Әлеумет

Болашақ ананың жауапкершілігі қандай?



Жүктілік – әрбір әйелдің өміріндегі ең маңызды әрі керемет кезең. Сол себепті аяғы ауыр келіншектер бұл уақытты дұрыс өткізіп, босануға мұқият дайындалуы керек. Елорда емханаларында ашылған «Аналар мектебі» жүкті әйелдерге осы бағытта көп көмек көрсетіп келеді.

[smartslider3 slider=2143]

Бас қаладағы №8 емханада «Аналар мектебі» он жылдан бері жұмыс істейді. Ондағы мамандар жүкті әйелдерді босануға дайындаумен бірге аман-есен перзентін дүниеге әкелгеннен кейін оны қалай дұрыс күту керектігі жөнінде аптасына екі рет сабақ өткізеді. Өзара әңгіме әрі пікір алмасу түрінде өтетін сабақ барысында мамандар жүкті әйелдердің гигие­насы мен тамақтануы, осы кезде жасалатын пайдалы жаттығулар, толғақ кезіндегі әрекеттер, босанғаннан кейінгі жағдай сияқты тақырыптар талқыланады. Сонымен қатар COVID-19 және басқа инфекцияларға қарсы екпе алудың маңыздылығы туралы айтылады.

№8 емханадағы акушерлік-гинекологиялық бөлімшенің меңгерушісі Бақыт Қаратайқызының айтуынша, әрине, дені сау аналардан денсаулығы жақсы ұрпақ дүниеге келеді. Сондықтан дәрігерге уақытында қаралған жөн. Ал жүктілік дұрыс және асқынусыз өтуі үшін әйел, өз кезегінде, қатерлі белгілердің алдын алуға, өзінің ғана емес, іштегі баланың да денсаулығына жауапты.

– «Аналар мектебінде» өтетін маңызды тақырыптардың бірі – жас сәбиді табиғи тамақтандыру. Көптеген жас аналар әйел сүті сұйық, нәресте тоймайды деп ойлайды. Сол себепті біз алдымен жаңа туған нәрестелерді тамақтандырудың ең жақсы әдісі – емізу екенін, содан кейін барып кеуде сүтінің құрамын түсіндіреміз. Қазір көп аналар сәбиді бірден қосымша тамаққа үйретеді. Оның әртүрлі себептері бар, әрине. Дегенмен біз оларды қосымша тамақ беруге асықпауға, керісінше, емізудің жолын реттеу арқылы жас ананың өзі жақсы тамақтануына, көп сұйықтық ішіп, күтініп жүруіне кеңес береміз, – деді Бақыт Қаратайқызы.

Сонымен қатар жүкті әйелдер перзентханаға өзімен бірге не алып бару керектігін естен шығармас үшін оларға «Аналар мектебінде» бірінші кезекте қажетті заттарды ұмытпау, қандай жағдайда жедел жәрдем шақыру керек екені айтылады. Дәрігерлер дененің физикалық жағдайына ғана емес, психологиялық жағдайына баса назар аударады.

– Біз жүкті әйелдерді уақытын тиімді өткізуге, толғақ кезінде дұрыс әрекет жасауға үйретеміз және босануға дайындаймыз. Болашақ аналар жүктілік кезінде және босануға дайындық кезінде денесінде қандай өзгерістер болатынын, жүктіліктің әр кезеңінде не болатынын біледі. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда әйелдердің көбі босанудан қорқады, сол себепті мұндай мектеп олар үшін өте маңызды. Сондай-ақ қазір ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін біз вакцинацияның маңыз­дылығын да айтамыз. Олардың бұл мәселеге оң қарайтыны қуантады, – деді №8 емхананың акушер-гинекологы Жұлдыз Есенова.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button