ЕЛ ЕНШІСІ ЕЛЕНСЕ ЕКЕН
Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында ел дамуын жеделдету, қоғамды мәдени және экономикалық тұрғыдан ілгерілету, кәсіптік біліктілікті арттыру секілді кейінге қалдыруға болмайтын маңызды мәселелер күн тәртібіне қойғанын бәріміз білеміз. Аталмыш мақаладағы тапқан жастар саясаты жайындағы тармақтар алдағы жаңғыртылу процесінен осы буынның да қағыс қалмайтынын білдіреді.
Бұл мақаладағы тапсырмалар Үкіметке біраз жұмыстар жүктеді. Біз соның ішінде жастарға қатысты деген тұстарын тәпсірлеп беруге тырысайық.
Елбасы әңгімені әріден – мектеп қабырғасындағы жастарға қатысты мәселеден бастаған болатын. Ол, талайдан тағдыры біржақты болмай келе жатқан, 9 жыл ішінде, талай жастың мезгілсіз өмір жібі үзілуіне де себепкер болған ұлттық бірыңғай тестілеу төңірегінде еді. Халық арасында алыпқашпа әңгіме көп тараған тақырыптың бірегейі де осы болар. Былай қарасаң, бір елдің Президенті мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс мәселелердің қатарында қарауға тұрарлықтай жөні жоқ секілді көрінгенімен ҰБТ-ның адал өткізілуі ең маңызды іс екендігі елге мәлім. Бұл мәселенің «ішкі кухнясын» Елбасымыздың зерттеп-зерделеп қарағандығына сіздер де куә болыңыздар. Мақаланың «әлеуметтік заңнамаларды жаңарту» бөлімінен алған дәйектемемізді алдарыңызға тартайық.
«Жыл сайын БАҚ-тар лауазымды адамдар тарапынан да, сондай-ақ, ҰБТ-ға қатысушылар тарапынан да бұзушылықтар орын алатыны туралы хабарлап жатады. Оның үстіне мәселенің өткірлігі тек күшейе түсуде.
Мұндай жағдайдың себептерінің бірі – тек министрлік белгілеген өткізу ережелері негізінде жүзеге асырылатын ҰБТ процедураларының әлсіз құқықтық реттелуінде.
Сонымен бір мезгілде, ҰБТ өткізу жөніндегі комиссия жұмысына кедергі жасағаны, тестілеу өткізуге оқушылардың ата-аналары, педагогтар, лауазымды адамдардың араласқаны, тестілеу кезінде емтихан тапсырушыларға көмектесу мақсатында байланыс құралдарын пайдаланғаны және т.б. үшін құқықтық жауапкершілік туралы ереже жоқ. Ал мұндай фактілер бар екені даусыз! Демек, мұндай жағдайды шешімді түрде түзету керек».
Ішкі заңымызды қадағалау органдарының әлсіздігінен туындап отырған жастарға қатысты мәселелердің тағы бірі тіптен көкейге қонымды. Қоғамда қалыпты жағдайға айналған істің бірі «өндірістік тәжірибеден өту» кезінде және жұмысқа орналасарда студенттер құқыларының сақталмауы. Бұл мәселені шешу міндеттеріне тоқтала келе Елбасы жағдайға былайша баға берді.
«Мәселен, Еңбек кодексінде жаңа қабылданған қызметкерлер үшін сынақ мерзімі туралы норма бар. Алайда, кейбір кезде ол ешбір қисынға сыймайтын жағдайға дейін жеткізіледі. Жоғары оқу орындарын бітірген жастар заңда белгіленген мерзім ішінде «сынақтан өтушілер» есебінде ешбір еңбекақысыз жұмыс істеп қана қоймай, сонымен бірге, оларды тіпті шамадан тыс жұмысқа салу жағдайлары да жиі кездесіп қалады.
Оның үстіне сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін 3-4 сынаққа алынушының біреуі ғана штатқа кіргізіліп, қалғандары шетке қағылады.
Әсіресе, мұндай берекесіз тірлікке мемлекеттік емес мекемелер мен жеке құрылымдар, соның ішінде ірі банктердің филиалдары көбірек барады.
Бұл дегеніміз біздің жастарымызды қанаудың бір түрі емес пе!
Бірақ мемлекеттік еңбек инспекциялары еңбек заңдылығын осылайша айқын бұзудың бірде-бір оқиғасын аша алмай отыр».
Білімді студенттер білікті маман ретінде ел болашағын қалыптастырады. Бірақ, мектеп бітірген түлектердің барлығы бірдей мамандық алмастан қоғамға жұмыс күші ретінде араласып кете барады. Кешегі өткен «Жас Отан» жастар қанатының екінші құрылтайында осы мәселе төңірегінде де сөз болды. Елбасы бұл мәселені шешу жолдарын нақтылады.
– Мен, Үкімет алдына орта мектепті бітірген әр қазақстандық мамандық алу мүмкіндігіне ие болу туралы міндет жүктеймін. Экономикаға орта буынды техникалық жұмысшылар слесарьлар, электриктер, механиктер және басқа мамандық иелері қажет. Индустрияландыру, бизнестің жол картасы жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қатысушы әрбір ірі кәсіпорын жастарды оқыту және жұмысқа орналастыру жөнінде квота белгілеуі тиіс. Өзге маңызды бағыт — мамандарды даярлаудағы қосар жүйе. Менің тапсырмам бойынша, бұл үлгі қазірдің өзінде «Қазақмыс» кәсіпорындарында, Дон кен-байыту комбинатында, Павлодар электролиз зауытында енгізілді. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры өз компанияларына қолдана бастады. Бүгінде 60-тан аса ел қосар жүйеде табысты жұмыс атқаруда.
Бұл — мектеп қабырғасынан жаңа шыққан жас түлектерді жарқын болашаққа бастар сара жол. Жаңғыртылым барысында жастар тарапына осындай жағдайлар жасалатыны мәлім. Ендігі кезекте Елбасы: «Бұл – ел болашағы үшін нөмірі бірінші мәселе» деп баға берген тағы бір проблеманы айта кеткеніміз жөн.
«Жаңа жұмыс орындары құрылуда. Бірақ, біз жұмыссыздардың барлығы бірдей жұмыс істеуге ұмтылмайтындығын да көріп отырмыз. Өкінішке қарай, адамдар арасында жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қалайтын психология сақталып отыр».
Мемлекетке таусылмас донор емес, қолтығыңнан демеп жіберетін әріптес ретінде қарауға шақырған бұл үндеудің берер мүмкіншіліктерін тиімді пайдалану енді ел еншісіндегі іс.
Ербол ЖАНАТ