Жаңалықтар

БОРЫШТЫ БОЛМА, АЗАМАТ!



Нұр-Сұлтан қаласында алимент бойынша борышкерлерге арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті. Шараны Нұр-Сұлтан қаласының Әділет департаменті Халықты жұмыспен қамту орталығымен және ­Нұр-­Сұлтан қаласының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесіп ұйымдастырды.

70-ке жуық борышкерге есепші, менеджер, оператор, заңгер, күзетші, жүргізуші, инженер, терапевт, құрылысшы және экономист мамандығы бойынша бос жұмыс орындары ұсынылды. «Байбатыр күзет», Apple city corps, «Завод очистных сооружений», «Астанаэнергосбыт», Sas securityservice, «Астана қалалық жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің автокөліктік қызмет көрсету мекемесі» мемлекеттік мекемесі және «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында аталған қызметтер үшін 80 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін жалақы төленеді.

«Борышкерлерді іздестіруге байланысты 1000 атқарушылық іс жүргізу тоқтатылды, 3000-ға жуық борышкер алиментті өз бетінше төлейді, сондай-ақ 2500 борышкердің тұрақты табыс көзі жоқ және жұмыссыз болып саналады» дейді Нұр-Сұлтан қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Азамат Бердібеков.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай бос орындар жәрмеңкесі алдағы уақытта да өткізіледі. Борышкерлердің мұндай іс-шараларға қатыспауы, сондай-ақ ұсынылған бос жұмыс орыннан бас тартуы жауапкершілікке әкеп соғады және алиментті төлеуден қасақана жалтару ретінде қабылданады. Тиісінше, мұндай адамдар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылады.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button