Жаңалықтар

ДҮЛДҮЛ ДИМАШ ТҰҢҒЫШ РЕТ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КОНЦЕРТІН ӨТКІЗДІ



Төрткүл дүниені төрінде тоғыстырған ЭКСПО көрмесі астаналықтар мен оның қонақтары үшін Димаштай әнші ұлдарының керемет концертімен де есте қалатын болды. Аз ғана уақыт бұрын өнердегі кеңістікте шекара болмайтынын өзінің дара дарынымен, тума талантымен дәлелдеп, миллиардтарды мойындатқан Димаш Құдайбергеновтің өнерін тамашалау үшін «Астана аренаға» 30 мыңнан астам көрермен жиналды.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің әншіге деген жүрекжарды лебізін білдіріп, Димаштың жеңісін әлем алдындағы қазақтың табысына балады.
Шоу-концерт бес бөлімнен тұрды. Нәп-нәзік жүрегінің сырын өнердің мейрамына айналдыра білетін әнші жеке шығармашылық концертіне барын салып дайындалыпты. Көрермендер алдында әртүрлі образда өнер көрсетіп қана қоймай, барлық әндерін тек жанды дауыста орындаған Димаштың жанкешті өнеріне сүйсінбеген көрермен қалмады. Халық әні «Дайдидауды» орындамас бұрын, өзі сахнада жүз домбырашымен бірге күй ойнады. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерінде де ән салды. Олардың арасында әлемдегі жанкүйерлері сүйіп тыңдайтын «SOS d’un terrien en détress», «All by myself» сынды әндері бар. Қазақтың ғана емес, әлемнің сүйікті әншісіне айналып үлгерген Димаштың «Бастау» атты концертіне шетелден, соның ішінде Қытай, Ресей, Украина, АҚШ және Еуропадан жүздеген конақ келді. Димашпен бірге сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы, Қытайдың белгілі әншісі Терри Лин, «Евровидение-2012» жеңімпазы Лорин (Швеция), Ұлыбритания әншісі Софи Элис Бекстор және ресейлік орындаушы Кристина Орбакайте өнер көрсетті.
Димаш өзгелердің ығына жығылмай, өз ұлтының намысын биік ұстай білетін ерекше қасиетін бұл сахнаның төрінде де көрсетті. Әлемнің әр елінен келген қонақтар оның алғыс, құрметін тек қазақ тілінде алды.
Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған бір топ өнер жанашырлары да концертті көріп, қолдау білдірді.
«Менің бүгін арманым орындалды. Бұл арманымды орындауға сіздер үлес қостыңыздар!» деген Димаштың концерті көптің көңілінен шығып, талайдың таңдайында кетті.

Гүлжан РАХМАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button