Қоғам

БОЗОҚ – АҚМОЛАНЫҢ ТҮПКІ АТАСЫ



1816 жылы Есіл-Нұра өңіріне келген офицер И.Шангин кішігірім қала жұрнақтары қалған ежелгі Бозоқ қаласын көреді. Ал 1946-1976 жылдар аралығында әйгілі қазақ ғалымы, тарихшы, археолог Ә.Марғұлан осы өлкедегі қалашықтар туралы мәліметтер келтірді. 1927 жылы көне қалашықта ақмолалық өлкетанушы Л.Семенов қазба жұмыстарын жүргізді.

Ал Ресей мен Мәскеу қалала­рындағы әскери-тарихи мұра­ғатынан біз И.Шангиннің жеке қорын кездестірдік. Онда Бозоқ қалашығы картасының түпнұсқасы бар.

1997 жылдан бастап отандық археолог Кемел Ақышев Нұра мен Есіл өзендерінің барлық тармақтары бойына үлкен зерттеулер жүргізді.
1998 жылы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен К.Ақышев жетекшілік еткен Есіл археологиялық экспедициясы құрылды. Келесі жылы қираған қалашық орнында қазба жұмыстары басталды. Бұл жерде VIII ғасырдан бастау алатын, XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі қалашық болған – Бозоқ қаласының орны табылуы таңғажайып оқиға болды.К.Ақышевтың пікірінше, VIII–XV ғасырларда Қазақстанның далалық аймақтары ордакент – қалаларының пайда болуы, бекініс – баспаналардың тұрғызылуы, әскери бөлімшелер мен жергілікті билеушілер отыратын – ордалардың салынуы отырықшылықтың пайда болуы мен дамуына негіз болды. Осындай қалашықтардың бірі – Бозоқ қаласы болды. Бастапқы кезде жергілікті билеушінің ордасы болған екен.

Ғалымдар бұл өңірге аэрофото түсірілімдер жасады. Бозоқ құрылымы жағынан бірегей ортағасырлық қалашық. Ол үш бөліктен тұрады. Орталық бөлігінде ормен қоршалған, солтүстік бөлігінде тұрғын-үй және өндірістік жайлар орналасқан, ал оңтүстігінде қорым бар. Суландыру құры­лы­сының фрагменттері архео­логтардың таңданысын тудыр­ған жәйт болды. Бұл жерден ортағасырлық қалашық тұрғындары салған суландыру жүйесі, арықтар табылды. Дамыған суландыру жүйесі бар ортағасырлық Бозоқ қалашығының табылуы маңызды оқиғаға айналды. Және орта ғасырда қыпшақтардың саяси сахнаға шыға бастаған кезінің өзінде бұл жерде қалалар мен елді-мекендер пайда бола бастады.Қалашықтың құрылымы 40 гектар ауданды алып жатқан аумақта солтүстіктен оңтүстікке созылып жатты. Әрқайсысы дуалмен қоршалған аудандар бір-біріне тіркесіп тұрады. Үш бөлікті құрылым ішінде қалашықтың мінәжат орталығы орналасқан, ол жерде екі кірпіш кесененің, бір мұнараның, кірпіш күйдіру пешінің және 11 жерлеу орындары табылған. Бозоқтан көп мөлшерде оюланып, әшекейленіп жасалынған, ашық әрі көгілдір-жасыл түсті керамикалық кірпіштер табылды. Бұл қаланы салуға өз ісінің білгір мамандары шақырылғаны айдан анық.

Бұл қала орналасқан аумақ саз батпақты болғандықтан, тың және тыңайған жерлерді игеруде бұл өңір пайдалануға келмеді. Бұл жер осылайша талан-таражға түспей қалды. Бірақ, алғашқы тың игерушілер құрылыс жұмыстарына ескі қаланың кірпіштері мен тастарын пайдаланды. Бозоқ қалашығы әкім­ші­лік, қолөнер мен сауда орталығы болған. Қала Ұлы жібек жолының әртүрлі тармақтарының түйіскен жерінде орналасқандықтан, халықаралық сауда жолы торабы болды. Осылайша, ежелгі ғасырлардан бастап-ақ бұл аймақ маңызды экономикалық орталық болған. Бозоқ қаласы Нұра өзенінің жағасында, Есіл өзенінен 40 шақырым жерде орналасқан.

Әскери-стратегиялық плацдарм ретінде керуен жолы арқылы төңіректі бақылап отыруы қызығушылық туғы­зады. Қалашықтың орны биікте орналасқандықтан, керуен жолы мен келген жауды бақылап отыруға септігін тигізді. Ал Бозоқ қалашығының батпақты жерде орналасуы әскери-қорғаныс мақсаттардан туындаған.

Есіл мен Нұра өзені тасығанда, жердің бәрін су басады да, тек осы қалашықтың орны биікте болғандықтан, суға батпай тұрады. Су басқан жерлер көкорай шалғын бай жайылымға айналады. Есіл арқылы Қараөткелден сауда керуендері өткен. Бозоқтан сауда керуендері жолын оңай бақылауға болады. Бозоқ осы өңірдің әкімшілік орталығы болған. Сонымен қатар, Ұлы Жібек жолы бойында қыпшақ билеушілерінің әскери ордасы осы жерде орналасқан. Есілден Бозоққа дейін су арнасы қазылып, ол жерден ауыз су алынып отырылды. Су арнасының ені – 2-2,5 метр. Керуеншілер мен жолаушылар уақытша тұрақтайтын мекенге айналған.

Бозоқ діни-ғибадаттық шаралар өткізетін және адам аз тұратын далада жолаушылар мен сауда керуендеріне географиялық бағдар беретін орталық қызметін де атқарған. XIII-XV ғасырларда қалашық орны қасиетті, киелі саналып, ақсүйектерді жерлейтін орынға айналды. Бозоқ адамдардың рухани өмірінде де ерекше маңызға ие бола бастады. Мұсылмандар арасында киелі орын саналып, бұл жерде құлшылық етіп, әруақтарды еске алып, ас берілетін болды, ұлттық ойындар ойналып, жарыстар өткізіліп тұрды. Сонымен қатар жолаушылар мен керуендердің дем алып, түнейтін орнына айналды.

Жергілікті археолог М.Хабдул­линаның пайымдауынша, XIV-XV ғасырларға жататын, қазылып алынған 5 кесененің біреуі христиандық болып саналады. Бұл дегеніміз, дінді ұстануға еріктілік болғанын, келген керуеншілердің дініне деген құрмет белгісінің болғандығын дәлелдейді.Бұл жерде қыпшақ жауын­герлерінің әскери қару-жарақ­тарымен, барлық әбзелдерімен қоса жерленген мүрделері табылған. Жауынгерлердің жанында қорамсақтары, жебенің темір ұшы, темір пышақтар және жүгендер, үзеңгілер кездесті. Кейбір жерлеу орындарында тері бетперделер табылған. Ол шайқас кезінде бетті қорғап тұрған.

2002 жылы археологтар Бозоқтан жасы 50-ге келген әйел жауынгердің мүрдесін тапты. Жауынгер-әйелдің кескіні Мәскеуде Ресей Ғылым академиясының, Антропология және этнология институтының әйгілі антропологиялық реконструкциялау зертханасында қалпына келтірілді. Оның үстінде жібек жамылғы, басында дулыға тектес пішінде бас киімі болған. Қолында күміс білезік, құлағында күміс сырға болды. Бас киімі майда меруерт тастармен көмкерілген және каури қабыршығымен қапталған. Онымен бірге темір найза, күміс тостаған, жүгеннің ауыздығы табылған. Ол шайқаста ер адамдармен бірге ұрысқа қатысқан.

Қала маңындағы қалаларда сауда қызу жүріп жатты. Ол Орталық Азиядан сауда керуендерінің келуімен байланысты. Мұнда көп мөлшерде мал шаруашылығымен айналысушы өнімдер саудаға салынған.

Жаңа заманда жергілікті өлкетанушы К.Әмірованың пікірінше, Астананың орнында және төңірегінде 3,5 мың ауыл болғандығы айтылады. Бозоқ «көшпенді қалалардың орталық өзегі» болған дегенді келтіреді. Бұл тұжырымды астаналық археологтар өздерінің археологиялық және тарихи зерттеулер арқылы растап дәлелдеді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өз еңбектерінде: «…ортағасыр­лық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» деп жазған болатын.

Бір сөзбен айтқанда, жүздеген жылдар бұрын Астананың орнында қалашық болғандығын біз есте сақтауымыз керек. Қалалық дәстүр мен егіншілік мәдениетінің өзіндік ұзақ тарихы бар. Мыңдаған жыл бұрын осы жерде Бозоқ қаласы тәрізді қалалар болған. Қала мәдениеті, егіншілік пен сауда дамыған. Бұл қала әскери-әкімшілік және ғибадат орны міндетін де атқарған. Ал қазіргі астананың тұрғындары – өткен тарихтан сыр шертетін, бағалы артефактілерді көздің қарашығындай сақтау біздің басты міндетіміз болып саналады.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, тарих ғылымының докторы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button