Әлеумет

Егіз чемпиондардың анасы



«Алып анадан туады» демекші, батыр ұлдарды дүниеге әкелген алтын құрсақ аналар бүгінгі заманда да көп. Олардың ерлігі – талай байрақты бәсекеде ел намысын көтеріп, тәуелсіз Қазақстанның даңқын шығарып жүрген мықты ұрпақты тәрбиелеуде. Сондай бір емес, егіз әлем чемпиондары елордалық Айбек пен Нұрбек Оралбаев болса, оларды өмірге әкелген анасы – Гүлнәр Тілеуқұлова.

Әуесқой бокстан халықаралық және ұлттық турнирлердің жеңімпаздары, 24 жастағы егіздер Айбек пен Нұрбектің жүлде қоржынында ел ішіндегі ғана емес, талай шетелде өткен жарыстардың алтыны бар. 80 және 92 келіге дейінгі ауыр салмақ дәрежесі бойынша боксшылар өмірінде 400 рет шыққан жекпе-жектің 300-ден астамында қарсыласынан басым түскен. Айбек – бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, 2022 жылғы Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше мәрте және Жастар олимпиада ойындарының чемпионы, 2018 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ал оның сыңары Нұрбек – ҚР халықаралық кластағы спорт шебері, 2023 жылғы әлем чемпионы, 2022 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Осындай ұлдарды дүниеге әкеліп, тәрбие­леген Гүлнәр ана мұның бәрі егіздердің әкесінен қанмен де, тәрбиемен де берілгенін айтады. Себебі чемпиондардың әкесі Рахат кезінде Жамбылда тұрғанда еркін күрестен тренер болған. Тұңғыш ұлдарын 4-5 жасынан бастап жұмысына үнемі алып кетіп, содан егіздер көз ашқаннан жекпе-жекті көріп өсіпті.

– Кішкентайынан жекпе-­жекті көріп өскен, тек жеңісті ғана ойлайтын балалар болды. Екеуі 2-сыныпта жүргенде Астанаға отбасымызбен көшіп келдік. Содан әкесі екеуміз күреске берейік деп спорт мектебіне барсақ, тек бокс қана бар екен. Асқар Еркебаев ағайы балалардың қарымын байқап, әзірге боксқа бере тұрыңыз деп, содан өз тәрбие­сіне алды. Үйдің қасына тиіп тұрған тегін үйірме болса да, кейде суықта апаруға ерініп қалатын кездер болатын, сонда қоярда-қоймай балаларды алдыртқан ағайының еңбегі зор. Екі жыл қатысқан соң балаларды 7-сыныпта елордадағы Қажымұқан мектебінде орын болмай, Степногорскідегі спорт мектебіне түсірдік. Онда бірден қабылданды. Ал 10-11-сыныпта қайтадан Астанаға алдырып, палуан атамыз атындағы мектепті бітіріп шықты. Сол кезден бастап олардың түрлі жарыстағы жеңісі басталды. Бүгінде екеуі де Жамбылда жоғары оқу орнынан дене шынықтыру саласынан білім алып, тәмамдап жатыр. Нұрбектен 5 минут ерте туған Айбегіміз үйленіп, қазір бір немереміз бар. Бәріміз кезінде 10 жыл күтіп, бюджет қызметкері ретінде мектептен алған үш бөлмелі пәтерімізде бірге тұрамыз, – дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде Астанадағы №20 балабақшада шаруашылық меңгерушісі болып еңбек ететін Гүлнәр Тілеуқұлова – төрт ұлдың анасы. Егізден кейін тағы екі ұлы бар, үшіншісі Азамат білімге, кітапқа жақын, бүгінде оқуын тәмамдап, кәсіп ашқан. Мектепте оқитын, нағыз Астанада туған кенжесі Азат та боксқа барып жүр. Балаларды спортқа баулыған отағасы бүгінде жеке кәсіппен айналысады.

– Тұрмысқа ерте шықсам да, ештеңеден құр қалмадым, отбасылы және балалы бола жүріп, 3 оқудың дипломын алдым. Ата-енемізбен бірге тұрып, еншімізді бергенде, бірден бас қалаға тарттық. Басында 10 жылдай үй жалдап қиналсақ та, түбі жаман болмадық. Елорда біздің отбасымыз бен балаларымыз үшін құтты мекен болды. Екеуміз де педагогпыз, мінезіміз де сабырлы, Құдай өзі солай қосқан ғой, сондықтан балаларға ұрысып, ұрып, жекіп көрмеппіз. Ренжісіп қалсақ та, оңаша сөйлесеміз. Ұлдарымыз да тіл алғыш болып өсті, қатты бір ұрысатындай мінез көрсетпеді. Кішкентайынан егіздермен сәл нәрсені болса да ақылдасатынбыз. Әлі күнге сол, кез келген мәселені отбасымызбен жиналып, ақылмен шешеміз. Балалардың жақсы тәрбие алуы олардың бос уақытының болмауымен де байланысты шығар. Далада бала болып ойнамады екеуі. Тек үйірмеге тасыдық. Еркелетіп, бетімен жібермедік, – деп тәрбиесінің құпиясымен бөлісті Гүлнәр ана.

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button