Жаңалықтар

Бүгін қандай көңілді күн!



DSC_6058

«Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында «Бала – өмірдің гүлі» атты шара өтті. Жасотандықтар бұл мерекені «Бақытты балалық» партиялық жобасының аясында ұйымдастырған. Басты мақсат – балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.

Алғашында айналаға тосырқай қараған балақайлардың жүзу бас­сейніне келгенде ұйқылары шайдай ашылды. Улап-шулап келіп, суға күмп берген балалардың әрекетін сырттай бақылау да адамға ерекше әсер сыйлайды екен. Жанымда тұрған «Жас Отанның» ұйымдастыру бөлімінің қызметкері Сұлушаш Дүйсенбекова «бүгін осы орталыққа 7 мен 14 жас аралығындағы 50 баланы алып келдік. Әлгінде автобуста ән салғанымызда, көңілсіздеу отырған еді. Көрдіңіз бе, қазір бәрінің жүзі бал-бұл жанып жүр! Бұл балалардың өмірге келе сала көрген қиыншылықтары аз емес қой. Сондықтан, қолымыздан келгенше қуаныш сыйлағымыз келеді» дейді сыбырлап. Сұлушаштың айтуынша, партияның жұмыс жоспары бойынша жыл сайын балаларға арналған 50-ден астам мерекелік іс-шара өтеді екен.
– Менің мына қалпағымды көрдіңіз бе?
Жалт қарадым. Алуа есімді бүл­діршін қыз өзінің әдемі киімімен мақтанғысы келгендей маған қарай жүзіп келеді екен. «Сен менен де жақсы жүзеді екенсің» дедім күліп. Қомпаңдап қалды. Тағы да мақтай түссін деді ме, мұрнын басып, біршама уақыт судың астында тұрды. Баланың бал қылығы қандай жарасымды!
Балалар жағажайда демалған соң, «Fame City» орталығында ат­­трак­циондарға отырып, көңіл кө­терді. Көпшілігі биыл жастары толмағандықтан, лагерьге бара алмай қалған екен. «Жас Отандықтар» осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып, балақайлардың бір күнін мерекеге айналдырды.
Бір айта кетерлігі, «Жас Отанның» балаларға арналған қайырымдылық шарасы «Хан Шатырда» бірінші рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар «мерекелерде, жалпы, жылдың барлық мезгілінде бүлдіршіндерді назарымыздан тыс қалдырған емеспіз. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары мен мүмкіндігі шектеулі балаларға да жиі барып тұрамыз» дейді.

Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button