Сараптама

Бозтаев есімі ескерілсе



Осы шілде айында мемлекет қайраткері Кешірім Бозтаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Көрнекті тұлға Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарғанда, жарты ғасырға жуық уақыт уын төгіп, халқымызға қасірет әкелген Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына тікелей бастамашы болды. Сондай еліне жанашыр азаматтың есімі кейінгі жылдары елеусіз қалып барады. Биылғы мерейтойы да атаусыз қалған сияқты.

1989 жылдың 20 ақпанында КСРО басшысы Михаил Горбачевке ядролық сынақтарды тоқтату туралы жеделхат жолдаған ол екі жыл бойы үздіксіз күрес жүргізді. Нәтижесінде 1991 жылдың 29 тамызында полигон жабылды.

Семей полигонында алғашқы жарылыс 1949 жылы болғаны белгілі. «Қазір арада қырық жыл өткенде бұл полигонның айналасындағы жағдай мүлде өзгерді. Яғни, полигон қалың ел орналасқан аймақтың қақ ортасында қалды. Ал бұл жағдай сынақтар жасау барысында еш ескерілмеуде. Бұл маңда жылына 14-18 ядролық жарылыстар жасалады. Олар осы жердегі ғимараттар мен инженерлік желілерді істен шығарып, жүздеген, мыңдаған адам, жан-жануар ауырып, су ішетін құдықтар бұзылуда… Полигон аймағындағы топырақ қабаты қатты өзгеріске ұшырауда. Әрбір үшінші жарылыс сайын жер бетіне радий белсенділігі жоғары газ тарайды, оны тоқтату іс жүзінде мүлде мүмкін емес. Ядролық сынақтар туралы жұртшылық арасында әртүрлі пікірлер таратылып, тұрғындар арасында моральдық-психологиялық күйзеліс байқалуда және олардың осының бәрін сынақ тудырған кесел, дерттермен байланысты деуі де негізсіз емес. Осындай ауырт­палық жағдайға алаңдап отырған облыстық партия комитеті бұл жарылыстарды тоқтатуды немесе оның қуатын кемітіп, жарылыс аралықтарын сирексітуді, одан әрі жарылыстарды басқа бір қолайлы жақтарда өткізуді тиісті министрліктер мен мекемелерге тапсыруын өтінеді» деп жазған Кешірім Бозтаев КСРО басшысына жолдаған жеделхатында.

Қарт қаламгер Ғаббас Қабышұлының дерегінше, жеделхат СОКП Орталық партия комитеті саяси бюро мүшелеріне таныс­тырылғанда КСРО Қорғаныс министрі ­Дмитрий Язов ядролық жарылыс зардаптарын мойындамай: «Бозтаев жағдайды шиеленістіріп отыр. Полигон таза, алаңдауға негіз жоқ» деген. Курчатов қаласының басшылығы да оны қостаған. 28 ақпанда Курчатовқа Үкімет комиссиясы келген. Сол күні көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» қозғалысы құрылды.

Бұл ұйым Кешірім ­Бозтаевтың жеделхатынан кейін бір апта өткенде жұмысын бастады. Бозтаев пен Сүлейменов екі жақтап жүріп, ақыры полигонды жаптыртты. Кейіннен ­Бозтаевтың «Семей полигоны. Қайнар қасіреті» атты кітабы жарық көрді.

Полигон жабылғанмен, одан кейінгі істерден де Кешірім Бозтаев тыс қалған жоқ. Ол – 1992 жылғы 18 желтоқсанда қабылданған «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңының, Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен тұрғындарды медициналық оңалту бағдарламасының авторы. 1996 жылы белгілі қоғам қайраткерлерімен бірге «Полигон – 29 тамыз» халықаралық қайырымдылық қорын құрды.

Елорда көшелеріне ­Аманжол Бөлекбаев, Бәйкен Әшімов, Мақтай Сағдиев, Салық Зиманов, Ұзақбай Қараманов сынды елдің өркендеуіне елеулі үлес қосқан мемлекет қайраткерлерінің аты берілді. Бұл қатарға атом оқпанын жапқан Кешірім Бозтаевты да қоюға болады деп есептейміз. Бас қаланың бір көшесі қайраткер атына әбден лайық. Бас қаладан Бозтаевқа көше бұйыра ма?


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button