Мәдениет

Домбыра қадірін арттырайық



Елордадағы «Достық» үйінде «Домбыра мен күй өнері: бүгінгі ахуалы және болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға қатысқан өнер қайраткерлері мен филолог ғалымдар, профессорлар күйді – ұлт руханиятының көзі ретінде танытудағы жетістіктер мен мәселелерді ортаға салды. Астана қалалық Ішкі саясат басқармасының бастығы Дәурен Бабамұратов бірқатар өнер қайраткерлерін басқарма атынан Алғыс хатпен марапаттады.

Астана қалалық қоғамдық кеңесі, Астана қаласы Алматы ауданы әкімдігі, Қазақ ұлттық өнер университеті, «Күй анасы» республикалық қоры ұйымдас­тырған іс-шара мақсаты – қазақ халқының төл аспабы домбыраны және күй өнерін кеңінен насихаттау. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, күйші, ұстаз Айтжан Тоқтаған күй өнерінің бүгінгі ахуалы мен болашағы туралы айта келе, қазақта домбыра жасау әдісі Кеңес үкіметі кезінде бастапқы дәстүрлі түрінен біраз өзгеріске ұшырағанын, сол олқылықтың орнын толтыру қажеттігін алға тартты. Бұрын домбыра шертпе және төкпе күйлерді орындауға лайықталған «қалақ» және «қауақ» түрінде жасалатын. Алайда қазан төңкерісінен кейін «Жаңа мәдениет құру» саясатының салдарында домбыра жасау тәсілі айтарлықтай өзгерді.

– Ертеде домбыра тұтас ағаштан шауып жасалған. Шеберлер көбіне қураған немесе найзағай түсіп, күйік шалған қарағайларды таңдаған екен. Жасаған домбырасына қой немесе ешкінің ішегін тартқан. Соның арқасында домбыраның дыбысы төмен, үні обертондарға бай, қоңыр болған. Мұндай аспаптардың күңгірлеген үні киіз үйдің акустикасына сәйкес болған. Ал Кеңес үкіметі кезінде оркестрлер мен үйірмелер көптеп ашылып, домбыраны молынан  шығару керек болды. Сол қажеттілікті қамтамасыз ету үшін домбыра жасау ісі өндірістік жолға қойылды. Шеберлер домбыраларды жұқа тақтайшалардан құрастырып, оларға полимер материалынан жасалған жіңішке, яғни балық аулауға арналған «леска» ішек таға бастады. Концерттік зал акустикасына лайықтап істелген домбыралар үні расымен алысқа жететін болды. Алайда біз бұдан не ұттық? Ұтқан жеріміз – домбыра халық арасына жаппай тарады. Ал ұтылған жеріміз, ең алдымен, ол ұлтымыздың дыбыстық идеалын жоғалтумен байланысты, – деді А.Тоқтаған.

Дөңгелек үстел барысында «Күй – рухани жетілдірудің философиялық тұғырнамасы», «Дәстүрлі өнер иесінің тұлғалық қасиеттері мен музыкалық стилінің тұтастығы», «Күйтанымның кейбір әдіснамалық қырлары», «Домбыра жасау тәсілдерінің қазіргі кездегі ахуалы және болашағы», «Орта арнайы білім беретін оқу орындарында болашақ күйшілерді дайындау мәселелері», «Халық күйлерінің орындаушылық стилі мен ерекшелігі», «Жастардың күй өнеріне көзқарасы» деген тақырыптарда баяндамалар жасалды. Қорытындысында жиында айтылған мәселелер бойынша ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болды. Атап айт­қанда, ҚР Мәдениет туралы заңында домбыраға «Ұлттық аспап» мәртебесін беру, «Халық күйшісі» деген атақты белгілеу туралы Үкімет қаулысын енгізу жайы ұсынылды. Сонымен қатар халықаралық деңгейде «Dimash and dombra» әлемдік домбырашылар клубын құру, стандарттарға сәйкес домбыра жасайтын мемлекеттік өнеркәсіп ашу, жыл сайын «Домбыра шебері» республикалық байқауын ұйымдастыру, домбыра жасаушыларды аттестациядан өткізу жүйесін енгізу туралы да айтылды. Сондай-ақ «Мұрагер» домбыра тартып үйрету бағдарламасын мектептерде 1-6 сыныптарға енгізу туралы ұсыныстар болды. Ұйымдас­тырушылар Астана қаласы әкімдігінен ұлттық «Домбыра» орталығын ашуға ықпал етуді және елордадағы Дина Нұрпейісова ескерткішінің маңайына жастарға арналған жазғы сахна орнатып, күй ойнап тұратын субұрқақ салуды сұрады.

Жиын соңында Республика күніне орай Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының Алғыс хатымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, күйші Айтжан Тоқтаған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, күйші Орынбай Дүйсен, Қазақстанның мәдениет қайраткері, дирижер Нұрлан Бекенов, күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Анар Мұздаханова марапатталды.

 

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button