Басты ақпаратҚоғам

Тәуіптік табыс көзіне айналды ма?

Құмалақ ашып, жауырын қарайтын, қамшымен аластап, қара қойдың қанымен емдейтін көріпкел, тәуіптер қай заманда да болған. Тіпті кешегі одақ ыдырап, «балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтін кезеңде де адамдар шоғырланатын жерде құмалақшылар мен карта ашатындардың қаз-қатар тізіліп отыратынын талай көргенбіз.

Сұранысқа – ұсыныс

Келе-келе олар «жолыңды ашып беремін, дуаны кетіремін, сүйгеніңмен қауыштырамын» деген сияқты хабарландыруды үйдің кіреберісіндегі тақталарға іліп, әлеуметтік желілерге жүктейтін болды. Енді олар «болашағыңды болжаймын, дертіңе шипа дарытамын, сырқатыңнан құлан-таза айықтырамын, бизнесіңнің жолын ашып беремін» деп жарнамалап, түп-түгел онлайн қызметіне көшіп алыпты.

Жасыратыны жоқ, болашағын білгісі келіп, олардың осындай қызметіне жүгінетіндер қатары да аз емес. «Сұраныс ұсыныс туғызады» деген сөз бекер айтылмаған ғой.

«Адамдар неге жолыңды ашамын, бойыңдағы кеселіңді жоямын» дейтіндерге сенеді? Тіпті кейбірі айшылық алыс жерлерден оларға барып, ем-дом алу үшін неге кезекке тұрады?» деген сауалды біз психолог-дәрігер Бекболат Әлімжановқа қойдық.

Кейінгі кезде тылсым қызмет түрлері де іргесін кеңге сала бастады. Көріпкелдер мен тәуіптер өздері сайт ашып, әлеуметтік желілерді оңды-солды пайдалануда. Тіпті осы бағыттағы тәжірибелері мен мүмкіндіктерін көрсететін дипломдары мен сертификаттарын салып, адамдардан алған алғыстарын да қоса жариялайды

– Бұл енді бүгінгі таңдағы үлкен мәселенің біріне айналып отыр. Әрине, адамдардың сеніміне шек келтіре алмаймыз. Дегенмен, ақылға сыймайтын нәрселерге бой ұрып, соған ұю деген біздің қоғамның болмысын да көрсете ме деген ойға қаламын. Тіпті діннің өзінде Аллаға серік қосу ең үлкен күнә екені айтылған. Ал олар балгер-тәуіптерді жағалап, қолындағы барын беріп жүр. Одан бір нәтиже болып жатса, құба-құп қой. Ауруларын асқындырып, жандарын қинағаннан басқа табатын пайдалары болмай қалады.

Рас, кейбір адамдарда туабітті айырықша қасиет болатынын мойындаймыз. Бірақ ол кез келген дертті емдейді деген сөз емес. Мәселен, адамның он екі мүшесі сүйегінің құрылысы мен болмысын білетін сынықшылар болады. Олар тек сынықты салады, жүйке не жүрек ауруларын емдей алмайды. Алайда «адам аласы – ішінде» дегендей кейбір алақол адамдар заманға қарай бейімделіп, осындай аздаған қабілет-қарымын бизнеске айналдырады. Алаяқтық жолмен адамдардың сеніміне кіреді. Өздеріне жарнамашы жақтас тауып «бәлен жерде керемет емші бар, кез келген дертіңе шипа дарытады» деп жан-жаққа таратады. Әлеуметтік желілерде арнаулы пікір-лебіздер ұйымдас­тырады. Міне, соған көпшілік сеніп қалады.

Кейінгі кезде тылсым қыз­мет түрлері де іргесін кеңге сала бастады. Көріпкелдер мен тәуіптер өздері сайт ашып, әлеу­меттік желілерді оңды-солды пайдалануда. Тіпті осы бағыттағы тәжірибелері мен мүмкіндіктерін көрсететін дипломдары мен сертификаттарын салып, адамдардан алған алғыстарын да қоса жариялайды.

Мен сізге бір қызық айтайын. Жақында ғаламторды қарап отырсам, «тылсым күш иелерінің» мынадай ұсыныстарын оқып, жағамды ұстадым. Мәселен, «Махаббат тылсымы» деген бөлімінде «күйеуіңізді тоқалдан құтқарамын» деп жазып қойыпты. Оны айтасыз, тағы бір жерінде арбаушылар «еш кептеліске түспейтіндей, жолыңызды ашамын» деп өзінің қызмет бағасын да көрсетіп қойыпты. Ал енді осыған сенуге бола ма?

Аңқау елге – арамза молда

 Ғаламторда бал ашушы тәуіптердің бірнеше деңгейі бар екен. Байқап отырсақ, олардың қолынан келмейтіні жоқ. Пластикалық отасыз-ақ бет-келбетіңізді өзгертіп, үй-жайыңызды қалаған бағаға сатып беру, қызмет бабында өсіру, сізден теріс айналып кеткен ғашығыңыздың «жүрегін жаулау» ақысын төлесеңіз, оларға түк емес екен.

Астана қаласының тұрғыны Ерсағын Тапашов мұндай «болашақты болжаушылардың» көзіңді бақырайтып қойып айтатын өтіріктеріне қанық екенін айтады. «Бұлардың өз тарифтері бар. Таро картасымен бал ашу 6 мың теңге болса, кофе қоюымен тағдырыңды таразылау 6-10 мың теңге деп көрсетілген.

Оны айтасыз, тіпті елімізге Қырым мен Алтайдан, Түмен мен Санкт-Петербордан келіп, «қонақтап жатқан» «Экстрасенстар шайқасының» жеңімпаздары да бар екен. Олардың жеке қабылдауы 150-180 мың теңге болса, мойныңызға оқып, дербес тұмар тағып беруі қалтаңызға қосымша 50-60 мың теңге көлемінде салмақ түсіреді.

Мұндай тылсымдар құпиясына, әсіресе, әйелдер көбірек мойынсұнатыны анық байқалады. Осындай тәуіптерге сабын, сусабын, жақпамай, моншақ, сақина, тағы да басқа жеке дүниелерін апарып, «оқытып алып» «емделіп» жүргендер жетіп артылады.

Елорда тұрғыны өзінің көршісінің басынан кешкен оқиғасын айтып берді. Қырық төрт жасар келіншек құрбысының желеуімен басы ауырып, ішкен асын бойына сіңіре алмай жүргесін осы қаладағы бір тәуіпке барады. Балгер бетіне қарап отырып, «сізге көз тиген, оған қоса ішіңізде жара бар» деп бір шошытса, «Алтайдың алтын тамыр шөбінен өзім әзірледім» деп бірнеше шырын мен бальзам береді. Әрине, оның барлығы қыруар ақша болатын. Дегенмен, бір шипасы бола ма деп келіншек «балгердің» айтқанын істей береді. Сөйтіп, ұзын-ырғасы бір жылда оның «дәрісіне» бір миллион жарым ақшасын жұмсайды. Бірақ нәтиже бола қоймайды. Сосын амал жоқ, дәрігерге қаралып, сырқатына талдау жасатса, ішінде ешқандай жара жоқ екен. Басының ауруы – қан қысымының төмендігінен де, ішкен асын сіңіре алмауы – асқазанның бүрі кете бастағаннан болып шығыпты.

Тағы бір мысал, Түркістан облысында молда бір келіншекті қамшымен емдеймін деп қабыр­ғасын сындырып алған. Сөйтсе, күнде «ішіңе жын кіріп кеткен, соны шығару керек» деп көкала қойдай қылып сабайды екен. Айта берсе мұндай мысалдар жетіп артылады.

Оларға тоқтау бола ма?

Адамдар бал ашушылар мен тәуіптерге неге жүгінетіні туралы медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Гүлзира Аймақова былай деп түсіндіреді: «Қазір заман күрделі. Әсіресе, ауыл адамдарына ауырлық тауқыметі көбірек түсіңкіреп жүр. Жұмыссыздық, бағаның тұрақсыздығы, әркімнің басында кем дегенде бір-екі несиесі бар дегендей… Осындай кезеңде адамдар жиі күйгелектікке ұшырайды. Басына түскен тұрмыс қиындығынан шығар жол іздеп аласұрады. Міне, осы сәтте жүйкесі де сыр береді. Сондықтан «қиындықтан шығарамын, жолыңды ашамын, көмектесемін» деген сияқты сөздер айтқан адамдарға арқа сүйегісі келеді. Олардан қолдау күтеді. Демеу бола ма деп үміттенеді. Мұндай адамдардың емшілер мен экстрасенстардың қақпанына тез түсіп қалуына әлеуметтік желілердің де ықпалы зор.

Біз бала кезден «халықтық ем» деген сөзді жиі естиміз. Талай рет бүлдіршіндерді әжелері мен аталарының «үшкіріп», немесе құлап қалған баланы «ұшықтап» жатқанын көрген боларсыз. Осындай жайлар көбіне адамды қаршадайдан тылсым күшке сенуге әсер етеді» дейді психолог.

Әрине, польшалық режиссер Ежи Гофманның «Тәуіп» (Знахарь) фильміндегі аса талантты хирург Рафаль Вильчур сияқты адамдар өмірде жоқ емес, бар. Алайда олар өте аз. Бірақ мұндай дарынды адамдар ешқашан халықты алдамайды. Ал бүгінде әлеуметтік желінің тікелей эфирінде отырып, каспиіне ақша салсаң, болашағыңды онлайн болжап беретіндер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Әрі оларды тергеп-тексеріп, «бұл қалай?» деп жатқан ешкім де жоқ. Соны пайдаланып, қалтасының қамын ойлаған иненің көзінен өткен қулар онлайн жолмен табыс табуды кәсіпке айналдырып алған. Бұны құзырлы органдар назарға алмаса, тәртіпке салмаса, олардың жақын арада тоқтайтын түрі көрінбейді.

 

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button