Әлеумет

Етікшінің арманы

Астанада етікшілік кәсіппен 30 жылдан бері айналысып, отбасын асырап жүрген Жанболат Мұсайбековтің арманы – ағылшын тілін жетік меңгеру. Тілді толық білген соң отбасымен шетелге, әсіресе Канадаға барып тұруды жоспарлауда. Сол мақсатта 3 жылдан бері өз бетінше ағылшын тілін үйреніп келеді. Бүгінде тіл білуі IELTS 4 деңгейіне жетіп қалған етікші отбасымен мұхит асып кетуді көздеп отыр.

Кеңес кезінде Омбы политехника институтында ауыр машина жасау саласындағы инженер-технолог мамандығын бітірген маман ақыры оқыған саласында жұмыс істеместен кетті. Бір жағы ол кезде бұл мамандық бойынша тек 3 зауыт қана болды әрі біреуге емес, өзіне-өзі жұмыс істегенді құп көрді. Ал қазір бұл кәсібіне әбден үйреніп алған. Елорданың А.Байтұрсынұлы көшесі бо­йындағы алақандай арнайы орынды айына 20-30 мың теңгеге жалдайды. Етіктің, сөмкенің жыртылған, тесілген жерін тігу, жамау, желімдеу, кілт көшірмесін жасау, қайшы, пышақ қайрау секілді жұмыстар бойынша 30-ға жуық тапсырыс қабылдап, күніне кем дегенде 10 мың, көп дегенде 25-30 мың теңгедей табыс табады. Осы табысымен ол екі қыз, бір ұлын асырап, бәрінің жоғары білім алуына көмектесіп отыр, балаларының алды отбасылы болып үлгерді, бір қызы Чехиядағы оқуын тәмамдамақ. Астанаға 2009 жылы Петропавл жақтағы Қызылту ауылынан көшіп келген. Бұл кәсіп, жүген, ер-тоқым жасайтын шеберлігі әкесінен дарыпты. Аптаның бес күнінде өзі шықса, демалыста жұмысын ұлына тапсырады. Оған да ата кәсібін үйретіп қойған. Босаған уақытында да, жұмыс істеп отырып та қазіргі басты арманы – ағылшын тілін үйренуге кірісіп кетеді.

– Тілді оқудағы басты мақсатым – біріншіден, миды жаттықтыру, адам қартайған сайын ми жалқаулана бастайды, адам содан тез қартайып, ерте алжиды. Сондықтан миды жаттықтырып, түрлі тапсырма беріп, жұмыс істету керек. Адамның бүкіл өмірлік ресурсы мида ғой. Сол үшін ағылшын тілін үйрене бастадым. Көбіне ауызша жағын меңгеремін. Ғаламтордағы түрлі сабақты, аудио, бейнебағдарламаны тыңдап, көру арқылы өз бетімше үйренемін. Телефон қосымшалары арқылы жаңа сөздер жаттаймын. Қолым қалт етсе тапсырмаларды орындаймын. Ақылы курс­тарға барғанмын. Бірақ былтыр Еуропаны аралағанда маған сол ақылы оқығанымның пайдасы тимеді. Польша, Чехия, Германияда жұмыс визасымен жүргенде тіл білудің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Кез келген елге тіл біліп барсаң, анағұрлым жеңіл әрі жалақысы жоғары жұмысқа тұруға болады. Ал тіл білмегендер қара жұмысқа жегіледі. Енді Канадаға келсек, ол жаққа тіпті тіл білмей бару мүмкін емес. Канада – нағыз өркениеттің отаны, сол елде тұру – көп адамның арманы. Балаларым жас кезінде сондай өркениетті көрсе екен, өз бойына тәрбие етіп сіңіріп алса екен деймін. Жеріне қарасаңыз дымы жоқ, бірақ тұрмысы қандай! Қазақстан байлықтың үстінде отырса да, халқының тұрмысы әлі де төмен, кейбір ауылдарда интернетті қоя тұрып, жарық пен су жоқ, – дейді Жанболат етікші.

Биыл өзі өтініш берген көші-қон қызметінің талабы бойынша ағылшын тілін білу деңгейін IELTS 5-ке жеткізсе, отбасымен Канадаға көшіп кетуге дайын отыр. Таң атқаннан күн батқанша сүйікті кәсібімен айналыса жүріп, жасы 60-қа таяп қалса да, алдына үлкен арман қоя білген кейіпкеріміз ерінбеген етікші ғана емес, ағылшын тілін де еркін меңгере алатынын дәлелдеп жүр.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button