Білім

ДЕНІ САУДЫҢ – ЖАНЫ САУ



Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұлт денсаулығы – табысты болашағымыздың негізі екендігі айтылып, салауатты өмір салты – ұлт денсаулығының кілті болып саналады делінген. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында елімізде 1997 жылдан бастап жыл сайын қыркүйек айында Денсаулық фестивалін өткізу дәстүрге айналып үлгерді. Биыл да қаламыз бойынша «Біздің денсаулығымыз – өз қолымызда!» ұранымен «Денсаулық фестивалі» апталығы өтті.

Ауқымды шара шеңберінде №70 мектеп-лицейде де «Біз салауатты өмір салтын ұстанамыз!» атты спорттық іс-шара өтті. Мектептің спорт алаңында оқушылардың сап түзеуімен басталған кештің ашылу салтанатында мектеп директоры Марал Қазиева сөз сөйлеп, денсаулық сақтаудың, спортпен шұғылданудың адам өміріндегі маңызына тоқталды.

Спорттық жарыстарға жалпы 5-11 сынып оқушылары қатысты. Жалпы саны 795 оқушы спорттық жарыстарда белсенділік танытты. Жоспар бойынша 11-сынып оқушылары футбол ойынынан жарысқа түсті. Ал спорттық эстафета жарысына 7,10-сынып оқушылары қатысты. 5,9-сынып оқушылары арасында «Арқан тартыс» жарысы өтті. Сондай-ақ, 6,8-сынып оқушылары арасында «Халық добы» және «Қала ішінде қала» атты спорттық ойындар ұйымдастырылды. Мектептің шахмат бұрышында 5-11 сынып оқушылары арасында шахматтан жарыс ұйымдастырылды. Жарысқа мектеп мақтанышы, шахматтан Әлем чемпионатының қола жүлдегері 6 «Д» сынып оқушысы Амина Қайырбекова төрелік етті. 5-11 сынып оқушылары арасында «Тоғызқұмалақ» ойынынан сайыс ұйымдастырылды. Шапшаңдық пен жылдамдықты айқындайтын спорт түрлерінің бірі «Үстел теннисі» 5-11 сынып оқушылары арасында өтті. Жарыс қорытындысы ретінде спорттық іс-шараның жабылуы салтанатты түрде мектептің алаңында өтті. Өткен барлық спорт түрлері бойынша қазылық еткен ұстаздар мен төрешілерге сөз беріліп, жеңіске жеткен сыныптар мен оқушыларға мақтау қағаздары берілді. Денсаулық күніне ұйымдас­тырылған спорттық іс-шара жоғары деңгейде өтті.

Гүлжан РАХМАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button