Мәдениет

Боччадан топ жарды



Астанада алғаш рет боччадан Қазақстан кубогы өтті. Жарыстың жабылу салтанатына Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан Бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

Өз құттықтау сөзінде Мәулен Әшімбаев сайыстың жоғары деңгейде өткенін және ерекше спортшылардың шеберлігі мен табандылығын айрықша атап өтті. Сенат төрағасы Қазақстан бочча федерациясының қызметін қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды.

– Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Келесі жылы бірқатар іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Алғаш рет боччадан ұлттық жасөспірімдер құрамасын жасақтаймыз. Федерация Туризм және спорт министрлігінің және демеушілердің қолдауымен келесі жылы ел чемпионаты, республика кубогы, Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған ашық турнир сияқты кем дегенде үш ірі республикалық жарыс ұйымдастыруды көздеп отыр. Одан бөлек, ұлттық құрамамыз бірқатар халықаралық додаларға қатысады, – деді
Мәулен Әшімбаев.

Төрт класс бойынша өткен ел кубогында бас аяғы 57 пара спортшы бақ сынады. Екі күндік үздік нәтижелерімен 34 бочча шебері жеңіс тұғырынан көрінді. Олардың қатарында Астана қаласының бочча шеберлері де бар.

Әйелдер арасында елордалық Итиана Шыңғысханқызы үздік шықса, ерлер арасынан павлодарлық Александр Құрмантай үздік атанды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дүбірлі додада жеңіске жеткендер Ұлттық құрама сапына қабылданып, алдағы халықаралық бәсекелерде ел намысын қорғауға мүмкіндік алды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button