Қала мен Сала

Бейнебақылау камералары анықтайды



Көбінесе жүргізушілер бағдаршамның сары түсіне тоқтамай, тез өтіп кетуге тырысады. Осыған орай, елордалық полицейлер тұрғындарға бағдаршамның сары сигналына өтуге тыйым салынатыны туралы ескертеді.

Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Эльдар Данияровтың айтуынша, көбінесе жол-көлік оқиғалары бағдаршамның сары түсі жанып тұрған қиылысынан өту кезінде орын алады.

– Бүгінде елорда жолдарында апатты жағдайлардың болуына жол бермеу – басты мәселе. Бұл жерде негізгі себеп – жол ережесінің сақталмауы. Сондықтан біз осы мәселе бойынша үнемі талдау жүргіземіз. Бұл ретте жүргізушілерге Қазақстан Республикасы жол қозғалысы ережелері 5-тарауы 24-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, бағдаршамның сары сигналы қозғалысқа тыйым салатынын, ал жыпылықтаған жасыл шам жақын арада тыйым салу сигналының шығатынын ескертеді. Мұндай бұзушылықтарды бейнебақылау камералары автоматты түрде тіркейді. Осыған байланысты жүргізушілерді жолда сақ болып, жол ережесін сақтауға шақырамыз, – деді Эльдар Данияров.

Басқарма бастығы бірінші орынбасарының айтуынша, соңғы бір жылда осыған ұқсас 3 мыңнан астам оқиға тіркелді. Жол-көлік оқиғалары бағдаршамның тыйым салынған сигналына, яғни қызыл, сары түске өтуі, оның ішінде сары сигналына өткені үшін болған. Соның салдарынан 6 адам қаза тауып, 246 адам жарақат алған.

Биыл жыл басынан 400-ге жуық жол апаты орын алған. Енді мұндай фактілер бейнекамералармен анықталып, айыппұлдар автоматтандырылған түрде жіберіледі.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button