Мәдениет

Болашақ тілшілермен жүздескен күн



Жуырда «Elorda Aqparat» медиакомпаниясы қалалық Білім басқармасымен бірлесіп іске асырған «Мектеп және медиасауаттылық» атты жоба аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейдің мұғалімдерімен және оқушыларымен жүздестік.

Салтанатты залдағы жиынға дейін мектептегі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музейін араладық. Музейде Ахаңның өмірбаяны, ұлттың бүгіні мен келешегіне арнап өзінің жазған шығармалары, А.Байтұрсынұлы туралы алаштанушы ғалымдардың, зерттеушілердің шығарған туындылары, музейге сыйлыққа жиналған құнды экспонаттар бар. Алайда Ахаң туралы оқушыларға атаулы күндерде ғана мәлімет беріліп, арнайы курс я болмаса пән ретінде оқытылмайтынын тарихшы мұғалімнің аузынан естідік. Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі, ұлтқа тигізген пайдасы туралы ғалымдар, мұрасын зерттеу­шілер кем дегенде айына 1-2 рет дәріс оқыса, Алаштың идеясы мен ұстанымын біліп, өскен ұрпағымыз ояу, білімді, саналы болар еді деген оймен акт залына беттедік.

Біздің топты «Elorda Aqparat» медиахолдингі ­директорының орынбасары Рауан Сәбитұлы бастап барды. «Astana aqshamy» газетінің 3 бірдей қызметкері – газет қатегері Шынар Жақыпова, фототілшіміз Сұлтанбай Сейіт және осы жолдардың авторы жарқын жүздесудің куәсі болдық. Акт залындағы кездесуде Рауан Сәбитұлы оқушыларға ақпарат деген не, оны қалай іздеу керек, әр адамның медиа­сауаттылыққа дұрыс назар аударуы, әлеуметтік желілерден ақпарат алып, оны пайдалану сияқты балаларға қызықты сұрақтарға тұшымды жауап берді. Бір таңғалғанымыз, әуелде әңгімеге араласпай отырған балалар біздің жаңа медиа, әлеуметтік желілердегі алуан түрлі ақпарат, журналист мамандығының қыр-сыры, газеттің оқырманға көрінбейтін «кухнясы», қағаз газеттердің саны, мамандық таңдауда қателеспеу деген жауаптарымыздан кейін сұрақтарын қарша боратты.

Әсіресе Әлиханның «Журналист қауіпті мамандыққа жата ма? Сіздерге мамандыққа қатысты қауіп төнген кездер болды ма?» деген сауалы, Жігердің «Журналист болуды қалай армандау керек? Тілші болуға жастайыңнан қалай дайындалуға болады? Болашақ тілшіге қажетті үш кітапты атап беріңізші…» деген сауалы өз құрбы-құрдастарының да, біздің де көңілімізден шықты. Айдана есімді оқушының «Журналист пен блогердің қайсысы беделді, қайсысы мықты? Сауатты ақпаратты кім бірінші таратады?» деген сұрағына да ризашылық білдіріп, мамандық таңдауда қателеспеудің жолдарын айттық. Ең үздік сұрақ қойған болашақ тілшілерге «Аласапыран Америка» атты кітабымды қолтаңбамен сыйға тарттым. Кездесудің басында бір бала ғана журналистика мамандығына таңдау жасаймын деп отыр еді, соңынан 10-ға жуық бала біздің кәсібімізге қызығушылық танытып, ойын өзгертті. Бір байқағаным, жоғары сынып оқушыларының өзі мамандық таңдауды 11-сыныпқа қалдыратыны қынжылтты.

Сондай-ақ Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №56 мектеп-лицейде де мағыналы кездесу өтті. Онда «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков, журналистер Гүлбаршын Өкешқызы мен қатегер Әмір Досхожин кездесуге жиналған мұғалімдер мен жоғары сынып оқушыларына қоғамдағы баспасөздің маңызы, медиасауаттылық жөнінде әңгімелеп берді. Шығармашылық қабілеті бар оқушыларға қолдау білдіретінін жеткізді. Мектеп директоры Роман Фазылұлы журналистерге мектептің тыныс-тіршілігін таныстырып, шығармашылық байланыс орнатуға ықыласты екенін білдірді.


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button