Білім

БҮЛДІРШІН БАҚШАҒА АСЫҚСА…



Балабақша тек бүлдіршіндердің келіп-кететін мекені болмауы керек. Ата-ана баласын онда «баламыз жұмыс жасауға кедергі болмасын» деген ниетте қалдырмауы қажет.

Happy children with teacher at school.

Міне, осындай көзқарас қалыптаспас үшін балабақша жұмысының, ондағы ұжымның ауызбіршілігі мықты болуы шарт. Бүлдіршін бақшаға достарымды көрем, үйде еш ойналмайтын қызық ойындар ойнаймын, ешкім білмейтін, тек тәрбиешім ғана білетін қызықты ертегілерді тыңдаймын, әндер үйренемін деп келсе ғана, ол оның қызығып келетін шуақты мекеніне айналады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қарай қоғамда оңды өзгерістер көп болды. Елдің ертеңі мен ұлт болашағын жан- жақты тұлға ретінде қалыптастыруда мектепке дейінгі мекемелерге де үлкен жүк артылып отыр. Еңселі елордамыздың төрінде шаңырақ көтерген №53 «Мерей» балабақшасы саусақпен санарлық уақыт аралығында жасөспірімдерге білім мен тәрбие берудің қара шаңырағына айналды. Дәл осылай екпін түсіре айтуымыздың да өзіндік себебі бар.

Мәселен, балабақшада мектепке дейінгі балалардың денсаулығын нығайту және жан-жақты дамытуға көңіл бөлінген. Сонымен қатар, бүлдіршіндердің интеллектуалдық және жеке тұлғалық қасиеттерін дамытып, бойындағы талантын ашып, қарым-қатынас жасаудың мәдениетін үйретуде де біраз тыңғылықты жұмыстар жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, баланың ана тілінде сөйлеуі, туған тілімен тыныстауы негіздерін қалыптастыру бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі ретінде басты назарға алынған. Балабақша ұстаздары, тәрбиешілері үнемі ізденіс үстінде жүріп, төгілген ақ маңдай терінің арқасында тәрбие, білім сапасы еселеп өсіп, жаңаша сипат алып келеді. Ұлттық рухтағы тәрбие мен білім беру жүйесі қоғамымыздың әлеуметтік ілгерілеуінде жетекші рөл атқаратынын жете сезінген балабақша ұжымы жеткіншектердің сауаттылығын арттырып, қабілетін жетілдіруге аса ден қоюда.

Педагогикалық технологиялардың жаңа үлгісін таңдап, тәлім-тәрбие үдерісін тың бастамаларға негіздеп, тақырыптарын мазмұнды да мәнді өткізіп, өз міндеттерін ойдағыдай атқарып келеді. Балабақшамызда өз кәсібін, балаларды шексіз сүйетін, ұстаздық борышын жоғары деңгейде атқаратын мамандар көптеп топтастырылған. Осындай жемісті еңбектің арқасында саналы ұрпақ тәрбиелеуге атсалысып жатырмыз.

Балабақша ұжымы тек қана бүлдіршіндердің білім аясын кеңейтіп қана қоймай олардың шығармашылық қабілетін жетілдіруді де қолға алып, театрлық қойылымдар қою арқылы талантын шыңдауға да күш жұмсап келеді. Осы негізде көркем образдарды бейнелеуге арналған ертегі кейіпкерлері қуыршақтар пайдаланылып отырады. Балалардың актерлік шеберлігін шыңдау үшін «Көркем әдебиет» оқу қызметі арқылы балалар театрының бірнеше түрі жиі қойылып тұрады.

Иә, баланы тәрбиелеп, оқытып, оны үлкен өмірге дайындау оңай шаруа емес. Ауызбен айтуға жеңіл болғанымен, оқу инемен құдық қазғандай қаншалықты қиын болса, бала тәрбиесі одан да қиын жол.

Малика БАҚЫТОВА,
№53 «Мерей» балабақшасының меңгерушісі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button