Руханият

Қала деңгейінде қалмағаны жөн

Қазақ ұлтында би өнері – шарықтаған шат көңілдің белгісі. Қазақ биі – бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін ұлттық сахна өнері. Қазақтың халық би өнері – ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйімен, дәстүрлі тұрмыс-салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы. Халық көркем ойының бір көрінісі ретінде би өнері өзінің эстет болмысында қазақ жұртының жалпы дүниетанымына сай арман-мұратын бейнелейтін қимылдар жүйесін қалыптастырған.

Осы құбылысты дәл байқаған азаматтарымыз 2007 жылдың 1 наурызында елімізде тұңғыш рет би театрын ашуға күш салды. Ұлтымыздың сұлу сазын назды қимылға айналдырған бишілерге қарап «Наз» деген ат қойылды. Қала сыртынан, кейіннен қала құрамына кірген «Көктал-1» шағын ауданынан ғимарат та берілді. Ол ғимарат 1962 жылы салынып, 1990 жылдардың басынан бері қаңырап бос тұрған мәдениет үйі болатын.

Би өнерін бағалайтын көрер­мен үшін театр өте алыс. Өз кәсібіне адал ұжым мүшелері, ғимараттың алыстығына, да­йындыққа қолайсыздығына қарамастан, жұмысын жүргізуде. Өкініштісі, жырақта орналасқан театр ұжымының еңбегі көп кө­рерменіне жете бермейді. Есесіне бишілердің өнерін еліміздің ресми қонақтары тамашалайды. Ұлттық нақыштағы киімдері мен қайталанбас қимылдарына тамсана қарайды. Елімізде түрлі классика жанрындағы би ұжымы баршылық. Ұлтымыздың төл өнері болмағандықтан, шетелдік қонақтарға бұл аса таңсық емес. Аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан, ұлттық киіммен бұрала билеп, әуежайларда қарсы алатын – «Наз» би ­театры ұжымы. Билеуге арналған ұлттық киім сібір халықтары секілді қалың емес екені баршаға аян. Өзге елдерге мәдени сапарға бірге апарып мақтана көрсетеріміз де осы ұжым. Тізе берсек, «Наз» би театрының еңбегі ұшан-теңіз. Себебі біз осы театрдың құрылғаннан бастап өркендегеніне дейін көріп жүрген азаматпыз. Театрдың тынысын білетін жанашыр көрерменбіз. Біздің түсінігімізде дәл қазіргі кезеңде «Наз» мемлекеттік би театрымен деңгейлес би ұжымы жоқ. Тек би қойылымдары ғана емес, ауқымды би спектакльдерін сахналап, драма театрлармен де сайысқа түсіп жүрген бірден-бір ұжым. «Тұйғындар», «Шыңғысхан», «Мың бір түннің бір түні» хореография спектакльдері – шоқтығы биік қойылымдар. Ал хакім Абайдың 175 жылдығына арналған «Әзімнің әңгімесі» спектакліндей қойылымды Қазақстанда ешбір театр қойған жоқ. Яғни ұлы Абайдың өзі жазған, аяқталмаған поэмасын жаңа көзқараспен аяқтап, жалпы әдебиетімізде көмескіленіп қалған дүниеге жан бітіріп, жарқыратып қазақ сахнасына ұсынған бірден-бір театр.

Еліміздегі тұңғыш би ­театры – қалалық әкімдіктің құзырында. Мемлекеттің, ұлттың өнерін паш етіп жүрген ұжым бір қаланың деңгейінде қалуы жөн емес. Мемлекетаралық, республикалық және халықаралық деңгейдегі, Президенттің қатысуымен өтетін, Үкімет деңгейіндегі мәдени іс-шаралар «Наз» би театрының қатысуынсыз өтпейді. Сондықтан осы жайттарды ескеріп, «Наз» мемлекеттік би театрын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей құзырына берген жөн болады. Сол арқылы, ұлттық би өнерімен қатар, ұжымдағы костюм тігушілер мен хореографтардың шығармашылық тынысы ашылар еді. «Наз» би театры – бұл қазақ деген халықтың тұтас болмысын көрсететін, қайталанбас қолтаңбасы бар ұжым.

Тұрар ШӘКЕН,

тарихшы, этнолог, «Қара шаңырақ» ҚБ директоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button