Басты ақпаратЕлорда тынысы

Кітапқа құштарлық қадамы

Мемлекет басшысы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында  «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасы аясында жуырда «8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасы басталды.

Бұл – оқушылар арасында кітап оқуды насихаттайтын, оқушылардың оқу мәдениетінің деңгейін және олардың оқу белсенділігін арттыруға арналған маңызды жоба болып отыр.

«8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасы Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінде жүзеге асырылып жатыр. Аталған жоба аясында балалар күнде 8 минут кітап оқиды. Яғни, әр ауысымның алдында сабақ басталмас бұрын 8 минут уақытын кітап оқуға бөледі. Содан соң 2 минут тынығып алып, сабақтарына кіріседі.

– Бұл жобаны бастаудағы мақсатымыз – әрбір оқушы көркем әдебиет оқыса екен дейміз. Себебі кітап оқыған оқушының білімі, ой-өрісі кеңейеді. Кітап оқудың пайдасы орасан зор. Сөздік қордың көбеюіне, мидың күнделікті жаттығуына және есте сақтау қабілетінің жетіліп, баланың шығармашылық ойлау жүйесін жақсартады. Одан өзге білім сапасын көтеруге тигізер әсері мол. Сол себепті осы жобаны ойлап тауып, мектептерге енгізіп отырмыз, – дейді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Сондай-ақ мектептерде «Буккросинг» бұрыштары ашылады. Онда оқушылар бір-бірімен кітап алмаса алады. Аталмыш жоба аясында болашақта балабақшаларда «8 минуттық ертегі тыңдау» жобасын бастау да ұсынылмақ.

Оқушылар оқуға ұсынылған көркем әдебиет тізіміне сәйкес, таңдаулары бойынша кез келген әдебиетті оқи алады. Кітапты тікелей кітапханадан алып немесе ұнаған кітаптарының көшірмелерін де пайдаланса болады.

Балалардың ауызекі сөйлеуін дамытып, сөздік қорды қалыптастыру мақсатында тәрбиелеу-білім беру процесінде күн тәртібіне сәйкес балаларды қабылдап, таңертеңгі жаттығудан, таңғы астан кейін балалардың күнделікті ұйымдастырылған, ойын, танымдық, коммуникативтік, шығармашылық, эксперименталдық, еңбек, заттық, қимылдық, бейнелеу іс-әрекетінің алдында тәрбиешілер 8 (сегіз) минуттық ертегі оқуды жүзеге асырады, яғни балалардың әрекетін ертегі тыңдаудан бастау ұсынылады.

Нәтижесі айтарлықтай, оқушылардың сөйлеу мәдениеті дамып, ойын еркін жеткізеді. Оқыған кітабының мәтінін талдап үйренеді, зерделейді. Кітап оқу дағдысы қалыптасады. Осылайша, 8 минуттық кітап оқу дағдысы күнделікті оқу процесіне енді.

Жұмағали ЕРГЕШБАЕВ,

Астана қаласы әкімдігі 

Әдістемелік орталығының әдіскері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button