Басты ақпаратСұхбат

Білікті мұғалім беделсіз болмайды



Ертең елорданың көкірегі қазынаға толы көнекөз қарияларының бірі Отызбай Сүйіндіков атамыз торқалы тоқсан жасқа толады. Бұл кісі – ұзақ жылдар білім саласында еңбек етіп, ұлағатты ұстаз, білікті басшы деген құрметке ие болған сирек болмысты азамат. Соның ішінде отыз жылға жуық қазіргі Ақмола гуманитарлық колледжін басқарып, оны бұрынғы Одақ көлеміндегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының дәрежесіне жеткізіп, бүкіл елге танытты.

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының орта кезінде Ақмола Целиноградқа айналып, тың игерушілер жан-жақтан ағылып, «Ар­қа­ның ажары» атанған өңірде қазақ ауылдары мен мектептері жетім баланың күйін кешіп, шетке ысырыла бастаған шақта ұлттық құндылықтар мен ана тіліміздің қасиетін көзінің қарашығындай сақтауға жан-тәнімен еңбек еткен тұлғаның бірі де осы кісі. Қазір де өмірден көргені мен түйгені мол абыз ақсақал тоқсанға келдім деп тосылып қалмай, жас ұрпақпен жиі кездесіп, ақылын айтып отырады. Кеше дария кеуде, ақпе­йіл қартты мерейтойымен құттықтай барып, өткен күндерді ойға оралтып, аз-маз әңгіме шерткен едік.
– Ассалаумағалейкум, әке! Күйлі-қуатты жүріп жатырсыз ба?
– Уағаликумассалам, балам! Аллаға шүкір!
– Әке, бүгінде елорданың қарт тұрғындарының бірісіз. Осы қалаға қай кезде келдіңіз, ол кезде Ақмола қандай еді?
– Мен қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Қор­ғалжын ауданындағы Жантеке ауылында өмірге келдім. 1947 жылы туған ауылымдағы орта мектепті аяқтап, бастауыш сыныпқа мұғалім болдым. Бұл соғыстан кейінгі ауыр жылдар еді. Елдің іші әлі еңсе көтере қоймаған шақ. Сонда да «біз жеңдік» деген жалғыз ауыз сөздің құны адамдарға рух берді. Білімге сондай ашқарақ болдым. Ауылда қалып қоймай, қалаға барып жоғары оқу орнында оқысам деп алдыма мақсат қойдым. 1948 жылы арғымақ арманға мініп, Алматыға жол тарттым. Ауылдастарым мені қимай шығарып салды. Алғаш Алатауды көргенде есімнен танып қала жаздадым. Енді мен даланың баласымын ғой. Жолым сәтті болып, Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Қуанышымда шек болмады.
Біздің ауыл осы қаладан онша алыс болмаса да, Ақмолаға алғаш 1946 жылы табаным тиді. Соншалықты көз тартатын көркі жоқ, жұпыны ғана кент болатын. Есіл өзенін қиып өтетін Қараөткелдің тұсында жел диірмені жұмыс істеді. Жұрт соған қап-қап бидайларын тартқызып, ұн қылып алады. Ешқандай тас­жол жоқ. Қала ішінде шағын рельс жолдарымен бір тармақ жүретін.
– Университетті бітіргеннен кейін елге келдіңіз бе?
– Иә, 1953 жылы оқуымды аяқтап, қолға дипломымды ұстап, туған жеріме алып-ұшып жеттім. Ол кезде Ақмолада жалғыз ғана қазіргі Жамбыл атындағы №4 қазақ мектебі болды. Соған келіп орналастым. Осы білім ордасында біраз жыл жұмыс істедім. 1959 жылы осы мектептің директоры болып тағайындалдым. Бұл кез – тың игерудің нағыз өріс алған шағы. Көптеген ауылдарда қазақ мектептері жабылды. Амалсыздан ата-аналар балаларын біздің мектепке әкелді. Шындығында, сол уақытта Жамбыл мектебі осы өңірде қазақы дәстүрді, ана тілімізді сақтаған шағын бір арал секілді болып қалды. Шамамыз келгенше балаларға ұлтымыз­дың тарихын, салт-дәстүрін, тілі мен ділін сіңіруге күш салдық. Одан кейін мен қалалық білім бөлімінде инспектор, облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет істедім.
– Сіздің ең бір еңбегіңіздің мерейлі шағы – гуманитарлық колледжді басқарған тұсыңыз. Осы оқу ордасын отыз жыл басқару қиын болған жоқ па?
– Бұл колледждің тарихы тым әріде. Cоғыс өрті қаулап тұрған шақта, яғни 1944 жылы Ақмола облыстық атқару комитетінің шешімімен педагогикалық училище болып құрылған. Оқу ордасына 1971 жылы директор болып келдім. Бірден жұмысқа бел шешіп кірістім. Оқу орны, негізінен, бастауыш, музыка, дене шынықтыру және мектепке дейінгі ұйымдарға мамандар дайындады. Алдымен оқу сапасына баса назар аудардық. Ауылдағы мектептерге сабақ беретін қазақ бөлімдерінің санын көбейттім. Оқу ғимараты да сұрықсыз, талапқа сай болмады. Сондықтан еліміздің оқу-ағарту министрлігіне хат жазып, жаңа ғимарат салуға қолдау көрсетулерін сұрадым. Обалы нешік, осы ведомствоны 13 жыл басқарған министр Қожахмет Балахметов көмек жасады. Бұл ағамыздың көзі әлі тірі. Биыл 93 жасқа келді, осында тұрады. Сөйтіп республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. 1980 жылы қазіргі оқу ордасы отырған еңселі ғимарат салынды. Студенттерге арналған жатақхана бой көтерді. Училищенің материалдық базасы нығайып, оқу сапасы артты. Кеңес Одағы көлемінде біздің оқу орнымыз барлық жағынан екінші орынды иеленді. Республикада бірінші орынға ие болдық. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауға ерекше мән бердік. Біздің түлектерімізді оқу орындары аттай қалап әкетті. Кейін сол шәкірттердің бәрі білікті ұстазға айналды. 1993 жылы педагогикалық училище колледжге ауыстырылды. 1997 жылы педагогикалық колледж гуманитарлық колледж болып аталды. Уақыт талабына сай жаңа мамандықтар ашылды. Мен осы оқу ордасын 2001 жылға де­йін басқардым. Отыз жыл ішінде жеткен жетістік жалғыз менің ғана емес, сол кезде менімен бірге қызмет атқарған әріптес­терімнің, яғни бір отбасындай бірлікте жұмыс істеген ұжымның еңбегі деп айтар едім.
– Елдің бас ордасы Алматыдан Ақмолаға қоныс аударғанда оқу ордасының жатақханасынан мемлекеттік қызметкерлерге орын беріп, құшақ жайып қарсы алғаныңызды сол азаматтар әлі күнге дейін аузынан тастамай айтып жүреді.
– Енді туған қаламыз астана болып жатқанда, қуаныштан толқығанымыз рас. Сондықтан алыстан келген ағайынға қазақы бауырмалдық көрсетіп, төрден орын ұсындық. Біздің колледждің біріншісі 360 орындық, екіншісі 216 орындық жатақханасы болды. Соның біріншісін мәдениет саласының қызметкерлері алды. Екінші жатақхананың бір жарым қабатын Білім және ғылым министрлігінің мамандарына бердік. Жай бере салған жоқпыз, бөлмелерге толық жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, дайындап бердік. Міне, биыл елорда жиырма жылдығын тойлады. Қазіргі Астананы тың игеруге дейінгі аңызақ даладағы Ақмоламен, сол науқан кезінде құрылыс­тары қалай болса солай талғамсыз салынған Целиноградпен салыстыруға келмейді. Астана осы заманғы сәулеті мен дәулеті қатар өскен әсем қалаға айналды.
– Әке, сіз ең алдымен ұстазсыз. Бүгінгі білім саласына, мұғалімдердің біліктілігіне көңіліңіз тола ма?
– Жасыратыны жоқ, бұрынғы педагогтардың білімі мен біліктілігі жоғары болды. Кейінгі жылдары бұл сапа жағынан әлсіреді. Шындығын айт­қанда, оқуға ақша араласып, дипломды сатып алатындар шықты. Бұдан кейін білім саласында қандай мән қалады? Осы кемшіліктерден арылған жөн. Мұны жою да оңай емес, көп жұмыс істеу керек. Білікті мұғалім беделсіз болмайды.
Содан кейін мектеп табалдырығын енді аттаған балаларға түсіп отырған салмақ өте ауыр. Олардың оқу бағдарламалары күрделі. Бұл жеткіншектердің денсаулығына да зиян тигізеді. Осы мәселеге Білім және ғылым министрлігі ғана емес, Денсаулық сақтау министрлігі де араласу қажет деп ойлаймын.
– Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жастарға қандай ақыл айтар едіңіз?
– Өз басым балаларымды жасынан кітап оқуға баулып, кітапты шынайы жақсы көруге үйреттім. Қазір жастардың дені кітап оқуға онша құлықты емес. Кітаптың адамға берер тағылымы мол. Одан көп нәрсе үйренуге болады. Бізді кітап тәрбиеледі. Содан кейін біздің жастардың ұлттық тәрбиеден алшақтап бара жатқаны да жаныма батады. Қазақтың философиялық терең мәні бар салт-дәстүрдің қадірін түсінбей жүрміз. Біз одан айырылсақ, ұлттық қа­сиеттен ажыраймыз. Соны жастар ұғынса деймін. Қазақтың бар баласы бақытты болсын!
– Рақмет, әке! Әлі де ара­мызда ұзақ ғұмыр ке­ше беріңіз!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button