Мәдениет

Димашпен бір сахнада өнер көрсеттім



– Астана менің көз алдымда өсті. Астанамен бірге мен де өстім. Білімге алғашқы қадамымды да осы қалада бастым. Мектепке барып, білім алғанымның арқасында 4 тілді жетік меңгеріп, «Алтын белгі» иегері атандым. Әрқашан қатарымның алды болып, үздік оқуға талпындым. Музыка мектебін үздік бітіріп, қолымдағы домбыраммен Қазақстанның танымал жұлдыздарымен Астананың бүкіл сахнасында өнер көрсеттім. Атап айтқанда, Димаш Құдайбергеновтей мегажұлдызбен бір сахнада өнер көрсету – мен үшін зор мәртебе. Роза ­Рымбаева, Бибігүл Төлегенова және басқа да танымал әншілермен сахнада үзеңгілес болдым. Ресейге барып, өз ғылыми жобамды қорғап, еліміздің атын шығарып келдім. Спорттағы жетістіктерім де аз емес, карате мен шахматтан да талай жеңіске жеттім. 2017 жылы «Республика мақтанышы», осы жылы «Елорда мақтанышы» атандым. Бір сөзбен айтқанда, ата-анам, ұстаздарым үміт күткеніндей, «сегіз қырлы, бір сырлы» болуды мақсат тұттым. Қазіргі таңда мен Түркияға оқуға кетіп барамын. Түркия – Азия мен Еуропаны байланыстыратын көпір, ал менің таңдаған мамандығым – әлемдік экономика, әлемдік сауда болған соң, Түркияны таңдадым. Оқуым біткен соң еліме оралып, Астананы да әлемдік нарықтың орталығы етуге атсалысатын боламын.

Астананың менің жүрегімде орны бөлек, өте ерекше. Мен 10-ға жуық елді араласам да, Астанадай тартымды қаланы көрмедім. Астана маған білім алуға, рухани дамуға, достарымды табуға, бақытты болуға көптеген мүмкіндіктер сыйлады. Сондықтан, осы қаланың өркендеуі үшін өсіру, әлемнің орталығы ретінде гүлденуіне атсалысу, ұрпақтан ұрпаққа асыл мұра ретінде қалдыру ізгі мақсатым деп білемін.

Елордаға тілейтінім – бір орында тоқтамай, Қазақстанның жастары үшін жетістікке апарар жол болып, осындай жылдам қарқынмен биікке өрлей берсін деймін!

Диас ИБРАЕВ, Астана қаласындағы

І.Есенберлин атындағы №67 гимназия түлегі, «Алтын белгі» иегері




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button