Мәдениет

Білім ұясындағы жылы жүздесулер



«Elorda Aqparat» медиахолдингінің «Мектеп және медиасауаттылық» атты жобасы бұл жолы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы мен Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназиясында жалғасын тапты.

Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен өтіп жатқан бұл шараға аталған білім ордаларының әдебиет пен журналистика саласына әуесі күшті оқушылары қатысты.

Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда еркін форматта өрбіген басқосуда серіктестік басшысы Олжас Сыдықбек жобаның мақсаты мен маңызы туралы түсіндірді.

– Ақпараттық-коммуникативтік технологиялар қарқынды дамып, ақпарат алу мен тарату жылдамдығы артты. Қазір кез келген гаджет – смартфон мен планшет ұстаған адамның ақпарат таратуға мүмкіндігі бар. Әрі әлеуметтік желінің белсенділері мұндай мүмкіндікті сәтті пайдаланып жүр. Алайда ақпаратты сенімді дерек көздерінен алып, оны өңдеп, сапалы тауарға айналдыру жағынан кемшілік жоқ емес. Сондықтан «ақпараттық сауаттылық», «ақпараттық мәдениет», «медиамәдениет» сияқты ұғымдар пайда болып, медиабілімді болуды талап етуде. ХХ ғасырдың 80-90-жылдары Еуропа елдері – Финляндия, Норвегия, Венгрия және АҚШ, Канада білім беру жүйе­сіне медиабілімді міндетті пән ретінде енгізді. Сөйтіп, жасөспірімдер мен жастардың ақпараттық тасқынға «иммунитетін» қалыптастырды. Біздің мақсатымыз – оқушыларға осының мән-жайын түсіндіру, – деді Олжас Сыдықбек.

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков білім беру жүйесінде цифрлы білімді меңгеру арқылы адами капиталдың сапасын арттыруға болатынын, ол үшін медиасауатты болу маңызды екенін сөз етті. Сондай-ақ журналист Гүлбаршын Өкешқызы, Нұрлат Байгенже және мобилограф Гүлжан ­Уалиева өз тәжірибесімен бөлісті.

Кездесудің аяғы сұрақ-­жауапқа алмасып, оқушылар өздерін толғандыратын ой-тұжырымын ортаға салып, шығармашыл тұлғаға қажетті қабілет-қасиет туралы білді. Дәстүрлі медианың бүгіні мен ертеңі туралы ойын жеткізіп, әлеуметтік желіде оқылымды жазба, көрілімді видео түсірудің сырын сұрады.

Сонымен бірге Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназиясының білім алушыларымен өткен басқосуда «Elorda Aqparat» медиахолдингі басшысының орынбасары Рауан Сәбитұлы кездесудің мақсаты мен мән-маңызын түсіндіріп өткеннен кейін сөз сұрақ-жауап­қа ауысты. Оқушылар ақпарат қызметкері болуға қажетті шарттар мен оқу-жазу қабілетін арттырудың әдістері жайында сауал қойып, отбасы тәрбиесіне де тоқталып, ата-аналармен де осындай кездесулер өтсе, біздің болашақ мамандықты таңдауымызға үлкен көмегі тиер еді деген өтінішін білдірді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button