Білім

Достыққа үндейтін іс-шара



Елордадағы №32 мектеп-гимназиясында 1-4, 5-7, 8-11 сынып оқушылары мен ата-­аналары арасында «Нағыз досыңның болғанын қаласаң – дос бол!» ұранымен «Досболlike: достық қолын ұсын» шарасы жүзеге асырылуда. Бір айлық акцияның мақсаты – мектеп ортасында жасампаз ұжымдық шығармашылық негізінде позитивті қатынастарды қалыптастыру үшін жағдай жасау. Жалпы алғанда бұл шараның мектептегі үштік одақ – мұғалім, оқушы, ата-ана үшін маңыз­дылығы өте зор.

Адам өміріндегі технология мен әлеуметтік желілердің дамыған кезеңінде қажетті уақытты тауып, өзгемен тілдесу, достық пен бірлікке ден қою – өте маңызды қасиет. Дос­тықтың адам өміріндегі мәні мен құндылығының маңыздылығы да сонда. Міне, сол қасиетті дәріптеу, тұлғаның бойында қалыптастыру, жетілдіру үшін осы шара өткізіліп жүр.

Шара барысында, әсіресе жоғары сынып оқушылары, оның ішінде «Адал ұрпақ» және «Өзін-өзі басқару» ұйым мүшелерінің белсенді түрде атсалысқанын ерекше атап өткен жөн. «Кішіге ізет» дегендей жоғары сынып оқушылары бастауыш сынып оқушыларының білім алуға деген қызығушылығын арттыра түсті, олар үй тапсырмасын орындау мен қайталау жұмыстарын бірлесе отырып өткізді. Ата-аналармен «Спорт – денсаулық кепілі» тақырыбында жарыстар ұйымдастырылды. Білім алушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында кітапханашылар оқушыларды көркем әдебиет оқуға үндеп, кітапты оқу техникасымен таныстырды. «Адалдық дүкені» ұйымдастырылып, «Адал ұрпақ» ұйымының мүшелері оқушыларға адал, досқа жанашыр болуға үйретті.

Мектепте еңбек ететін маман иелерінің еңбегін бағалай білу де – тәрбиенің бір бөлігі. Осы орайда, «Еңбегіңізге рақмет!» жобасы аясында оқушылар мектеп күзетшісі, пән мұғалімдері, дәрігерлік қызметкерлер, асхана қызметкерлерінің еңбегін бағалап, достық хаттарын ұсынды.

Тәлімгерлер оқу ордасында алғаш еңбек жолын бастаған жас мамандарға да осы акция барысында үйрету-қолдау семинарларын, дәрістерін өткізді, бағыт-бағдар берді.

Аталған іс-шаралар, ең алдымен, оқушыларды бір-біріне деген сенім мен мейірімділік, бауырмалдылық пен досына қол ұшын беру, көмектесу деген тәрізді ізгі қасиеттерді үйренді, сондай-ақ үлкенді сыйлай білу, еңбегін қадірлей білу деген жақсы амалдарға ұмтылды. Акция ту еткен игі істер оқу ордасында алдағы уақытта да жалғасады.

Абай өзінің өлеңінде «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең – істің бәрі бос…» деп елді бірлікке, ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырғанындай, мектеп оқушыларының достыққа, адамгершілікке ұмтылысы, игі қадамы қуантады.

 Қымбат ЗЕЙНЕЛОВА,

№32 мектеп-гимназиясы

директорының орынбасары




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button