Жаңалықтар

БИЗНЕС ЭНЕРГИЯСЫ – ДАМУ ЭНЕРГИЯСЫ



Ресей павильонында Челябі облысының «Қолжетімді энергия: инфрақұрылымдағы инновация» атты тақырыптық апталығы басталды. Челябі облысының губернаторы Борис Дубровский Астанаға «Бизнес энергиясы – даму энергиясы» бизнес-форумына қатысу мақсатында арнайы келіп, қала әкімі Әсет Исекешевпен кездесті.

– Бүгінде Астана ресейлік аймақтармен сауда, туризм, тіпті, барлық бағытта әріптес­тігін дамытқысы келеді. Сол себепті ЭКСПО көрмесінде Челябі облысының апталығы, көптеген конференциялар, дөңгелек үстелдер, бизнес өкіл­дерімен кездесулер өтуде. Біз сәтті келіссөздер жүргізіп, бірлескен жобаларымыз туралы сөйлестік, – деді шаһар басшысы Ә.Исекешев.

Кездесу барысында екі аймақ арасындағы қарым-қатынастың басым бағыттары талқыланды. ШЫҰ мен БРҮҚО саммиттеріне дайындалу мен бірге қалалық инфрақұрылым нысандарына қатысты мәселе кеңінен сөз болды. Өңір басшылары Қазақстан мен Ресейдің ірі аймақтарында ақылды қала жүйесін енгізу жайын да талқылады. Машина құрылысы саласында ынтымақтастық орнату да сөз болды. Бұға қоса, аймақтар арасындағы логистикалық мүмкіндікті ұлғайту жайы айтылды. Астана-Челябі әуе рейсін ашу және «Екатеринбург – Челябі» Урал жылдам магистраль құрылысын мүмкіндігінше Астананы қамту арқылы жүргізу ұсынылды.

– Біз Астана мен Челябінің арасында міндетті түрде жаңа рейс ашамыз. Басында аптасына 2-3 рейс болады. Бұл идеямыз бизнестің, туристік қарым-қатынастың артуына жаңа серпін береді, – деді Борис Дубровский.

Екі ел ынтымағын арттыратын бірнеше жоспарлы кездесуден кейін Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин ресейлік делегацияны елордада қаланың барлық салаларында тәртіп қалай орнайтынын көрсетіп, түсіндіру мақсатында қалалық Жағдаяттар орталығына бастап барды. Челябі облысы губернаторының орынбасары Руслан Гаттаровпен және Экономикалық даму басқармасының басшысы Антон Бахаев Жағдаяттар орталығының то­лық жұмысымен танысты.

– Мұндағы бейнебақылау залына 3000-ға жуық бейнекамера қосылған. Қала тіршілігін жіті бақылайтын мұндай камералардың санын жыл соңына дейін 13 мыңға дейін жеткіземіз деп отырмыз, – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары.Мұнда 100-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Бұл орталықта елордалық басқармалар мен департаменттердің өкілдері есебінен құрылған арнайы аналитикалық топ түрлі жағ­дайларға жедел әрекет ету жұмыстарын жүргізеді.

Ресейден келген қонақтар, сондай-ақ, «109» қалалық қыз­метінің жұмысымен де та­нысты. Қалалық ұйымдар бойынша мекен-жай, телефон нөмірлері, байланыс құрал­дары сынды анықтамалық ақпарат беріп отыратын же­дел қыз­мет көрсету қызметі­не оң бағасын берді. Бұл жер­ге соңғы 6 айдың ішінде 39 мың­нан астам азаматтың өтініш-сұрауы тіркеліпті. Кез-келген қазақстандық көмек қажет болған жағдайда «109» қысқа нөмір бойынша қоңырау шала алады. Ал шетел­діктер 8 800 300 3535 теле­фон нөмірі бо­йынша хабарласады.

Бұл – елорданың шетел­дік қонақтары үшін call-орталық. Бұл жерде қызметкерлер қазақ, орыс, түрік, ағылшын, француз және қытай тілдерінде қызмет көрсетеді.Кез-келген уақытта қаланың барлық саласы бойынша төтенше жағдайларға тез ара­­да әрекет ету мақсатында ашыл­­ған мәселелер орталығы Астанада ЭКСПО-2017 Халық­аралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты құрылған. Көрме аяқталған соң да орталық өз жұмысын жалғастыра беретін болады.

Гүлжан Рахман




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button