Басты ақпаратЕлорда тынысы

Дэниел Розенблюм: «Алтын адамы» бар Астана айрықша ұнайды



Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын сайын дала – Сарыарқа төсінде Отанымыз­дың жаңа елордасы – Астана бой түзеді. Бүгінде халқының саны миллион­нан асатын Қазақстандағы ірі мегаполиске, бүкіл еліміздің қарқынды, қарышты дамуының нышанына айналды. Дамушы елдер қатарына енетін Қазақстан үшін АҚШ сынды нарықтағы беделі жоғары елмен тығыз қарым-қатынаста болу өте маңызды. Екі ел арасындағы байланыс 1991 жылы 25 желтоқсаннан, АҚШ-тың Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін таныған кезден бастау алады. Астана күні қарсаңында Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел РОЗЕНБЛЮММЕН дидарласып, еркін форматта аз-кем сұхбат құрған едік.

– Дэниел Розенблюм мырза, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық салада дамып келе жатқаны қуантады. Дегенмен қай салада ерекше атайтын жаңалық бар? Алдағы уақытта қолға алынатын бірлес­кен жобалар бар ма?

– Біздің ортақ мүддеміз бар, сондықтан Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеп жатқан бір-екі салаға ғана назар аудару қиын. Қазақстанның егемендігін алған жылдардан бастап, 1990 жылдардың өзінде бізді жақындастыратын, әсіресе ядролық қарусыздандыруға қатысты ортақ мүддеміз көп екенін көрдік. Қазақстанның ядролық қаруды таратпау бойынша көшбасшы болып, ядролық қарудан бас тартуын Америка Құрама Штаттары бірден қолдады. Қазақстан бұл ядролық қарусыздандыру бойынша бастамасын мақтан тұтуы өте орынды. Бүгінгі таңда біздің қарым-қатынасымыз одан да нығая түскен, ол экономикалық серіктестік, білім беру бойынша серіктестік, БҰҰ бітімгершілік жаттығулары және тағы басқа бірталай саланы қамтиды. Қазір біз денсаулық пен климат сияқты жаһандық маңызы бар мәселелерде бірге жұмыс істеп жатырмыз. Негізінен, Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан тек қана аймақта ғана емес, жаһандық тұрақтылық, бейбітшілік пен өркендеуге қарай ұмтылады, сондықтан біз жиі бірге жұмыс істейміз. Мен АҚШ-Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың болашағына өте оптимистік көзқараспен қараймын.

– Еліміздің Астанасы биыл 25 жылдығын атап өтеді. Елордамыздың дамуы, сәулеті, мәдениеті, өркендеу жолын қалай бағамдар едіңіз?

– Астананың соңғы 25 жылда елордаға айналуы елдің алға қарай дамуға деген ұмтылысын көрсетеді. Қалада салынып жатқан құрылысқа немесе қарбалас уақыттағы көлік қозғалысына қарасаңыздар, елорданың қаншалықты жылдам өсіп жатқаны анық көрінеді. Мен Астананың кәсіпорындары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық­тары үшін газдандыру мәселесін жақсартуға бағытталған жоспарына тәнтімін, бұл болашақта, әсіресе қыс айларында, ауаның ластануын азайтуға әсер етеді. Маған сондай-ақ қала сәулеті ұнайды және кейбір ғимараттардың өз атауы бар, сонысымен қызық. Мұражайларға барғанды жақсы көремін, алдағы уақытта Астананың өнерімен де көбірек танысармын деген үмітім бар. Ұлттық мұражай енді ғажап! Онда ел тарихы туралы қаншама ақпарат бар – «Алтын адам» мүсіні айрықша әсер етеді. Әрине, бұл – мұражай коллекциясының бір бөлігі ғана. Мен осымен музейге екі рет бардым, бірақ барлығын зерделеп үлгермедім, алдағы уақытта тағы сәті түсер деген ойдамын.

– Қазақ елі астанасының ерекшелігі неде деп есептейсіз, нені ескерген жөн?

– Ең алдымен, қыстың ызғарына қарамастан, Астананы жып-жылы ететін ерекшелік – ол тұрғындардың қала қонақтарына деген мейірімі мен қонақжайлығы. Астана халықаралық деңгейдегі форумдарымен, жоғары деңгейдегі конференцияларымен және бірегей сәулетімен танымал. Астана – әртүрлі аттракциондар мен іс-шараларға, соның ішінде мұражайлар, сәулет ескерткіштері, жергілікті тағамдар, концерттер мен қойылымдарға бай қала. Оны толықтай бағалау үшін қаланы аралап, оның тарихын білуге дайын болу керек деп ойлаймын.

Қолжетімді қоғамдық кеңістіктер құру арқылы ­Астана қоғамдағы азамат­тардың ­өзара әрекеттесуін, қоғам­дас­тықтың бір-­бірімен араласуын және тұрғын­дардың өмір сүру сапасын жақсарта алады

– Әлемдік экономиканың болашағы туризммен анықталады. Екі ел арасындағы туризм арқылы қарым-қатынас мәселелері қаншалықты шешілген?

– Мен туризмнің жергілікті экономика үшін өте маңызды екенін білемін және бұл тұжырыммен толықтай келісемін. Туризм адамдар арасындағы өзара түсіністік пен байланысты нығайтады. Қазақстанда берілген АҚШ визаларының басым бөлігі іскерлік немесе туристік мақсатқа арналған. Біз бірнеше мың қазақстандықтың АҚШ-қа бару мүмкіндігін жеңілдеттік.

Осы қаржы жылында біздің консулдық бөлімшелер қазақстандықтарға 13000-нан астам туристік виза берді және олардың көпшілігі 10 жылға жарамды, бұл – Америка Құрама Штаттары ұсынатын ең ұзақ мерзім. 2022 жылы біз «Ашық аспан» азаматтық авиация келісіміне қол қойдық және қазір Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейсті бастау үшін қажетті көптеген талапты орындаудамыз. Алғашқы рейске әлі екі жыл уақыт қалғанымен, менің ойымша, бұл рейстер басталғаннан кейін екі елдің туристік және іскерлік байланысы одан әрі нығая түсетіні анық.

Біз, сондай-ақ, туризмді дамыту, туризм туралы зерттеу жасау, мақала шығару, жазу бойынша түрлі сарапшылар үшін кәсіби алмасу бағдарламаларын қолдап келеміз. Мысалы, осы жылдың мамыр айында АҚШ дипломатиялық өкілдігі «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен бірлесе, Қазақстанға құрамында туристік индустрияның ең тәжірибелі журналистері, фототілшілері бар Америкалық саяхатшы-жазушылар қоғамының (Society of American Travel Writers) 14 мүшесін әкелді. Бұл қоғамға редакторлар, хабар тарату/бейне/фильм продюсерлері, блогерлер, веб-сайт иелері, қоғаммен байланыс жөніндегі сарапшылар және Америка Құрама Штаттарынан, Канададан, одан басқа елдерде туризм мен қонақжайлылық индустриясының өкілдері кіреді. Осы келген сарапшылар Қазақстанның туристік орындары мен мәдени көрікті жерлері туралы жаңа халықаралық туризм тақырыбында көптеген мақала жазды, бұл өз кезегінде Солтүстік Америка оқырмандарының үлкен қызығушылығын туғызып отыр.

Тағы бір мысал, АҚШ-тың Summer Work and Travel атты бағдарламасы аясында жазда АҚШ-қа баратын көптеген белсенді де талантты қазақ жастарын айтуға болады. Өткен жылы 2151 қазақстандық студент Америка Құрама Штаттарындағы курорттар мен саябақтарда жұмыс істеуге әрі ел көруге барған болатын. Биыл тағы мыңдаған адам дәл осындай керемет тәжірибе алуға аттанды. Осы бағдарламаға қызығушылық танытқан Қазақстан 2022 жылы Summer Work and Travel бағдарламасына қатысудан әлем бойынша үздік 15 елдің қатарында. Бұл – біздің елдерімізді жақындастырып, адамдар арасындағы байланысты орнатуға көмектесетін керемет бағдарлама.

– Урбанизация үрдісінде сіздердегі үлкен шаhарлардан жас елорда нені үйренуге болар еді?

– АҚШ қалаларының тәжірибесін зерттеу қазақстандық сарапшыларға урбанизацияның сәтті стратегиялары мен тұрақты тәжірибелері туралы түсінік алуға көмектесуі мүмкін, бірақ бұл тәжірибені қаланың мәдени мұрасын, ұмтылысын және нақты қажетін ескере отырып, Астананың бірегей контекстіне бейімдеу маңызды деп есептеймін. АҚШ қалалары инновациялар мен қалаларды дамыту үшін университеттермен және ғылыми мекемелермен, үкіметтік емес ұйымдармен және жергілікті қауымдастықтармен жиі ынтымақтаса жұмыс істейді. Бұл бірлескен жұмыстар нақты міндеттерді айқындап, мәселені шешіп, аудандар мен қалалардың дамуына үлес қосып жүр.

АҚШ қалалары көпшілікке өзінің мәдени әртүрлілігімен, қолжетімділігімен және қоғамдық саябақтарымен танымал. Мәдениетаралық іс-шаралар мен фестивальдерді қолдап, барлық тұрғындардың қаладағы әр нәрсенің өзіне тікелей қатысы бар деген сезімін ояту Астананың әлемдік деңгейде танымал болуына одан әрі себепші болады. Астана қаласының жаңа бас жоспары бойынша саябақтар мен жаяу жүргіншілерге қолайлы көшелерді көптеп дамыту жоспарланып отырғанын білемін. Қолжетімді қоғамдық кеңістіктер құру арқылы Астана қоғамдағы азаматтардың өзара әрекеттесуін, қоғамдастықтың бір-бірімен араласуын және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарта алады.

– Елордалықтар сіз үшін несімен ерекше?

– Маған Астанада, жалпы осы аймақта ұнайтын нәрсенің бірі – толеранттылық. Астана – алуан түрлі, жарқын атмо­сфераға толы көп мәдениетті қала, осындай ерекшеліктері қаланы өмір сүру үшін қызықты да қолайлы етеді. Қазақстанның басқа қалаларындағыдай, мұнда да адамдар өте ашық және қонақжай. Мен тұрғындардың шынайы достық пен қонақжай мінезін жиі көремін, сезінемін.

Елорда ретінде Астана Қазақстанның әр өңірінен келген жандар үшін, мамандары, кәсіпкерлері мен студенттері үшін тартымды екенін түсінемін. Мен астаналықтардың жетістікке жетуге, қаланың өсуіне үлес қосуға деген ұмтылысын байқаймын. Жан-жақтан келген адамдардың өзі дамып келе жатқан қалалық ландшафтқа бейімделіп, сол қаланың космополиттік атмосферасын қабылдағанын атап өтуге болады.

– Қазақтың қандай салт-дәстүрімен таныстыңыз, тілін үйренуге талпындыңыз ба?

– Мен сонау 1990 жылдардың басынан бастап Қазақстанда бірнеше рет болдым. Ол кезде мен Қазақстанның КСРО құрамында болғанын білгенім болмаса, жалпы тарихымен, салт-дәстүрімен онша таныс емес едім. Алғашқы іссапарларымның бірінде мені дастарқанға шақырып, тұтас бір қойдың етін алдыма қойды. Осы жолы маған қойдың басын тартты, құлақ бергені де есімде (дастарқан басында ең жас қонақ болдым дейді елші мырза). Бұл қазақтың қонақжайлылығын паш еткен, дәстүр туралы көзімізді ашқан оқиға болды.

Елшіліктегі қазақстандық әріптестерім қазіргі заманмен үйлесе келгенімен, дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрыптарын терең бағалайды. Өздеріңіз білетіндей, біздің елшілік жыл сайын Наурыз мерекесін тойлайды. Біз әдетте қазақтың ойындары, музыкасы, дәстүрлі тағамдары және бірнеше дәстүрлі қойылымдарын қамтитын мерекелік думанды шара өткіземіз. Біздің елшіліктегі Наурызды тойлау – америкалық дипломаттар үшін қазақ мәдениетімен танысатын бір үлкен мүмкіндік. Биыл мен тұсау кесу рәсіміне қатысу құрметіне ие болдым. Алдағы жылдары бұдан да көп салт-дәстүрмен танысамын деп ойлаймын және оны асыға күтемін.

Қазақ тілін үйренуге келетін болсақ, оқуға уақытым көбірек болса екен деп тілеймін. Ең үлкен проблемам – уақыттың жетіспеушілігі, өйткені менде кездесу мен іссапар көп, сонда да үйреніп, тырысып жүрмін. Қазақ тілін оқып жатырмын, өйткені, ең болмағанда, қызмет етіп жатқан елдің тілінде сөйлеу құрмет деп ойлаймын. Меніңше, ұлттық дәстүрге құрмет көрсету керек. Мен қазақ тілінде хабарламалар жасап, бейнероликтерге түсіп жүрмін. Шынымды айтсам, сол жазбаларға түсуге дайындалғанда, менің қазақша айтқандарым шынайы, түсінікті естілуі үшін көп жаттығамын. Өкінішке қарай, күнделікті ауызекі сөйлеуге келгенде қиналамын. Десе де сол бейнероликтерге түсіп, қазақ тілінде бірер сөз айтқанымның өзін де халық бағалайды деп ойлаймын.

– Елорданың қай жыл мез­гілі ұнайды?

– Астана, әрине, өзінің экстремалды континенталды климатымен танымал, жазы ыстық, ал қысы суық. Осы уақытқа дейін бір қыстан шықтым, бір көктемді көріп үлгердім, енді Астанадағы алғашқы жазыма аяқ басып отырмын. Сондықтан мезгілдің қайсысы ұнайтынын әлі айта алмаймын. Мен елорда тұрғындарының жыл мезгілін құшақ жая қарсы алғанын және жыл бойы отбасымен ашық ауада көңіл көтергенін жақсы көремін. Өткен қыста елшілік маңындағы Президент саябағында жиі серуендеп, жүздеген отбасының балаларымен шана теуіп, қарда ойнап жүргенін жиі көргенім бар. Мен, тіпті, өзім де шанамен сырғанадым. Осында келгеннен кейін бірнеше рет орталық сая­бақта шаңғы теуіп көргеннен соң, өзіме шаңғы сатып алдым. Әрине, осында келмес бұрын Астананың қысы туралы естідім және бірталай жылы киім сатып алып, азды-көпті дайындалғаным бар. Өзім Кливлендте (Огайо штаты) өстім, бұл жақтың қысы суық және қарлы болғандықтан, қыстағы ауа райы маған таңсық емес. Бұл жер Кливлендке қарағанда суығырақ, бірақ күн қыста шуақты.

– Астананың қай жерле­рін­де серуендегенді ұнатасыз?

– Мен ашық ауада кез келген жерде жаяу серуендегенді ұнатамын. Елшілік өзен мен Президент саябағының жанында орналасқан, солардың бойымен, жақсы жолдармен әрқашан серуендеген қызық. Есіл өзенінің жағасында серуендеген қандай әдемі! Сондай-ақ мен Астананың ескі бөлігінде, елорда болмай тұрып, Целиноград деп танылған бөлігінде болдым. Қаланың бұл жағында тіршілік қайнап жатыр, XX ғасырдың басындағы революцияға дейінгі үйлер және кеңес кезеңінен қалған қызықты өнер туындылары мен ғимарат қабырғаларында қызықты муралдар бар. Мен барша адамдарды қаланың бұрынғы тарихы туралы көбірек білуге, оны есте сақтап, бағалауға шақырамын.

– Астананың 25 жылдығына қандай тілек айтар едіңіз?

– Барша Қазақстан халқын Астананың мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын және сіздерге алдағы ұзақ жылдарға табыс пен гүлдену тілеймін! Happy birthday, Astana!


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button