Мәдениет

Биікке самғаған бард



Ұлттық академиялық кітапханада қазақтың тұңғыш барды Табылды Досымовты еске алуға арналған «Биіктік» атты әдеби-сазды кеш пен фотокөрме өтті.

Шара барысында осыдан 10 жыл бұрын шыққан «Із тастап аққан бір жұлдыз» кітабы екінші басылымының тұсауы кесілді. Көрермен экран арқылы Табылдының сұхбатынан үзінді тыңдап, аяулы азаматтың бейнесімен қауышты. Бардтың достары, курстастары, замандастары, жақын араласқан адамдары естелік айтты.

Табылды Досымов осыдан 13 жыл бұрын, бар болғаны 45 жасында өмірден өтті. Қазір жер-жерде оның әндерін шырқайтын ізбасарлары аз емес. Ал ұлы Абыл гитарасын ұстап қалды. Табылды Досымов атындағы республикалық байқау да өтті. Кеш барысында аталмыш байқау жеңімпаздары әндерін қалықтатты. Табылды, өз өлеңдерімен қатар, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Серік Ақсұңқарұлы, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан, басқа да белгілі ақындардың жырларына ән жазды. Сол сияқты «Ұнатамын мен сені», осы кешке атау берген «Биіктік», «Күнікей қыз», «Ақан серіге», «Астананың аруы», «Сәйгүлік», «Алматыда қалған қыз», өзге де әндері, оның рухына арналған туындылар шырқалды.

Ақын, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова, курстасы Арман Сқабылұлы, ақындар Бауыржан Бабажанұлы, Әлия Дәулетбаева мен Бақытгүл Бабаш, ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан естелік айтып, арнау өлеңдерін оқыды. Белгілі қаламгер, ғалым Бауыржан Омарұлы Табылды шығармаларының ерекшеліктеріне тоқталды. Академик Кәрімбек Құрманәлі таланттарды бағалау, құрметтеу туралы толғанды. Кеш соңында Табылдының тұяғы Абыл Аяш жиналғандарға алғыс айтып, әкесінің бірнеше әнін шырқап берді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button