Басты ақпарат

Ел дамуының драйвері



Қазіргі таңда елор­да «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында дамып келеді. Жоба аясында бұрынғы ескі үйлердің орнына, көше бойларына шағын саябақтар салынып, ондағы ойын және спорт алаңдары қала тұр­ғындарының жиі баратын, бос уақытын тиімді пайдаланатын орындарына айналды.

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» жоспары жүзеге асырылғалы бері жаяу жүргіншілерге жағдай жасалып, полицентриализмге бағытталған тәсілдер енгізілді. Нәтижесінде, айналамызда жасыл алаңдар мен велосипед жолдарының саны көбейді, көпірлер мен қоғамдық кеңістіктердің қатары артты. Әу баста көзделгендей, осылайша бас шаһар шын мәнінде адамдар үшін жайлы қалаға, экологиясы таза әрі тұрақты, сондай-ақ тұрғындары белсенді өмір салтын жүргізетін салауатты шаһарға айналып келеді.

«Халық қатысатын  бюджет» жобасы

2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласының Урбанистика орталығы елорда әкімшілігімен бірлесіп «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарын құрды. Бұл әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы аясында жайлы, тұрақты және белсенді өмір салты бар сау қала құру мақсатында қолға алынған болатын. Жобаны жүзеге асыруға қалалық урбанистер белсене кірісті.

– Біз алдымен халықтың қажеттіліктерін анықтаймыз, өйткені барлық өркениетті елдердегі секілді ХХІ ғасырда қалалар дәл адамдар үшін жобалануы тиіс. Сол себептен азаматтарды тарта отырып, қоғамдық орындарды, аулаларды бірлесе жобалаймыз және елорда көшелерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге тұрғындармен бірге атсалысамыз. Бүгінгі таңда қала секторларға бөлінген және әлеуметтік инфрақұрылым да халықтың тығыздығына негізделіп жоспарланған. Бұл ретте біз мектептер, балабақшалар, емханалар және т.б. салу кезінде қадамдық қолжетімділік қағидатын ұстанамыз, – деді орталық жетекшісі Елнар Базыкен.

Расында да, қазір қала тұрғындарының қатысумен аулалар түбегейлі өзгертілуде. Жаяу жүргіншілерге арналған көшелер де көп. Серуендеушілер бұрын тым сирек болса, бүгінде олардың қатары күн санап өсіп келеді. Сайып келгенде, мұның бәрі «Халық қатысатын бюджет» жобасының жемісі екені шындық. Қазір адамдар өздері таңдау жасап, аулаларды қалауы бойынша өзгертуге қол жеткізуде.

Қала басшысының мәлімдеуінше, қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда 1,2 миллион адам тіркелген. Есептеу көрсеткіші бойынша 2030 жылға дейін елордалықтар саны екі миллионнан асады. Осыған орай, оларға тиісті жағдай жасау мақсатында шаһар басшылығы әр кварталда мектептер, балабақшалар, медициналық орталықтар, спорт нысандары, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктер мен инженерлік инфрақұрылым сияқты әлеуметтік нысандардың болуына ерекше басымдық беріп отыр.

Биыл осы жоба аясында қала тұрғындарының өтініштері мен қоғамдық кеңістіктердің қажет екендігін ескере отырып, Бараев көшесінде, Уәлиханов көшесінен Республика даңғылы бойы абаттандырылды. Былтыр 500-ге жуық аула абаттандырылса, алдағы уақытта тағы 200-ден астам қоғамдық кеңістік пен аула құрылады. Бұл жұмыстар елорданың барлық ауданын қамтыды.

Соңғы кезде Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаланы көгалдандыруға да баса назар аударылып келеді. Орталық жетекшісінің айтуынша, тек 2021 жылы елордада 1 миллионнан астам жасыл өсімдіктер: бұталар, ағаштар, көшеттер, жөке мен бозқараған бұталары отырғызылды. Ал «Астана Опера» театрының маңында 1000 бозқараған бұтасы мен 700 емен ағашы орналастырылды. Көгалдандыру жұмыстары осы жылы да жалғасып жатыр.

Қала көркі – қоғамдық кеңістіктер

Елордада қоғамдық кеңістіктер ашу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жаяу серуендеуге арналған Demalys Promenade және «Театр бульвары» құрылып, Сарайшық көшесінде жаңа арт-кеңістік пайда болды. Тағы да бір танымал, стритболдық аумақ, паблик-арт бар көпір асты кеңістік Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті маңында орналасқан. Таңертеңгі уақыттан кешке дейін сол жерде баскетбол ойнап жатқан жастарды немесе демалып отырған адамдарды кездестіруге болады. Бұл кеңістіктер қала тұрғындары үшін көрікті жерлерге айналды.

Бас шаһардың әкімшілік ғимараты алдындағы орталық алаңда қалалық сквер ашылды. Абылай хан даңғылы мен Манас көшесі қиылысында, нақтырақ айтсақ, «Встреча» сауда үйінің маңында салынған жаңа қоғамдық кеңістікте балалар ойын алаңы, көлеңкелі шатырлар, гүлзарлар жасалып, коммерциялық павильондар ретке келтірілді. Сондай-ақ асфальт жабындысы брусчаткаға ауыстырылып, автотұрақ орны оңтайландырылды, кедергісіз орта жасалды.

Алматы ауданындағы Момышұлы даңғылы мен Төлебаев көшесінің қиылысында орналасқан «Достық» саябағы қайта жаңғыртылды. Сонымен бірге, Бейбітшілік және келісім сарайы аумағында амфитеатр, қаланың оң жағалауындағы тағы бір жаяу жүргіншілер жолы, алдағы уақытта тағы жүзге жуық аула мен қоғамдық кеңістік салынды. Олардың барлығы қала тұрғындары үшін де, қала қонақтары үшін де тартымды орындарға айналды. Сондай-ақ елордада құтқарушылар, мұғалімдер, медицина қызметкерлерінің құрметіне жаңа саябақтар ашылды. Қоғамдық кеңістіктер мен аула аумақтарында баскетбол/футбол алаңдары, workout-аймақтар, демалысты тыныш орында өткізуге арналған аймақтар, әткеншектер, скейт-аймақтар және т.б. бой көтерді. Осылайша, елордада қараусыз қалған учаскелер мен батпақты жерлер саны айтарлықтай азайды. Олардың орындары қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды жерлермен толығып, тұрғындарды қуанышын еселей түсті.

Таза ауа – жанға дауа

Жұтқан ауамыз жұпар аңқысын десек, айналамызды таза ұстау­ға дағдыланып келеміз. Дәл осы қағиданы басшылыққа отырып, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы жақында кіші Талдыкөл аумағында игі іс-шара ұйымдастырды. Экологиялық акция аясында Сығанақ көшесінің бойына 300-ден астам жапырақты ағаш отырғызылды.

– Бірінші кезеңде 600 данадан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған. Бүгінгі таңда акция аясында 300-ден астам ағаш отырғызылды, олар ылғалға төзімді. Алдағы уақытта бұл шара жалғасын тауып, одан әрі көше жағынан ұсақ жапырақты қарағай отырғызылады, – деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының табиғат пайдалануды және құқықты реттеу саласындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінің бас маманы Уәлихан Қуанышев.

Акцияға қатысқан жүзден астам адамның арасында қала тұрғындары мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері және экоактивті белсенділер болды. Олар  су түбін лай және басқа да зиянды шөгінділерден тазартты. Елнар Базыкен жақын арада Талдыкөлде алғашқы аквапарк пайда болатынын, ол бүкіл халықты, сондай-ақ қала қонақтарын өзіне тартатын көрнекті орындардың біріне айналатынын атап өтті. Жоба бойынша қала билігі күнделікті демалыс аймақтары мен жайлы қалалық орта нысандарын табиғатқа барынша сәйкес келетіндей етіп біріктіруге тырысуда.

– Бүкіл әлемде урбанизация­ның өсу процесі байқалады. Бұл ретте көптеген ірі қалалар табиғи аумақтармен байланыста болады. Осыған орай, Талдыкөлде серуендеу аймақтары құрылатын болады. Халықаралық тәжірибе сулы-батпақты алқаптарды дамытудың және олардың базасында үлкен және кіші Талдыкөлде экопарктер құрудың орнықты стратегиясы үшін қолданылатынын атап өткен жөн. Қаладағы табиғат бұрышы қала тұрғындарының сүйікті орнына айналуы мүмкін. Аймақ аумағы шағын архитектуралық нысандармен, халық демалатын орындармен абаттандырылып, көгал шөптері егіліп, жасыл желектер отырғызылады, – деді орталық жетекшісі.

Қазіргі уақытта кіші Талдыкөлде су балансын сақтай және толықтыра отырып, рекреациялық аймақ құру бойынша жобалау­-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар, серуендеу инфрақұрылымы пайда болады: жағалаудағы сулы-батпақты жерлерде террассалық жағалау сақталады және флора мен фаунасы бар экоклимат үшін жағдай жасалады. Қысқасы, қала аумағы экологияның нашарлауына жол бермей, адамдарға ыңғайлы дамуда. «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарындың басты құндылығы да осы болса керек.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button