Қала мен Сала

ЕЛБАСЫ МАҚАЛАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ



Астанада үкіметтік емес ұйымдар өкілдері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылады.

Заңды тұлғалар бірлестігінің кеңейтілген отырысында Елбасы мақаласының маңызы жөнінде мәнді ойлар айтылды. Мәселен, «Астананың КЕҰ ФОРУМЫ» ЗТБ президенті Баян Ахметжанова Мемлекет басшысының мақаласы қоғамға қозғау салғанын айтты. Өйткені бүгінде аталған мақаланы зиялы қауым өкілдерінен бастап жастарға дейін қолдап отыр. Ал «Жайна Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Еркетаев жастардың тәрбиесіне ерекше мән беру керек екенін ескертті. Себебі қазіргі таңда жастардың арман-тілегі мүлде басқа болып отыр.
– Біздің еліміздің ең басты мақсаты дамыған 30 елдің қатарына қосылып, алпауыт мемлекеттердің ортасынан ойып орын алу болып отыр. Алайда біз экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар, рухани жағынан да әлемде көшбасшы мемлекетке айналуымыз керек. Шыны керек, қазіргі таңда қоғамда екі түрлі процес қатар жүріп жатыр. Мәселен, егде азаматтар Кеңес өкіметін аңсаса, ал жастардың «кәсіпкер боламын» деген бір ғана мақсаты бар. Мен мектеп бітіруші түлектерден «Болашақта қандай маман иесі болғың келеді?» деп сұрасам, олар ойланбастан «прокурор, депутат, кәсіпкер боламын» деп жауап береді. Алайда ең маңызды мамандық болып саналатын мұғалім мен дәрігер болуға ешкімнің ықыласы жоқ. Егер болашағымызды ойлайтын болсақ, ұстаздар мен дәрігерлердің беделін көтеруіміз керек, – дейді ол.
Сондай-ақ, жиында «Астана қаласы азаматтық альянсы» ЗТБ президенті болып Арман Нұрғазин сайланды. Көпшілік қауым оған сенім білдіріп, алда атқаратын жұмыстарына сәттілік тіледі.

Серік
ЖОЛДАСБАЙ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button