Денсаулық

Сирек ауруды емдеудің тиімді әдісін тапты

Елорданың №1 көпсалалы қалалық ауруханасында сирек кездесетін Меньер ауруын емдеу бойынша 2019 жылдан бері 30-дан астам ­бірегей ота сәтті жүргізілді. Меньер – кенеттен бас айналу, жүрек айну, құсу және есту қабілетінің жоғалуы арқылы белгі беретін құлақтың ішкі жағының ауруы. Өте сирек кездесетін дерт болса да, белгілері қатты әлсіретіп, ауырғанда адам төзгісіз етеді. Жақында оны емдеудің тиімді тәсілдері арқылы тағы бір ота жасалды.

Бұл ауруды француз дәрігері Проспер Меньер зерттеген. Бас айналып, бас ұстамасының қайталануымен, зақымданған құлақ ішіндегі шудың кесірінен есту қабілетінің бірден төмендеуімен пайда болатын ішкі құлақтың ауруы көбіне 30-50 жас аралығындағы адамдарда көп кездеседі. Бұл ауруға басынан жарақат алған, құлағы жарақаттаған немесе суық тигізген адамдар жиі ұшырайды. Бастың айналуы, бас ұстамасының қайталана беруінен науқас тіпті жүре де, отыра да алмай қалады. Сондай кезде науқасты жатқызып, аяқ-қолын жылы ұстау қажет. Жүрек айну, құсу, тершеңдік, қан қысымының төмендеуі – аурудың алғашқы белгілері. Дер кезінде ем қабылдамаса, бұл дерт кереңдікке әкеліп соғады.

Аурудың этиологиясы белгісіз, медициналық қауымдас­тық Меньер ауруының пайда болуына байланысты бірнеше теория айтады. Бүгінге дейін Қазақстанда ауру тек амбулаториялық жағдайда емделді. Бірінші ота 2019 жылдың тамыз айында Астанадағы №1 қалалық аурухананың қабыр­ғасында жасалды. Осындай диагнозы бар және алғаш ота жасалған науқас жылдар бойы аурудың белгілерінен зардап шегіп келген. Уақыт өте келе ол тұрақты, созылмалы түрге айналған ұстамасын азайтсам деген үмітпен неврологиялық, оториноларингологиялық амбулаториялық емге жүгінеді.

– Жасалған отадан кейін үш сағат өткенде біз науқастың жанына бардық. Ол, ең алдымен, бас айналуы біраз қойғанын айтты. Келесі күні науқас өздігінен орнынан тұрып, екі күннен кейін палатада жүре алатын болды. Бұл күндері ол – өмір сапасын қалпына келтірген белсенді адам. Отаға дейін үнемі басы айнала бергеннің кесірінен өздігінен қозғала алмайтын жағдайда болғанын ескерсек, оның отадан кейін өзі жүре алуы керемет нәтиже деуге болады, – дейді Астана медицина университеті лор аурулары кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Әділ Мұстафин.

2024 жылдың 12 ақпанында Меньер ауруы бойынша тағы бір ота жасалды. Меруерт деген науқасқа бірнеше жыл бұрын осы диагноз қойылып, ұзақ уақыт бойына консервативті терапия алса да, емі оң нәтиже бермеген. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай ауруларды емдеу консервативті әдістерден басталады, ота бірден жасалмайды, өйткені бұл өте күрделі, қаупі басым отаға жатады.

– 7 жыл бойы құлағымнан шуыл кетпей, бұл ауру мені әбден мазалады. Жүрсем болды құлайтынмын, жүрегім айнып, құса беретінмін. Осы аурудан есту қабілетім төмендеп кетті. Мені емханадан «госпитализация бюросы» порталы арқылы ауруханаға жіберді. Отадан кейін өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін, айналамды жақсы түйсініп, тіршілікті бағамдауда айқындық пайда болды, – дейді Меруерт.

Ота Астана қаласындағы №1 ауруханада лор орталығының ординатор-дәрігері Дина Әбілтаеваның қатысуымен жасалды. Дәрігерлер құлақтың ішкі жағындағы қысымды төмендету мақсатында дренаж орната отырып, эндолимфа қапшығын ашты және дренаждау процесін жүргізді. Келесі күні науқастың жағдайы едәуір жақсарғаны байқалған. Бұл ота да науқасқа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін жасалды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button