Мәдениет

Белгісіз Мәмбеев



Ұлттық музейде Қазақстанның халық суретшісі Сабыр Мәмбеевтің картиналары қойылған «Белгісіз Мәмбеев» атты көрме ашылды.


Сабыр Мәмбеев – қазақ бейнелеу өнеріндегі ерекше қолтаңбасы бар суретшілердің бірі. Ол Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітіргеннен кейін қазіргі Санкт-Петербургтегі И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері инс­титутына оқуға түсіп, осы саланың майын ішіп, жілігін шаққан мамандардан дәріс алады. Оның туындылары елімізге ғана емес шет мемлекеттерге де жақсы танымал. Қылқалам шеберінің «Тауда» атты картинасы Мәскеудегі Шығыс халықтарының өнер мұражайында және «Киіз үй» туындысы Третьяков галереясының жеке жинағына енген. Оның суреттері шынайылығымен ерекшеленеді. Сабыр Әбдірәсілұлы 28 жасында Қазақ ССР Суретшілер одағының төрағасы болып сайланып, осы қыз­метті табан аудармай 25 жыл атқарды. Мәмбеевтің басшылығымен облыс орталықтарында суретшілер мен мүсіншілерге арналған шеберханалар, музейлер мен көрме залдар ашылды. Қазақстанның алты қаласында суретшілер үйі салынды. Сонымен қатар Әбілхан Қас­теев атындағы мемлекеттік өнер музейі мен Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының ашылуына да үлес қосты.
Мәдени шараның ашы­луында Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин көрмеге суретшінің танымал еңбектері қойылғанын жеткізді.
Сондай-ақ көрмеге арнайы қонақ болып келген қылқалам шеберінің қызы Жанар Мәмбеева әкесі туралы жиналғандарға жып-жылы естелік айтты.
«Бұл көрмеге әкем қайтыс болғаннан кейін екі жыл ішінде қалпына келтіріп, жинақталған шығармалар ұсынылды. Бұдан да бөлек жұмыстары көп, солардың ішінен таңдап 77 шығарманы арнайы алып келдік» деді ол.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button