаршаған жұрт МӘМС жүйесінен бас тартып, бұрынғы жүйеге оралуды талап етуде. Алайда негізгі себеп тек қана МӘМС жүйе­сінде емес, Денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы қордаланған мәселелердің уағында шешілмеуінде жатқанын жұрт түсінбей отыр. Біз төменде МӘМС жүйесі негізінде денсаулық сақтау саласында үлкен өзгерістер жасай отырып, қордаланған мәселелерді шешудің жолдарын ұсынамыз.

Ал қаражаты жоқ науқастар кезегін күтіп жүріп ауруын асқындырады немесе мезгілсіз о дүниеге аттанады. Осынша бітпейтін кезектен шаршаған жұрт МӘМС жүйе­сінен бас тартып, бұрынғы жүйеге оралуды талап етуде

Бірінші: қор денсаулық сақтау министрлігіне қарамауы керек. Ұлттық экономикалық министрлігіне немесе халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарау керек. Денсаулық сақтау министрлігі өзі тапсырыс беруші, өзі орындаушы, өзі бақылаушы бола алмайды.

Қорда маманданған тәуелсіз мамандар, эксперттер жұмыс істеуі керек. Олар медициналық көмектің сапалы болуына, қажетті көмектің уақытында, тез көрсетілуіне, жасалған емнің нәтижелі болуына, жұмсалған қаржының орнымен қолдануына толық мониторинг жүргізуі қажет. Егер сапасыз немесе қате, қажет емес медициналық көмек беру байқалған жағдайда фактілерге негізделіп, сол қызмет бойынша қаржыландыруды тоқтатуға, тексерістер жүргізуге құқылы болуы керек. Өкінішке қарай, қазірге дейін қор тек медициналық мекемелердің толтырған аурухананың ақпараттық жүйесіне (ГИС) ғана сүйеніп бағалай алады. Ал мемлекеттік сатып алуларды мүлдем бақылай алмайды.

Екінші: Қор тек қаржы бөлумен ғана шектелмеуі керек, онда жұмыс істейтін тәуелсіз мамандар, эксперттер Денсау­лық сақтау министрлігінің, медициналық мекемелердің, мемлекеттік сатып алу жүйе­сіне толық мониторинг жасап отыруы керек. Егер заңсыздықтар орын алған жағдайда, нарықтағы бағаға сәйкес емес келісімшарттар жасалған жағдайда қор өз атынан қорытынды беріп, қатысты органдарға мәлімдеуге мүмкіндігі болуы керек.

Үшінші: Қор ауырмаған,
өз денсаулығын күткен салымшыларына салған қаржысының мәлім бөлігін сыйлық ретінде таратып, жұртты өз денсаулығын күтуге, қорғауға ынталандыру керек.

Төртінші: қор медициналық мекемелердің медициналық аппараттармен жабдықталу көрсеткішінің ең төменгі шектегі жабдықталуын, медициналық мекемелердің медициналық аппараттар паркінің үнемі  жаңалануын, медициналық анализ, диагноз көрсеткіштеріне мониторинг жасап, бақылап, бағалауы керек. Егер қажетті стандарттарға сәйкес келмейтін медициналық мекемелер байқалса, дер кезінде денсаулық сақтау министрлігіне мәлімдеп, стандарттарға сәйкес емес медициналық мекемелерді қаржыландыруды тоқтату керек.

Осындай бақылау-бағалау, мониторинг жасау арқылы қаржыландырушы, яғни тапсырыс беруші жақ оны орындаушы тарапқа қажетті талаптарын қойып, төленетін қаржының есебін, өтелетін қызметтің сапасын сұрау арқылы Денсаулық сақтау министрлігін тәуелсіз тұрғыда бағалап, бақылап, осы саланың дамуына қозғаушы күш болады. Сонда ғана таза нарықтық қарым-қатынас орнап, қызметтің сапасы, тездігі артатын болады. Медициналық қызметті тұтынушылардың құқы қорғалады.

Ал Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі қордың талаптарына сай сапалы қызмет көрсету үшін не істеу керек?

Бірінші: СК-Фармация атанған монополиялық компанияның қызметінен бас тартып, толық таратылуын талап ету керек. Ашық бәсеке, нарық заңымен қызмет істейтін жеке компаниялардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Осылай істеген жағдайда мыңдаған түрлі дәрі-дәрмектер, медициналық расход-материалдарды арзан бағада сатып алуға, уақытында сатып алуға және заңға сәйкес қызмет көрсетілмеген жағдайда сотқа беріп, медициналық мекемелердің құқықтарын қорғауға мүмкіндік болады. Ең бастысы, миллиардтаған қаржы үнем болып, шығындар азаяды. СК-Фармацияның монополиясы тұрғанда Қазақстан медициналық нарығында ашық бәсеке, нарыққа сай баға, қызмет көрсету болмайды. Сондай-ақ алып ұлттық монополист компаниямен медициналық мекемелердің тең тұрғыда тұрып, сапалы, нарыққа сай тауар талап етуі, заңсыздықтар болған жағдайда сотқа жүгініп, жеңіп шығуы мүмкін емес.

Екінші: «Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» сияқты мемлекеттік сараптау орталықтарының жұмыстарын ретке келтіріп, клиникалық-техникалық негіздеме, оңтайлы техникалық сипаттағы сараптама, бірыңғай техникалық спецификация қатарлы қаптаған қажетсіз бюрократиялық сараптама қыз­меттердің орнына таза ашық бәсекеге жол ашатын сатып алу жүйесін жасау керек. Ескірген медициналық паркті жаңарту үшін жоғарыдағы сараптама жасаудың не қажеті бар? Онсыз да мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық мақсаттағы бұйымдармен жарақтандырудың ең төменгі стандарттары бекітілген. Сол стандарттарға жету үшін медициналық жабдықтарды жаңарту үшін көп сараптама жасап, медициналық ұйымдардың медициналық паркін жаңартуға кедергі келтіретін жүйені алып тастау керек. Ал жаңа жобалар үшін бизнес жоспарларға сараптама жасату жеткілікті.

Үшінші: Денсаулық сақтау министрлігі республика бойынша  медициналық мекемелердің жабдықталуына толық және шынайы мақсатта мониторинг жасап, алдағы үш жылда 2004 жылдан әрі қарай өндірілген медициналық жабдықтарды мемлекет бойынша есептен шығарып, утилизация жасау керек. 2004 жылдан 2014 жылға дейінгі өндірілген  медициналық жабдықтарға 10 жылға арналған кесте жасап, медициналық аппарат паркінің жаңаруына толық қол жеткізу керек. Олай істемеген жағдайда Екібастұздағы жылу электр станциясының тағдырын медициналық мекемелер қайталайтын болады. Совет одағынан бергі келе жатқан емхана-ауруханалардың инженерлік жүйесін жаңалау да – кезек күттірмейтін мәселе….

Төртінші: Семейдегі орман өртіне байланысты Президент апат болған жағдайда дайын тұрған «жұмыс алгоритмі» жоқ деді. Ковидке қарсы күрес кезінде, өткендегі Астана қаласы бойынша электр жарығының өшуі кезінде көптеген ауруханалар абдырап қалды. Медициналық жабдықтардың техникалық жағдайына байланысты дұрыс диагностикаға, адам денсаулығына, өміріне қауіп төндіретін жағдайлар болған кезде кімдер жауапты, кімдер жауапкершілік алу керек деген біртұтас стандарттар-клиникалық инженерия бағдарламасы әлі жоқ. Жыл сайын медициналық жабдықтарға миллиардтаған қаржы кетсе де, аудан-облыс­тарда олардың мүмкіндіктері толық пайдаланылмайды. Жеткілікті дәрежеде сауатты техникалық күтім, толық функционалды қолдану үшін дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің аппараттарды қолдану біліктілігін көтеру өз деңгейінде емес. Медициналық жабдықтарға сервистік қызмет көрсету бойынша жасалған бұйрық (№ ҚР ДСМ-273/2020) бұл саладағы проблемаларды шешуге қауқарсыз. Сол үшін Қазақстандағы ұлттық-рес­публикалық орталықтардан бастап, аудандық дәрежедегі медициналық ұйымдарда біртұтас стандартталған жұмыс алгоритмі – клиникалық инженерия бағдарламасы қабылдануы керек. Медициналық аппараттардың қатысуымен болатын операциялар, шұғыл жағдайда нақты, жедел көмек беретін әрбір медициналық мекемеде жұмыс істейтін жоқ дегенде бір клиникалық инженер штаты болуы керек. Әрі оларға арналған курстар ашып, біліктілігін арттыруды, сертифкаттауды міндеттеу, медициналық мекемелердің техника-технологиялық мүмкіндігін жоғарылату, сервистік қызмет көрсету кезінде болатын қауіп-қатердің алдын алу, біліксіздіктен болатын қауіп-
қатердің алдын алу, құқықтық міндеттердің айқын болмауынан болатын тәуекелдерді азайту қажет.

Бесінші: 21 ғасыр – вирус­тардың, жұқпалы аурулардың ғасыры. Одан шығудың жалғыз жолы – ол вакциналау. Халықтың қазіргі вакцинаға деген сенімсіздігі жоғары шекке жетті. Халықтың сенімін қайтару үшін, вакцинаны тендер не конкурс арқылы сатып алуды толық жойып, халықаралық қауіпсіздіктер мен стандарттарға сай, сапалы вакцина шығаратын компаниялармен тікелей келсімшарттар жасап, елге сапалы вакцина жеткізу керек. Сонымен бірге вакцинаны тасымалдау, сақтаудың біртұтас инженерлік жүйесін жасап, біртұтас стандарттарға келтіру керек. Осы жағдайларды шешкен кезде елімізде вакцинаға деген сенім де артады, сапасына да көзі жетеді. Сонымен бірге маусымдық және кездейсоқ жұқпалы аурулар азайып, еліміздің денсаулық сақтау саласына бөлген бюджет қаржысын үнемдеуге болады.

                       Серік МҰРАТХАНҰЛЫ,   

«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ
медициналық аппараттар бөлімінің бас инженері 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button