Айтпайын-ақ деп едім!

Өзі қорғап, өзі қыра ма?

Өткен айдан бастап елімізде киіктердің санын реттеу мақсатында 337 мың киікті аулауға рұқсат берілді. Оған бастысы, киік саны күрт өсіп, ауыл шаруашылығына орасан зор шығын әкелгені себеп болған.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, 2003 жылы Қазақстанда бар-жоғы 21 мың киік бар болса, бүгінгі таңда оның саны 2 млн 600 мыңға жетіп, ауыл шаруашылығына 12 млрд теңге шығын әкелген. Бірақ бізде бұл шығын қалай есептелді? 20 жылда 20 мың киік 2,5 миллионға қалай жетті деген сұрақ туды. Тіпті жыл сайын егіз тапты деген күннің өзінде еркек төлі мен табиғи сұрыпталуын (қартайып өлуі, індеттен қырылу) ескерсек, киік санының 20 жылда 2,6 миллионға жетті деген қисынға сыймайды. Оны қасқыр жемей ме?! Арықтап өлмей ме?

2015 жылы Американың NBC News сайты Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылуы жайлы жариялаған мақалада «төрт күнде 60 мың ақбөкен қырылып қалды, бірақ мұның себебін әлі ешкім білмейді» деп жазса, Ұлыбританияның Express газеті қазақ даласындағы 140 мың бас киік екі аптаға жетер-жетпес уақыт ішінде белгісіз себептен қырылғаннан кейін әлемдегі киік саны екі есеге азайған деп көрсетіпті. Демек, Экология және табиғи ресурстар министрінің киіктің саны жөніндегі мәліметінде үлкен ағаттық бар немесе атуға сылтау табу үшін осылай көбейтіп көрсеткен болуы мүмкін.

Киікті атауға рұқсат бергеннен кейін қазақтың даласы ғана емес, әлеуметтік желісі де қан сасып кетті. Атап айтқанда, бейберекет қырылған киіктердің ішек-қарны, тері-терсегі көрінген жерде шашылып жатқаны жайлы ақпараттар желіде желдей есіп, киіктің обалынан қорыққан жұрт бұл шараға наразылықтарын білдіргенімен, құлақ асқан ешкім болған жоқ. Керісінше, киік еттері базарда 1500, 1700 теңгеден саудаланып жатқаны мәлім болды. Әрине, киікті атуға рұқсат берілгенімен, оны кім көрінгеннің атып жеуіне рұқсат жоқ. Яғни «Охотзоопром» сияқты белгіленген мекемелер ғана атуына құқылы. Қазақстанда киіктерді заңсыз ату немесе зиян келтіргені үшін, жануардың еркегін атқандарға – 500 АЕК, ал аналық киік пен төлін атқандарға 350 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Түрмеге тоғытылуы да мүмкін. Түз тағысын ату, аулау үшін ешбір аңшыға квота берілмейді. Неге олай? Киік етін сатудан түскен ақша қайда жұмсалады? Оны қандай мекеме қадағалап отыр? Атылған бөкеннің мүйізі қайда?

Мүйіз демекші, емдік қасиетке ие бөкен мүйізіне қазір сұраныс өте күшті. Көрші Қытай елінде бөкеннің бір жұп мүйізінің өзі неше мың юаньға (мөлшермен 100-300 мың теңге аралығы) саудаланады. Браконьерлердің көбінде ақбөкен атуға әуес болатынының себебі – осында. Демек, киіктің санын азайту жоспарының астында ауыл шаруашылығының қамын жеу емес, киік мүйізін саудалап ақша табу да жатқан болуы мүмкін. Сондықтан, бұл мәселеге заң орындары баса назар аудару керек деп санаймыз.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қоңыр аңды қорғау­ға қыруар қаржы жұмсадық. Киікті қорғау жолында көз жұмған қорық қорғаушылары да аз емес. Бір киік атқаны үшін айып төлеп, сотталып жатқандар да бар. Былайша айтқанда, үкімет мемлекеттің ақшасымен киікті қорғап, мемлекеттің ақшасын жұмсап қырып жатыр. Егер киік расында тез өсіп жатқан болса, мамандар ертерек жоспарлауы керек еді ғой. Яғни, әр жылы күзде киік атуға квота бөліп, аңшыларға рұқсат етсе, олар атқан аңы үшін мемлекетке ақша төлеп отырса, заңсыз аулайтын браконьерлер болмас еді, қорық қорғаушылар олардың оғынан өлмес еді.

Қысқасы, «Ауыл шаруа­шылығына зиян әкелді» деген желеумен киікті жаппай қыру – үйлесіміз шешім. Мұның астарында жоғарыда айтқанымыздай, әлдекімдердің ақша табу сынды арам ойы жатқан болуы мүмкін.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button