Мәдениет

БҮГІНГІ КҮННІҢ БЕЙНЕСІ



Астанадағы Қазтұтынуода­ғы­ның Сау­да-экономикалық кол­леджі­нің жақын­да ашыл­ған «Мирас» студенттік театры белгілі жазушы-драматург Жол­тай Әл­маш­ұлының «Мұң­мен алыс­қан адам» атты спектаклін сахнаға шығарды.

20170525_184252

Қойылымға XX ғасырдың бас кезіндегі саяси жағдайларға байланысты тағдыр тәлкегімен елден көшіп, сонау Еуропаның төріндегі Франциядан шыққан бір қазақ отбасының тағдыры арқау болған. Бойы­нан қуат кетіп, әбден қартайып, жасы сексенге таяған шағында Асан қария өз туған еліне оралуды ойлайды. Пьеса осыдан басталады. Ақсақалдың ұлы Марат пен қызы Маржан осы мәселеге келгенде ойлары қақ жарылып, пікірталасқа түседі. Марат «Қазақстанда не бар, осында қаламыз» десе, Маржан «Жоқ, әкемнің соңғы тілегін орындау парыз, қайтсек те елге алып барамыз» деп табандап тұрып алады. Былайша айтқанда, дәл бүгінгі күннің бейнесі. Қазірде қазақ жастарының арасында «шетелге барып тұрсам» деп аңсары ауатын қыз-жігіттер көп кездеседі. Бейне бір жат ел оларға жұмақтай көрінеді. Халқымызда «туған жер» деген қасиетті ұғым бар. Оның қадірі жалындаған жастық шақта білінбейді. Ақылы толып, орта жасқа келгенде арта түседі. Шығарманың авторы да сол ұстанымды нысанаға алып, «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ойды астарлап жеткізген.

Әрине, спектакльді сахнаға шығарған студенттер кәсіби әртістер емес. Тіпті, олар актерлік бөлімде де оқымайды. Сауда мен экономика саласының болашақ мамандары. Бірақ соған қарамастан жастар қойылымды сәтті алып шықты. Өз рөлдерін шынайы ойнады. Ешқандай кібіртік байқалмады. Оқиғалардың қабысуы, ой тереңдігі, дауыс анықтығы, кейіпкерлер диалогы – бәрі де өзара үйлесім тапқан. Пьеса арасында кездесетін кейбір сәттерді бейнебаян арқылы ұтымды жеткізді. Асан шалдың рөлін сомдаған Шыңғысхан Кемелбек деген жас өреннің бойынан жасырынып жатқан актерлік шеберлікті көрдік. Маржанды ойнаған Арайлым Сыздықованың да қабілеті бар екен. Бұл жерде қоюшы режиссер Сабыралы Кемелбаевтың оқу ордасынан дарынды жастарды тауып, өнерге тарта білген еңбегі ерен. Режиссерлік шешімталдығы да өзгеше. Қойылым асыл ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен түйінделді.

Шара соңында спектакльді тамаша­лау­ға келген Несіпбек Айтұлы, Серік Тұр­­ғынбек, Рахымжан Тұрысбек секілді зия­­лы азаматтар шығып, жастарға бата­­сын берді. Сөзді шығарма авторы қорытындылады.
– Бұған дейін бұл туындыны Қостанай, Семей театрларында сахналады. Көрер­мен­дерден өз бағасын алған. Ал бүгінгі қойылым маған ерекше ыстық болып тұр. Оның себебі: елордадағы Сауда-экономикалық колледжінің талантты өрендері әртіс болмаса да шеберліктерін шыңдап, шығарманы тамаша алып шықты. Сондықтан жас театрдың алғашқы қадамы сәтті болсын! Өйткені сахнада ойнау – асқан жауапкершілік. Тіпті, ойнау тұрмақ микрофон алдында сөз тауып, сөйлеудің өзі қиын. Сондай қадамға барудың өзі өнерге деген ықылас деп ұғамын. Соған мұрындық болған, оқу ордасының басшысы, өзі де кең қолтық, ақ еділ азамат Мырзабек Күжімовке алғысымды білдіремін, – деді Жолтай Әлмашұлы.

Азамат  ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button