Басты ақпаратРуханият

Отбасы құндылығы неде?

Бүгінде қазақ қоғамында «азаматтық неке» деген түсінік ешкімді таңғалдырмайтын болды. Ұзақ жыл бірге тұрып, жасы 35-тен асқанда, ортада 2-3 бала болғанда ғана заңды некеге отырып жатқандар жетіп артылады. Мұны олар «бұл – бір-бірімізді әбден сынап барып, ақыл тоқтатқан соң қабылданған шешім» деп түсіндіреді.

Сүрбойдақтық сән емес

Елімізде бірін-бірі ұнатқан екі жас 18 жастан заңды некеге тұра алады. Алайда өмір болған соң кейбір айрықша жағдайларда (жүкті болып қалу немесе ата-аналардың келісімі бойынша сот шешімімен) қыз балаға 16-17 жастан да тұрмыс құруға рұқсат беріледі. Әрине, шаңырақ көтеру – жігіттің тек жеке басының ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігін еселей түсетін ең маңызды қадам. Сондықтан қазақ «үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекерден-бекер айтпаған.

Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасырдың басында бізде де Орталық Азия елдеріндей «он үште отау иесі» деп 13-14 жастан үйлендіру үрдісі болған. Этнограф Нұртаза Мәлік бұл туралы өзінің әлеуметтік парақшасында былай деп жазады:

«Қазақта «бесік құда» деген де болған. Бірін-бірі жақсы білетін әулеттер қызы мен ұлы дүниеге келгенде «бесік құда болайық» деп уәделесіп, төс қағыстырып, құйрық-бауыр жес­кен де замандар өтті. Ол кезде олар «уәде – Құдай сөзі» дегенді берік ұстанған. Перзенттерін бұлай ерте атастыру балаларының болашағы мен отбасы беріктігін ойлаудан туған ізгі ниет болса керек. Алайда мұны кешегі кеңес жүйесі қолдамады. Қолдамауы былай тұрсын, қудалады. Зерттеу көрсетіп отырғандай, өткен ғасырдың 80-жылдарында жастардың шаңырақ көтеруі 20-23 жасқа, ал 2000 жылдары 25-27 жасқа, бүгінде 30-35 жасқа дейін өсіп отыр. Бұл, біздіңше, заман тудыр­ған тұрмыс қиыншылығының әсерінен болуы керек. Осыдан келіп сүрбойдақтар немесе бір-біріне еш жауапкершілік жүктемейтін «азаматтық неке» деген де көбейіп отыр».

Қазақ қоғамында бұрын әйел отбасы – ошақ қасының ­ұйытқысы, тірегі саналған, ал ер адам шаңырақтың асырау­шысы, қорғаны боп танылған. Бүгінде «гендерлік саясат» ­дегенді желеу етіп, әйел де ­еркектен бір кем емес, еңбек етіп, тәуелсіз болуға ұмтылады

Астана қаласының тұрғыны, тәжірибелі дәрігер Айдана Жүнісбек осы айтылған жайларды, яғни жастардың отбасын құруға асықпайтынын, тіпті кейбірінің 35 жастан асса да, сүрбойдақ болып жүре беретінін қазақстандықтардың өмір сүру жасының ұзарғанымен байланыстырады.

«Статистика мәліметіне назар аударсақ, 2022 жылы ел тұрғындарының орташа өмір сүру жасы 74,4-ке көтерілді. Бұл сан 2000 жылдары 66 жас болатын. Біреулер «адам жасы ұзақтығының отбасын құруға қандай қатысы бар?» деп ой­лауы мүмкін, мен сізге айтайын, тікелей қатысы бар. Ғылым мен техника қарыштап дамыған кезеңде жастардың білім алуға деген құлшынысы артады. Қазір оқимын дегендерге өркениетті шетелдерде кеңінен есік ашылды. Сондай-ақ біздің елде жастар ұғымы да 29-дан 35 жасқа де­йін өзгерді. Міне, осы бағытта көзқарасы қалыптасқан бозбала немесе бойжеткен ойға алған мақсатын жүзеге асырмайынша, некелескісі келмейді. «Сананы тұрмыс билейді» деген – осы. Білім алу, жақсы жұмыс табу, қызметте өсу, үйлі-күйлі болу, сосын барып некелесуі мүмкін. Әрі мұны менің жеке пікірім деп ойламаңыздар. Бұл – бүгін таңда қоғамда қалыптасып отырған ақиқат» дейді ол.

Құптарлық бастама

Қазақ қоғамында бұрын әйел отбасы – ошақ қасының ұйытқысы, тірегі саналған, ал ер адам шаңырақтың асыраушысы, қорғаны боп танылған. Бүгінде «гендерлік саясат» дегенді желеу етіп, әйел де еркектен бір кем емес, еңбек етіп, тәуелсіз болуға ұмтылады. Әрі бұл тұста нәзік жандар өздерінің қабілетін шыңдап та жүр. Сарапшылардың пікірінше, жігіттердің ерте үйленуге деген құлшынысын төмендетіп жүрген үрдістің бірі осы тәрізді. Оқып, жетіліп, көңілі қалаған жұмысқа орналасқан қыз енді өзінен бір саты жоғары тұрған, оқыған, қаржы жағынан тәуелсіз, қызметі жоғары «ханзаданы» іздейді. Жігіт те тап сондай, тек өзінен екі-үш жас кіші «ханшайымын» табуға ынталы. «Іздеген жетер мұратқа». Тапты – қосылды. Бірақ алдан тағы жаңа күрмеулі қиындықтар шықты: ата-ана, жақын-жуық, ағайын-туыспен тіл табысу, барған ортаға «тастай батып, судай сіңу» мәселесі. Міне, осындай алғашқы сынақтан көп жас отбасы өте алмауда.

Қазір жастардың кеш үйленуінің бір себебі – ата-анасына тәуелді болғысы келмеуінде. Келінді шаңырағына түсіріп, қаржылай көмектесіп отырған соң, оның ата-енесі оларға ақыл айтпай, байқаған кемшілігін көрсетпей тұра алмайды. Ол келінге ұнай ма, ұнамайды. Содан келіп кикілжің туады. Ортада түсіністік болмаса, соңы насырға шабуы әбден мүмкін.

Өткен жылғы статистика мәліметі бойынша еліміз айырылысу жағынан көрсеткіші ең жоғары мемлекеттер қатарында екен. Орта есеппен республикада жылына 140 мың неке қиылса, соның 40-50 мыңы екіге айырылатын көрінеді. Себеп ішкі және сыртқы факторлар: ата-ананың араласуы, қаражаттың жетіспеуі, мінездердің үйлеспеуі, т. б.

«Жақында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева­ның қазақстандық жастарға некеге тұрардың алдында бір айлық курстан өтіп, психологтардан кеңес алып, «Бақытты қазақстандық отбасы» атты шағын нұсқамалықты оқыту керектігін айтуы көңілге қонады. Онда, негізінен, екі жастың жұбы жазылмауы үшін ұлттық салт-дәстүр мен отбасы құндылығын қалай дәріптеу керектігі жан-жақты айтылған. Тіпті жас жұбайларға арнап электрондық үкімет жүйесінде бейнебаян түрінде шығаруды да ұсынуы құба-құп. Тек енді бұл бастама нақты жүзеге асады деп сенеміз» дейді демограф Ағайша Нұрышева.

Расында, екі жасқа байланыс­ты айтылатын пікірлердің бірі – отбасын құруға қыз бен жігіттің дайындықсыз келетіні. Бұған дейін ата-анасының көзінің ағы мен қарасы болған бойжеткен енді басқа ортаға келгенде өзін қалай ұстауы керек, нені көкейі­не түйіп, нені «елемеуі» қажет? Келін өзі түскен үйдің адам­дарымен мінезі, ойы, көзқарасы мейлінше ыңғайласатындай әрекеттерге талпынғаны жөн. Міне, осы мәселеде жоғарыда айтылған некеге тұрар алдындағы психологтың көмегі әбден қажет болуы мүмкін. Бұл осы мақсатта ойластырылған игі қадам деп түсінеміз.

Жұбымыз жазылмасын десеңіз…

Бұрын отбасы құндылығы келіннің енені сыйлауы мен қайын іні, қайын сіңлілеріне бауырмалдығы, ізеттігі, атасының алдын кесіп өтпейтін ибалылығы тұрғысында бағаланатын. Сексенді еңсеріп қалған Жәміш әже айтқан бір әңгімедегі «күйеуіміздің қас-қабағына қарап, жұмысқа кетерде шайын беріп, киімін әзірлеп, тап-тұйнақтай қылып жіберетін едік. Содан кем болған жоқпыз» деген сөзді қазіргі келіндерге айта алмайсың. Тіпті олар бір-бірін жете түсініп, мінезін біліп алғанша ниетін заңды түрде растамай, бірге өмір сүруді өмір салтына, керек болса, заман сәніне айналдырып жібергендей. Дүниеге бала келеді, ол әйелдің тегін алады. Әкесі бар, бірақ заңдастырылмаған. Бұл қалай сонда? Осыны кейбір білгіштер «бұл – уақыт талабы. Отбасы бақыты бір қатырма қағазбен өлшенбейді. Бүгін айқайлатып той жасап, артынан айырылысып жатқандарға қарағанда мұның өзі «екі шоқып, бір қараудан» туған ойлы қадам» деп қолдап жүр.

«Біз бұған үзілді-кесілді қарсымыз. «Бір-бірімізді сыйлаймыз, арамызда махаббат бар» деп қанша бүркемелегенмен, «азаматтық неке» деген – жай ғана бірге тұрған адам. Кетіп қалса, өз еркі. Ешкімге ештеңе міндетті емес. Бір балаң тұрмақ, бес балаң болса да кейін бақыр тиын ала алмайсың. Мұндай отбасындағы ананың да, баланың да құқығы сақталмайды. Қазір өзіміз жиі естіп жүрген отбасындағы зорлық-зомбылық фактілері осындай отбасылардан шығып жатыр. Салт-дәстүрімізге жат мұндай келеңсіздікті түбегейлі тоқтату керек» дейді.

Жасыратыны жоқ, қазір қазақ қоғамында сүрбойдақтар да көп, азаматтық неке де азаймай отыр. Ал ажырасу жайы тіпті ойланарлық. Бұл енді жақын уақытта шешіле қалатын мәселе емес. Өйткені ел ішінде пікір алуандығы басым. Кейбір психолог-сарапшылар «жастар 25 жастан аспай үйленбеуі керек» дейді. Неге десеңіз, статистика бойынша көбіне «сәтсіз некеге» ұшырайтындар – 18 бен 25 жас аралығындағы жұп құрғандар. Бұл – бүгіннің статистикасы. Дегенмен отбасын сақтап қалуға, шаңырақты шайқалтпауға ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәрбие мен қазақы ғұрыптағы отбасы құндылығын дәріптеудің, оны кеңінен насихаттаудың тәлімдік те, тәмсілдік те, ғибраттық та үлгісі зор екені анық байқалады. Сондықтан жастар уақытында жұп болып, отбасын құруы керек. Ол – өмірдегі ең маңызды құндылық. Оның орнын ешкім де, ештеңе де алмастыра алмайды.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button