Басты ақпаратҚоғам

Цифрлық теңге қашан енгізіледі?



Астана қаласында Қазақстан Ұлттық банкінде өткен баспасөз мәслихатында цифрлық теңгенің енгізілуіне қатысты бірнеше сауалдар қойылды. Әсіресе, көпшілікті кейінгі кезде сандық «әлеу­меттік әмиян» деген термин көбірек қызықтыратыны байқалды. Біз осы бағытта цифрлық теңгеге байланысты қаржыгерлер мен маман-сарапшылардың пікіріне құлақ түрдік.

Ұзын арқан, кең тұсау…

Елімізде цифрлық теңге айналымын енгізу жөніндегі әңгіме көптен айтылып келеді. Ұлттық банк бұған дайындығын өткен жылдың күзінде бір пысықтап көрген болатын. Алайда қазіргі валютамен қатар қолдануға кейбір мүмкіндіктер айтылғанымен, қанатқақты жобаны алдағы қараша-желтоқсан айларында байқап көруді ұйғарыпты. Алайда Ресей Федерациясы осы жылдың 1 тамызынан бастап цифрлық рубльдің айналымы туралы заң шығарып, оны қолданысқа енгізіп те жіберді.

CBDC деген термин 2020 жылы Багам аралдарында айтыла бастады. Бұл халықаралық ұлттық валютаның цифрлық белгісі екен. Ал 2023 жылдың басында мұны төрт мемлекет ақша айналымына енгізіп, отызға тарта ел криптовалюта негізінде байқап көруге кірісті. Бірақ CBDC-тің қолданыстағы мүмкіндіктерінде оның айырмашылықтары жер мен көктей айқындалып, біраз кедергілер шыға келді. Криптовалютадан CBDC-тің бір ерекшелігі – ол тек орталық мемлекеттік банктерде айырбасталып, төлем ақша қаражаты ретінде реттеліп отырылады. Ал оның депозит, облигация, акция сияқты қолма-қол ақшасыз есеп айрылысудан гөрі тиімділігі басым екендігін мамандар мойындап отыр.

Цифрлық теңге бірыңғай электронды кодқа негізделген. Көрші елдерде оның алтынвалюта қорымен қамтамасыз етіліп, ұлттық валютамен бірдей айнылымға енгізілгені белгілі. Бізде де осы үрдіс жалғастырылып, Ұлттық банк әзірлеген цифрлық әмиян тұжырымдамасы бойынша цифрлық теңге айналымға енетін күн де алыс емес сияқты. Дегенмен, елімізде Қазақстан Ұлттық банкі цифрлық теңгеге дайындықты 2021 жылы бастағанымен, әлі күнге айналымға нақты енгізе алмай жатқаны көптеген адамдардың орынды уәжін туғызуда. Мәселен, қаржыгер Елемес Сұлтанұлы Ұлттық банктің бұл әрекетін «ұзын арқан, кең тұсау» сөзбұйдалық деп отыр.

«Расында, бұл үдерісті Ұлттық банк созыңқырап жіберді. Мен жылдың басында олардың сайтынан «Цифрлық теңгені айналымға енгізу қажеттілігі туралы зерттеу қорытындылары» деген хабарлама оқығанмын. Онда осы жылдың күзіне дейін халқымыз бұл ақша айналымының жемісін көретіндігі жөнінде айтылған еді. Алайда 2023 жылдың күзінің екінші айы басталғанмен, Қазақстанның Ұлттық банкі әлі бір нақты шешімін айта қойған жоқ.

Негізінен алғанда, қазақ­стандық CBDC-ны енгізу жүйесінде ресейлік нұсқа басшылыққа алынатын сияқты. Тек заңдық тұрғыдан қалай болатыны әлі айқындала қойған жоқ. Мүмкін, көрші елдегідей арнайы заң қабылдар немесе 2023 жылғы ақпан айында шыққан «Цифрлық активтер туралы» заң аясында әрекет етер. Қалай еткенде де айтылып, халықты құлақтандырғасын цифрлық теңгеге тезірек көшу Ұлттық банктің басты міндеті болуы керек деп ойлаймын» деді қаржыгер.

Электронды әмиян толықпақ

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қол емес ақша қаражатына қосымша есеп айырысудың үшінші түрі ретінде енгізілетін болады. Мұның өзіндік бірегей және сапалық сипаты болатындығы да айтылуда. Мәселен, цифрлық теңгемен сауда, халыққа қызмет көрсету орындары мен банктерде ғана емес, тіпті интернет жоқ жерлерде де есеп айырыса беруге болады. Ол үшін NFC (Қысқа қашықтыққа деректердің шағын көлемін байланыссыз жіберуге арналған гаджеттің технологиялық қыз­меті), QR-код және телефон нөмірі болса жеткілікті.

CBDC-тің тағы бір ерекшелігі – оның бағдарламалық сипатында жатыр. Ол инновациялық қаржы сервисін құруға зор мүмкіндік береді. Қазір көптеген адамдар смарт-келісімшарт базасында осы қызметті тиімді пайдаланып жүр. Ал цифрлық теңгеге ол тіптен үйлесімді көрінеді.

Цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қол емес ақша қаражатына қосымша есеп айы­рысудың үшінші түрі ретінде енгізілетін болады

Ұлттық банк қазірдің өзінде цифрлық теңгені пайдалану әркімнің өз еркі деп отыр. Сондықтан біреулер айтып жүргендей, болашақта CBDC-ке толық немесе барлық жерде бірдей көшу деген болмайды. Цифрлық теңгені пайдалану да, пайдаланбау да әр азаматтың өз қалауына байланысты жеке шаруасы болып қала береді.

Осыған орай 2023 жылдың күзінде, нақтырақ айтқанда, қараша айында цифрлық теңгемен есеп айырысудың тек әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік сатып алуларға қатысты шектеулі тізбесі енгізіледі. Ал толықтай енгізу 2025 жылы аяқталады деп күтілуде.

Жаңа «әлеуметтік әмиян» деген сөз айтылып қалды. Ең бірінші цифрлық теңге әлеуметтік төлемдерге пайдаланылатын болса, алдағы уақытта әр тұтынушының сөзсіз әлеуметтік әмияны қалыптасады деген сөз. Бірақ одан әр азамат белгілі бір жеңілдік, не болмаса ыңғайлылық көруі керек қой. Ұлттық банк «алдағы уақытта бәрі жақсы болады» деп сендіргенімен, аталған теңгені пайдалануда тұрғындардың мүмкіндіктері қалай артады? Осы жағы жан-жақты айтылмады. Тек «цифрлық теңгемен төлеу ауылдықтар үшін зор маңызға ие. Өйткені ол ғаламторы жоқ алыс ауылдарда да жұмыс істей береді» деген үйреншікті сөз тағы қайталанды. Қазір еліміздің Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазақстанда интернетпен 2027 жылға дейін бүкіл ауылдарды қамтамасыз етеміз, ғаламторы жоқ бірде-бір елді мекен болмайды» деп жамағатқа жар салып отыр. Тіпті ол кезде кез келген жерде интернет қазіргіден екі-үш есе жылдам болады дегенге де сендіріп қойды. Ал Ұлттық банк цифрлық теңге 2025 жылы толық күшіне енеді дегенді нақтылады. Сонда ауылдықтар цифрлық теңгенің қызығын тек екі-үш жыл көре ме? Өйткені қолма-қол ақшасыз есеп айырысып үйреніп қалғандар цифрлық валютаны пайдалануға құштарлық таныта қояр ма екен?

Ең бастысы – қауіпсіздік

Ал Ұлттық банктің «цифрлық теңгені пайдалану ерікті» дегені де жай айтыла салған сөз бе деп ойлайсың. Әрине, ешкім келіп, кеңірдегіңізге кездік тақамас. Дегенмен, қажеттілік туғызатыны айдан анық. Тіпті қазірдің өзінде Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі мегаполистерде әлеуметтік қызмет төлемдерін тек «Қазпошта» филиалдарында ғана жекебас куәлігін көрсеткенде ғана қолма-қол ақшамен төлей аласыз. Ал одан басқа тиын ақшаны қабылдамайтын банкілердің терминалдары мен телефондарда тек аудару жолымен есеп айырысасыз. Бұл тек қарапайым азаматтар үшін. Бизнес өкілдері туралы сөз жоқ. Неге десеңіз, оларды мәжбүрлеу – оңайдың оңайы. Кезекті мемлекеттік сатып алу туралы хабарландыру жариялап, онымен тек CBDC арқылы есеп айырысу керек десе, жетіп жатыр.

Цифрлық теңге туралы біз бұған дейін де әңгімелегенбіз. Ұлттық банктің осы төңіректегі ұстанымы бізді қызықтырады. Мамандардың айтуынша, цифрлық теңгенің жарамдылық мерзімі болмайды әрі тектен-текке жойылып кетпейді екен. Оның тағы бір артықшылығы – технология­лық тұғырнама ғаламторға қосылмай-ақ цифрлық теңгемен есеп алмасуға мүмкіндік беретіндігі. Сондай-ақ оны онлайн-транзакциялар үшін де пайдалануға болады. Халыққа керек деп отырған бұл үдерістің басқа да қырлары бар. Біріншіден, көлеңкелі экономиканың жолын кесуге септігі тиюі мүмкін. Екіншіден, көптен айтылып жүрген жаңашылдықтың тезірек іске асырылуы елдің қаржы айналымына да игі ықпалын тигізе ме деген сенім зор.

Міне, баспасөз мәслихатында таяудағы жылдарда жүзеге асырылатын жұмыс­тардың осындай жөн-жосығы айтылып, осы төңіректегі қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Қолма-қол ақшаны цифрлық валютамен ауыстырудағы кейбір түйткілді жайлардың да жай-жапсары да сөз болды.

P.S: Цифрлық теңге елімізде биыл қараша айынан бастап қанатқатқы жоба ретінде жүзеге асырылмақ. Ол тек әлеуметтік төлемдер мен өзара есеп айырылысуға ғана емес, қаржылық мүмкіндіктердің барлық саласында қолданысқа ие болсын деген тілек айтылды. Әрине, ол үшін де қоғамдағы әлеуметтік бақылауды күшейтіп, бұқараның мүддесі жолындағы қауіпсіздікті нығайта түсу керек.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button