Мәдениет

Домбыра құдіретін дәріптеді



Елордадағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруы­мен «Ұлы даланың киелі мұрасы – ұлттық домбыра» атты шығармашылық кездесу өткізілді.

Шығармашылық кештің құрметті қонақтары ретінде шақырылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің профессоры, белгілі жыраушы Алмас Алматов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан серілерден бастау алған Арқа әншілік мектебінің жалғастырушы өкілі Ерлан Рысқали мен ұлттық аспапты жасаушы шебер әрі әнші Тельман Құжиманов жиналған қауымға жалпы өнер туралы, соның ішінде жыраулық дәстүр жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.
Алғашқы болып сөз алған А.Алматов ежелгі дәуірден қалыптасып бүгінге жеткен жыраулық дәстүр туралы әңгімеледі. Соның ішінде ол Орхон-Енисей кезеңін қамтып өтіп, ұлттық салт-дәстүрлермен сабақтасып жатқан жыраулық дәстүрдің бүгінгі жай-күйіне тоқталды. Сондай-ақ ол қазіргі кезде 550-ден аса жыраулық дастан бар екенін де атап өтті.
Елімізде ғана емес, шетелге есім-сойы танымал, Лондонда «Маңмаңгер» атты ән жинағын шығарған Е.Рысқали жыраулық дәс­түрдің ерекшелігіне тоқталып, оның қоршаған ортамен, табиғатпен байланысын
баяндап, Біржан салдың әнін орындап берді. Ал Тельман Құжиманов ұлттық аспапты әзірлеу әдісінің қыр-
сырын көпшілікке түсіндіріп, М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Қазағым-ай» әнін шырқады.
Бұл кеште «Қырғызстан-­Астана» қоғамдық бір­лес­тігінің өкілі Лариса Нұр­­ланқызы, «Жайхун» қара­қалпақ этномәдени
бірлестігі» қоғамдық бір­лестігінің өкілі Рахим Орын­ғалиев, Оқушылар сарайының «Голос» музыкалық студиясының жетекшісі Бронислав Бугинас, «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Диляра Кабидулина және «Акбузат» башқұрт этномәдени бірлестігінің өкілі
Жібек Кужахметова домбыра шанағынан жыр төгілтіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Әрі оларға шығармашылық кештің ілтипаты ретінде бәріне домбыра табыс етілді.
Әсерлі іс-шараны Нұр-­Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова қорытындылап, кеш қонақтарына естелік сыйлықтар табыстады.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button