Айтпайын-ақ деп едім!

Қазақы есімдерден безінбейік!

Бір кездері «Асыл арна» телеарнасы арқылы жүргізілген саясат «жемісін» беруде. «Асыларналықтар» сол кезде ешкімнен именбестен: «Дінсіз қауымға тән есімдерден гөрі ұлдарымызға Мұса, Иса, Салих деп пайғамбарларымыздың атын, қыздарымызға Фатима, Халима, Әмина деген есімдерді қоялық» деген мақсатын халыққа ашық айтты. Еліктегіш қазақтар бұл ұсынысты бірден құп көріп, жаңа туған сәбилеріне Абдуррауф, Абдуссамад, Абдуллах, Абдуррахман, Абдусаиднұрислам, Амир, Али деп арабша ат қойып жүр. Ел арасына кең тараған әйгілі есімдердің ішінде Раяна, Рабия Сұлтанбегім, Раббина, Айлин, Медина, Аиша (Айша емес), Амина, Айлин, Сафия көп. Ер балаларға Алихан, Нұрислам, Али деп ат қоятындар жетерлік.

Бұл – қазақы болмысты жай жатырқау емес, ұлттық дәстүрден безіну. Арабқұлдар «ырымдап қоятын аттардан бас тарту» дегенді қоғамға насихаттап, тағы дегеніне жетті. Қазақтың дәстүрінде балаларға тіл-көз тиюден және жын-шайтаннан сақтану мақсатымен: Итбай, Күшікбай, Жаманбай деген елеусіз, оғаш есімдер қойып отырған. Бұрын қазақ бала дәулетті болсын деген тілекпен Байбол, Алтынбай, Дәулетбай; ержүрек болсын деген тілекпен Батыр, Қаһарман, Батырбек, Қамбар; ажарлы болсын деген тілекпен Айсұлу, Нұрсұлу, Аққыз, Аппақ, Жамал, Ботакөз; ұзақ жасасын деген ниетпен Ұзақ, Өмірзақ, Мыңжасар; ақылды болсын деп Ақылбай, Ақылбек, Дана деп ат қойған. Қазір қазақ осы есімдерден бас тартып, Белла, Лурия, Нармин, Эдельвейс, Саммидастана, Абдусаиднұрисламхан, Имран, Ахмад, Хамза деп ат қоятын «сән» шығарып жүр. Бұған не дейсіз? Санамызды отарсыздандыру процесінің жүргізілмей жатқанын осыдан-ақ көруге болады.

2023 жылдың 6 айында Қазақстанда 189,5 мың бала дүниеге келді: 98 мың ұл, 91,5 мың қыз. Соның ішінде сәбилерге ең көп қойылған есімдер – Әлихан мен Мадина. Ұлттық статистика бюросы 2023 жылғы мау­сымда ер балаларға қойылған ең танымал 10 есімді жариялады: Әлихан – 298; Алдияр – 262; Амир – 240; Омар – 233; Алан – 227; Айсұлтан – 208; Мұхаммед – 188; Нұрислам – 182; Хамза – 180; Әли – 171. Ал қыз балалар есімі рейтингін Мәдина мен Айлин бастап тұр. Маусым айында қазақстандықтар ең көп қойған есімдер мыналар: Мәдина – 551; Айлин – 482; Айша – 452; Асылым – 440; Томирис – 305; Сафия – 284; Райан – 283; Айым – 266; Әмина – 257; Аяла – 246.

Қазақ халқы ат қоюда өзгеден үйренетіндей, соның дәстүрін көшіретіндей ұлт емес. Қаншама ғасыр бойы өлмей, өшпей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміз бар. Сол ата салтымызды ұстануға тиіспіз.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button