Басты ақпаратЖаңалықтар

ЭКСПО-2017: баянды істің бір жылы



Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық және оны өткізу мәселелері жөнінде кеңес өтті. Кеңесте Премьер-министр Серік Ахметов, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров және «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияев атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.Нұрсұлтан Назарбаев Аста­наға бүкіләлемдік көрме өтетін алаң ретінде таңдау түскен кезден бастап бір жылдай уақыт өткенін, «ЭКСПО-2017» ха­лық­аралық көрмесіне дайын­дық барысын қарап, тір­­кеу мәлі­метін әзірлеп, өзге де ұйым­дас­ты­рушылық-құқық­тық мәсе­лелерді шешкен жөн екенін айтты.

Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қаржы­лан­дырудың өзге көздерін, соның ішінде корпоративті қатысушыларды – әлемдік деңгейдегі компанияларды тартудың маңыздылығын, мұның көрмеге дайындық жасау жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болуға тиіс екенін атап өтті. Бұған қоса, Қазақстан Президенті дәл осы «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында жаңа жоғары технологиялық әзірлемелер таныстырылымын өткізу қажеттігіне тоқталды.
Мемлекет басшысы инте­рнет­тегі, әлеуметтік ресурс­тар мен БАҚ-тағы тиім­ді әрі шығын аз жұмсалатын жар­на­ма есебінен алға қой­ған мін­детті орындауда ақпа­рат­­тық-имидждік жұмысты жүзеге асыруда жаңашыл қадамдар қажеттігіне назар аударды.
Кеңес барысында Премьер-министр көрмеге дайындық Мем­лекет басшы­сының тап­сыр­­масына және Ұлттық жос­­­парға сәйкес жүргізіліп жат­қа­нын баяндады, сондай-ақ, бар­лық атал­ған мәселе Үкімет пен Ұлт­тық ко­­миссияның ұдайы бақы­лауында екеніне тоқталды.
Қоршаған ортаны қорғау ми­нистрі көрменің жалпы ау­мағы 173 гектар болатынын және оған әртүрлі инфрақұ­рылымдық нысандар орналасатынын баяндады. Бұған қоса, көрменің аумағы Астананың орнықты энергетиканы дамыту жөнінде көшбасшы болуына мүмкіндік беретін үшінші индустриялық революцияны іс жүзіне асыратын әлемдегі бірінші ауданға айналмақ.
Кеңес соңында Мемлекет басшысы «Adrian Smath + Gordon Gill Architecture» компаниясы әзірлеген көрме кешенінің архитектуралық эскизін мақұлдады.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button