Руханият

БӨГЕНБАЙДЫҢ АЙБАЛТАСЫ



ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейі құнды жәдігер­лермен толықты. Музейде қазақтың атақты қолбасшысы Қанжығалы Бөгенбай батырдың айбалтасы мен кісе белдігі таныстырылып, арнайы экспозиция ашылды.

Батырдың ұрпағы, 91 жастағы әжей Фатима Жұмақазықызы көзінің қарашығындай сандық түбінде сақтап келген бұл жәдігерлер «Ақ жол» партиясының қолдауымен музей қорына тапсырылды.ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров айтқандай, қазақтың қарыс жерін жауға бер­мей, қызғыштай қорыған батырла­рымыздың ерлігі жайлы бұрын кітаптардан ғана оқысақ, бүгіндері қолдарына ұстаған заттарын көзбен көруге де мүмкіндік алып отырмыз.

Кітап демекші, кезінде белгілі ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбек өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Бөгенбай батыр туралы роман жазуды жоспарлаған. Сол мақсатта көптеген материалдарды жинады. Мұны экспозицияның ашылуында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл жеткізді.

«Екібастұз қаласында Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ұрпағы, Нұралы биден тарайтын Қазыбек Нұралы деген кісі болған. Бұл кісі ұзақ уақыт сол қаладағы мектепте ұстаздық қызмет атқарып, Бөгенбайға қатысты деректердің көбісін жинап, қалдырды. Сол кісіден Ахаң біраз дүниелер алды. Соның ішінде Бөгенбайдың өмір жолы мен ерлік жолы бар болатын. Ақселеу Сейдімбек Бөгенбай батыр туралы ғылыми түсініктеме жазды. Оның өзі бір том» деген Алдан Зейноллаұлы Бөгенбай батырдың ата-тегіне тоқталды. Өзі де Бөгенбай батыр тұлғасын бірнеше жыл зерттегенін, сол кезде Ақселеу Сейдімбектің қолынан бірталай деректерді алғанын, одан ғана емес, бүкіл республикадан батырға қатысты мәліметтерді жинап, «Қанжығалы қарт Бөгенбай» атты кітапты құрастырып шыққанын айтты. Осы кітаптың бірнеше данасын жазушы «Ақ жол» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев пен Әскери-тарихи музей ұжымына сыйға тартты.

– Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, тағы басқа ұлттық батырларымыздың аты шықты. Бұл тегін емес. Мұның арғы жағында тамырын ежелден тартып, ұрпақтан-ұр­паққа жалғасып келе жатқан батырлық рух жатыр. Соның бір көрінісі – Бөгенбай батыр. Осындай батырлар бір ру үшін емес, біртұтас қазақ ұлты үшін жауға қарсы шапты. Бөгенбай – аңыздан туған адам емес, шын қазақ тарихында болған үлкен тұлға, – деді өз тарапынан Азат Перуашев.

Академик Ғарифолла Есімнің де сөзі қызықты болды. «Белоруссияға екі рет барып, таңғалдым. Ол елде батырларға арналған бірде-бір ескерткіш жоқ. «Атқа мінген, қолына қылыш ұстаған батырдың неге бір ескерткішін орнатпайсыздар?» деп сұрадым. Сонда «Бізде ескерткіш орнататындай лайықты тұлға жоқ» деген жауапты естідім. «Ұлттық батырларың қайда?» деп едім, оған да олар «жоқ» деді. Мен: «Қазақстанда батырларға ескерткіш қоятын жер таба алмай жатырмыз» деп мақтанышпен айттым. Бізде «Осы қазақта не көп? Батыр көп» деп айтып жатады. Батыр көп болмаса, осыншама ұланғайыр жерімізді ұстап қалмас едік. Мәселен, Ақтөбеден Аягөзге дейін ­3 мың шақырым бар. Ал сол қашықтыққа қазіргі ұшақтар 6 сағатта жетеді. Мен Алматыдан Сеулге дейін 6 сағат ұшам. Ортада қаншама ел бар. Сондықтан «Батыр көп» деп наразылық таныта берген бізге жараспайды. Батырларымыздың көбісі әлі анықталған жоқ» деді ол.

Тарихшылардың айтуынша, Бөген­бай батыр 100-ден астам шайқасқа қатысты. Бұйырса, жақында Әскери-тарихи музейге батырдың дулы­ғасы тапсырылмақ.

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button