Мәдениет

Бопай ханым – роман кейіпкері



Жақында «Фолиант» баспасынан жазушы Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» романы жарық көрді. Аталмыш баспаның ұйымдастыруымен  елордада кітап авторымен кездесу өтті. 

[smartslider3 slider=2192]

Әбілқайыр ханның жұбайы Бопай ханымның бейнесі бір уақытта әдебиеттің проза, драматургия, поэзия жанрларында сомдалды. Жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова драма жазып, бұл шығарма Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында қойылды. Күні кеше ғана Ұлттық академиялық кітап­ханада ақын Маржан Ершудің кітап болып шыққан поэмасының таныстырылымы өтті.

Ал «Бопай ханым» романы – Мәди Айымбетовтің алты-жеті жылдық ізденісінің жемісі. Жазушы, негізінен, қазақ тарихын зерттеген орыс тарихшысы Ирина Ерофееваның зерттеулеріне сүйенген. Атап айтқанда, И. Ерофееваның «1675-1821 жылдардағы қазақ билеуші элитасының эпистолярлық мұрасы» (Қазақ билеушілерінің хаттары) атты жинағын, ХVIII ғасырда қазақ даласына саяхат жасап, Бопай ханым мен Әбілқайыр ханның суретін салған суретші Джон Кэстльдің күнделігін, тарихшы ғалым Амантай Исиннің еңбектерін қарап, басқа да деректерді ақтарып шыққан. Соның бәрін сұрыптап, шығарманы жеті айда жазып шықты.

– Бопай ханым романның бас кейіпкері болғанмен, оның өмір сүрген кезеңі, ортасы, іс-әрекеті қазақтың бас ханы болып ел мен жерді сырттан, батыс теріскей және шығыс бүйірден анталаған жаулардан қорғаған Әбілқайырдың өмірімен тығыз байланысты. Жалпы романдағы сол күрделі тарихи кезеңде өмір сүрген көптеген тұлғалардың бейнесі бас кейіпкер Бопайдың өмір жолымен, мұң-мүддесімен, тағдырымен орайластыра қарастырылады. Бұл – жанры жағынан тарихи роман, сондықтан көркемдік толғамымды тарихи қисынның аясына сыйғызуға тырыстым.

Бұл тақырыпқа менен бұрында да, бүгінгі таңда да қалам тартқан үлкенді-кішілі әріптестерімнің басты мақсаты – ел тарихында мәңгіге қалуға тиісті тағдырлы сол бір кезеңдегі айтулы тұлғаларды халық, ұрпақ жадында қалдыру мен жаңғырту болса керек, – дейді жазушы.

Қаламгер айтқандай, Бопай ханым бейнесі көркем шығармада алғаш рет Әбіш Кекілбайұлының «Елең-алаң» романында сомдалған. Мәди Айымбетовтің айтуынша, алайда бұл туынды кеңес заманында, сол кездің идеологиясына сай жазылды.

Жазушы жаңа туындысында қазақ тарихындағы қос Бопайды байланыстырады. Романның прологында Бопай ханым туғанда әкесі Сүйіндік оған Мұхаммед пайғамбардың қызының құрметіне Бәтима деп ат қойғанын жазса, эпилогында Кенесарының қарындасы дүниеге келгенде ­Қасым хан перзенті Бопай ханымдай ақылы мен парасаты кемел, өжет мінезді қыз болсын деп Бопай атандырғанын жазады.

Бұрынғыдай 400-500 беттік романдардың дәуірі келмеске кеткендей. Қазір шағын романдар кезеңі жүріп жатыр. «Бопай ханым» романы да бар-жоғы 222 беттен тұрады. Жазушымен кездесуде алғашқы оқырмандары шығарма туралы пікірлерін айтты. Олардың қатарында журналист, аудармашы Сырым Бақтыгерейұлы болды. Қаламгерге сұрақтар қойылып, тілектер айтылды. Оқырмандар кітапқа қолтаңба жаздырып алды.

Бір айта кетерлігі, «Бопай ханым» – Мәди Айымбетовтің екінші романы. Бұған дейін «Дүние керуен» атты романы жарық көрді. Жазушы негізінен қысқа жанрдың, әңгіме, новеллалар шебері. Жиырмадан астам прозалық кітабын ұсынған жазушының мемлекеттік бағдарламамен таңдамалы шығармаларының 5 томдығы жарық көрді.

Ал «Бопай ханым» романын «Аружан» сауда орталығында таяуда ашылған Qazaqbooks кітап дүкенінен сатып алуға болады. Қаламгермен кездесу дәл осы жерде ұйымдастырылды. Оның мақсаты – жазушының жаңа кітабы мен қазақ тіліндегі басқа да кітаптарды насихаттау болды. «Фолиант» баспасының бас редакторы Фарида Уәлиеваның айтуынша, аталмыш баспа биылғы сәуір айында кезекті рет халықаралық Еуразия кітап көрме-жәрмеңкесін өткізеді. «Бопай ханым» романының тұсаукесері соның аясында өтеді.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button